Он сегіз балалы отбасына көмек көрсетіледі

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына арыз-шағымдарын арқалап келген тұрғындардың проблемаларын тыңдаған облыс әкімі Даниал Ахметов оларға қысқа мерзімде көмектесуге уәде берді.
Солардың бірі – семейлік Виктор Кандыбаның отбасында он сегіз бала бар. Көпбалалы әке облыс басшысынан микроавтобус пен үй салуға жер телімін алуға қол ұшын беруді өтінді.
51 жастағы Виктор мен жұбайы Ольганың 13 ұлы, 5 қызы бар. Балалардың кенжесі үште болса, тұңғыштары – 26 жаста. Виктордың өзі бұрын жиһаз жасаумен айналысыпты, қазір тұрмыстық техникаларды жөндейтін мастер. Ал әйелінің қолы үй шаруасы мен балалардың тәрбиесінен босамайды. Әкелерінің сөзіне қарағанда, бір баласы – омарташы, енді бірі – құрылысшы. Көпбалалы отбасының жүріп-тұруына көлік аса қажет. Баспана мәселесі де өзекті.
– Біз жекеменшік үйде тұрамыз. Балаларымыздың әрқайсысына пәтер әперуге жағдайымыз келмейді. Сол себепті жеке үй құрылысына жер телімін бөлсе деген өтінішіміз бар. Балаларымыз баспаналарын өздері салып алар еді, – дейді Виктор Кандыба.
Аймақ басшысы көпбалалы әке Виктор Кандыба сияқты адамдар еліміздің мақтанышы болатынын айтты.
– Біз сіздерге көмектесеміз. Микроавтобус мәселесі бір айдың ішінде шешіледі. Көлікті «Парыз» қоры арқылы Семейден сатып аламыз. Ал баспана құрылысына жерді сіздің көзіңізше бөліп береміз. Бұл істерді ұзаққа созбай, тезірек шешу үшін қолдан келгенді жасаймыз, – деді Даниал Ахметов.
Облыс басшысы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсуковамен бірлесіп, бір аптаның ішінде осы мәселеге қатысты ұсыныстарын айту туралы тапсырма берді.
– Мен қатты толқып тұрмын. Бұған дейін де әртүрлі деңгейлерде проблемаларымды көтеріп жүргем, бірақ нақты көмек осы жолы ғана берілетін болды, оған өте қуаныштымын, – дейді Виктор Кандыба.
Күршім ауданының тұрғыны Маржан Әбжанованың жағдайы тіпті қиын. Төрт жасар ұлы Дарынның екі бүйрегі де сылынып алып тасталған.
– Туғаннан бүйрегінің сырқаты болды. Кейін ол қатерлі ісікке айналып кеткендіктен, мүлде алып тастауға тура келді. Қазір ұлым жасанды диализ емін алады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлеміне кірмейтін, бағасы 80 мыңдық дәріні осы уақытқа дейін өз қаражатыма сатып алам. Астанаға баруға да қаражатымыз жоқ, – деді жыламсыраған ана.
Маржанның Дарыннан басқа тағы үш баласы бар. Қамқор болады дейтін әкелері болса істі болып, темір тордың ар жағында отыр. Дарынға әкесі өз бүйрегін бергісі келеді, ол үшін әкесінің ағзасын толық тексеру қажет. Күйеуін донорлыққа қалай тексертерін білмейтін келіншек бұл проблемасын да алға тартты.
Облыс әкімі Даниал Ахметов «Парыз» қоры арқылы мұқтаж анаға 100 мың теңге бөлу туралы тапсырма беріп, әкесін донорлыққа тексеру үшін барлық жағдайды жасайтынын айтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов жол шығынын салалық басқарма көтеретінін жеткізді. Донор сәйкес келіп жатса, балғынға операция Астана қаласындағы Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында жасалады.
Ал өскемендік Бекшентаевтардың отбасы №11 гимназияның аумағында скейтбордингпен айналысқысы келетіндер үшін өз қаражаттарына скейтпарк ашыпты. Қабылдауға келген Ирина Бекшентаева ашық аспан астында тұрған қымбат құрал-жабдықтардың істен шығу қаупі барын айтып, мемлекетік-жеке кәсіпкерлік серіктестіктің шеңберінде жабық модуль салып беруді өтінді.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов әрбір өтініш бойынша жуық арада нақты шешім қабылданып, олар мүмкіндігінше «Парыз» қоры арқылы шешілетінін жеткізді.
Айна Ескенқызы