ҚоғамТОП

ОН СЕГІЗГЕ ТОЛДЫҢ БА, ОТАНЫҢА ҚОРҒАН БОЛ?!

Кез келген мемлекеттің қорғаны да, айбыны мен айбары да, оның ішкі-сыртқы қауіпсіздігінің кепілі бола білетін – әскері. Әскері көп әрі әскери техникасы мықты мемлекетпен кім болса да санасады. Тіпті қорқып-үрікпесе де буынсыз жерден пышақ ұрып, орынды-орынсыз қоқан-лоққы жасай алмайды. Айылын жиып, аяғын тартып ұстайды.

Тәуелсіз ел атанғанына 33 жыл болған Қазақстан Республикасының да «Ішкі-сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» дейтін, «Ел басына әлдеқандай күн туа қалса қорғаны бола білер!» деп сенетін әскері бар. Жасырып-жабары жоқ, оның басым бөлігі кешегі Кеңес үкіметінен қалған әскер (войска) түрлері болса, біразы бүгінгі заман талабына сай жасақталған жаңа құрылымдар.

Соның бірі жас мемлекетіміздің тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан Ұлттық ұлан әскери құрылымы. Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның әскери полктары еліміздің кез келген өңірінде орналастырылған.

 

Әлжуаздар әскерге жарамайды

 

«Дидар» газетінің бүгінгі қонағы Ұлттық ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Ноғаев Серік Тұрғынұлы.

Секе, редакциямызға қош келдіңіз!

Қатардағы қарапайым халық үшін әскери киім кигендердің барлығы әскери адам боп саналады. Сондықтан бүгінгі әңгімемізді өзіңіз қызмет етіп жатқан Ұлттық ұланның өзге әскери бөлімдерден қандай айырмашылығы бар, олардың атқаратын кәсіби міндеттері не, жалпы ел азаматтарының Ұлттық ұлан сапында қызмет атқаруға деген қызығушылығы қаншалықты? – деген секілді сауалдардан бастасақ.

Жалпылай алғанда әскери мамандықты қоғамдағы сирек мамандықтар қатарына жатқызуға болады. Себебі әскери білім ордаларында берілетін білімнен бөлек, ол жерде әскери қатал тәртіп, күнделікті талап етіліп отыратын спорттық нормативтер, жүйелі өткізіліп тұратын қарулы әскери жаттығулар, күнделікті казармалық өмір, т.б. қатаң талаптар алдыңғы кезекте. Сондықтан еркін жүріп-тұратын өмірге үйреніп қалған көптеген жастарымыз оқу жылының бірінші күнінен бастап курсанттарға қойылатын қатаң тәртіп пен талаптардан жүрексінеді. Ал «Нар тәуекел!» деп барып қалғандардың көпшілігі моральдық болмаса да, физикалық тұрғыдан шыдас бермей, оқуды орта жолда тастап кетіп те жатады.

Осындай себептерге байланысты ел ішінде: «Жастар арасында әскери мамандықты таңдау сиреп кетті» деген пікір де қалыптасқан. Осы қаншалықты шындыққа жанасады және жастардың әскери мамандыққа деген қызығушылығы қандай?

Өздеріңіз білесіздер бүгінгі таңда көктемгі және күзгі әскери шақырылымға арналған комиссия өз жұмыстарын бастап кетті. Өзім де команда басшысы ретінде әр маусым сайын осы комиссияның құрамында болып, Ұлттық ұланға сарбаздарды сараптауға барып тұрамын. Соңғы жылдары әскери мамандыққа да, әскер қатарында қызмет етуге де қызығушылар саны сәл де болсын төмендеп кеткені рас. Оның да өзіндік себептері жоқ емес.

Бірден айтарым – бізге әлжуаздар жарамайды. Алдымен қатардағы әскери борышын өтеушілерге тоқталар болсақ, еліміздің кез келген түкпіріндегі жасы 18-ге толған  азамат сол күннен бастап Отан алдындағы перзенттік борышын өтеуге міндетті. Сондықтан олар әуелі ауданнан, сосын облыстық медициналық тексерістерден өтуі керек. Міне, осы тұста көптеген әскер қатарына шақырушының денсаулығында кінәрат-кемшіліктер бары анықтала бастайды. Екіншіден, қазір еліміздегі көптеген ЖОО-да әскери кафедралар ашылып жатыр. Одан бөлек 40-60 күндік әскери дайындық курстарын өткізетін әскери-техникалық мектептер де көбейіп кетті.

Сонда Ұлттық ұлан қатарына қабылданатын сарбаздардың ең бастысы, денсаулығы жараса болды ғой?

Жоқ, бір ғана денсаулық емес. Мысалы біздің Ұлттық ұлан қатарына қабылдарда баланың денсаулығы, моральдық-психикалық ұстамдылығы, білімінің көрсеткіші, іскерлігі мен қабілеті, сосын отбасылық жағдайы да назарға алынады.

 

 

Ұлттық ұлан – ұлтымыздың қорғаны

Ұлттық ұланның еліміздегі өзге құрылымдардан айырмашылығы немесе ерекшелігі қандай? Олардың негізгі міндеттері қандай?

Ұлттық ұлан қызметінің негізгі міндеті ішкі істер органымен бірлесе отырып аудан, облыс орталықтары секілді ірі-ірі қалалардағы қоғамдық тәртіпті қадағалау. Яғни, басты назары еліміздің ішкі қауіпсіздігінде. Қалалы жерлерде жиі орын алып тұратын түрлі дәрежедегі ұрыс-керіс, жанжалдардың адам өміріне қауіп төндірмеуін қадағалап, алдын алу шараларын ұйымдастырады.

Екіншіден, Ұлттық ұлан әскери құрылымы еліміздегі еңбекпен түзеу колонияларын күзетеді. Сондағы қылмыскерлерді немесе тергеудегі күдіктілерді бір жерден бір жерге (конвоймен) айдауылдап апарып-әкеледі. Одан басқа, маңызды мемлекеттік мекемелерді күзетеді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан құрылымына Бас қолбасшымыз ел Президенті мен Ішкі істер министрі және Ұлттық ұлан қолбасшылығы өздерінің оң бағасын берді. Бұл марапатқа Ұлттық ұланның қатардағы сарбазынан бастап, кез келген сержанттар мен офицерлеріміз әбден лайық деп білемін.

Ұлттық ұланның атқаратын міндеттерінің бірі қылмыскерлерді күзету және оларды бір жерден бір жерге айдауылдау дедіңіз. Осы тұрғыда қылмыскерлердің айдауылдарға шабуылдаған, түрмеден қашқан немесе күзеттегі сарбаздардың өміріне қауіп төндірген оқыс оқиғалар болды ма?

Ондай оқыс оқиғалар үнемі болмаса да, ішінара болып тұрады. Республика жұртшылығын селт еткізген сондай оқиғаның бірі 2000 жылдардың басында Ақтау қаласында болды. Сол кезде Ақтаудағы түзеу мекемесінен бірнеше қылмыскер топтанып қашқан болатын.

Ұлттық ұланның дәл сол кезде күзетте тұрған сарбазы Ербол Отарбаев әскери ережеге сәйкес дер кезінде батыл әрі сауатты әрекет ете білді. Ол ережеге сәйкес, әуелі: «Тоқта, атамын!» деп ескертіп, онан соң алғашқы оқты әуеге атқан. Алайда қылмыскерлер ол ескертулерге құлақ аспағасын автоматтан оқ атуға мәжбүр болады. Өкінішке қарай, екіжақты атыс барысында Ербол ауыр жарақат алып, дәрігерлердің шеберлігінің арқасында бір емес, бірнеше ота жасалды. Әскерге шақырылған мерзімі аяқталғасын, Ербол Отарбаев келісімшарт бойынша Ұлттық ұлан қатарында әскери қызметкер болып қалды. Көп ұзамай Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери академиясын тәмамдап, офицер шенін алды. Қазір офицер болып қызмет етуде.

Кеңес үкіметінің әскерінде жалғыз-ақ орыс тілі болатын. Қазір біз «Тәуелсіз мемлекетпіз!» деп жатамыз. Ұлттық ұлан қай тілде сөйлейді?

Бізде штабтағы құжаттардан бастап, саптағы, казармадағы бұйрықтар, оқу-жаттығу ойындары мен спорттық, мәдени шаралар мемлекеттік қазақ тілінде, сонымен қатар қажет жерінде қосалқы орыс тілінде де жүргізіле береді. Офицерлер көбінесе сарбаздармен қазақ тілінде сөйлесеміз. Сарбаздардың да өзара қарым-қатынас тілі көбінесе қазақ тілі.

 

Сарбаздардың тірлігі бақылауда

 

«Әскердегі әлімжеттікке шыдамай сарбаздар өз-өзіне қол салады екен. Әскерде алай екен, бұлай екен!» деген шын-өтірігі аралас алыпқашты әңгімелер көбейген сайын азаматтық қоғамның да, әскерге баратын балалары бар ата-ананың да мазасы кететіні айтпаса да түсінікті. Бұл мәселе сіздерде қалай?

Менің Ұлттық ұланның өңірлік құрылымына қызметке келгеніме екі жыл болды. Осы уақытта сарбаздар арасындағы әлімжеттіктен сарбаз өлімі немесе өз-өзіне қол салу, әскери бөлімді тастап қашу секілді факторлар болған жоқ.

Қазір цифрлық технология дамыған заман. Сондықтан бұрындары жиі болатын әлімжеттік, басқа да келеңсіздіктердің алдын алып отыру үшін казармадан бастап  барлық жерлерге бейнебақылау камералары орнатылған. Одан бөлек, күндіз-түні оларға бас-көз боп, тәртіптерін басқа да іс-әрекеттерін қадағалап жүретін сержанттар мен офицерлер бар.

Бұл мәселе біздің әскери қауіпсіздік кеңесінің отырысында арнайы қаралып, әскер өміріне, оның ішкі-сыртқы ереже-тәртіптеріне байланысты көптеген сұрақтар талқыланды. «Өміріңді сақта» деген арнайы бағдарлама құрылды. Сонымен қатар бас әскери прокуратураның алдын алу шараларының жоспарлары бар. Солардың талаптарына сәйкес қажетті шаралар ұйымдастырылып отырады.

Қазір қатардағы сарбаздарды ұзақмерзімді демалысқа жібере ме?

Штаттағы немесе келісімшартпен қызмет ететін әскерилердің демалыстары штаттық кестеге сәйкес белгіленіп отырады. Ал бір жылдық әскер қатарындағы сарбаздарға тәртіптеріне, әскери әзірліктері мен спорттық жарыстарда өзгелерге үлгі-өнеге боларлық жетістіктері болса, басшылықтың ұйғарымымен 10 күндік демалыс беріледі.

Мерзімдік шақырылымдағы сарбаздардың туған-туысқандарымен жолығуына қаншалықты мүмкіндік берілген?

Бізде сарбаздардың ата-аналарымен жүздесулеріне ешқандай шектеу қойылмаған. Кездесуге сарбаздардың ата-анасы немесе асырап алушысы ғана келе алады. Бізде ата-аналардың барлығының байланыс телефоны, мекенжайы тіркелген. Тіпті ватсапта ортақ чатымыз да бар. Көпшілігі сол арқылы балаларының амандығын біліп тұрады.

Солай ма?

Мысалы, Қызылорда, Жамбыл, Алматы секілді шалғай облыстардан балаларына келетіндер болады. Олар келген кезде сарбаз күзетте, күшейтілген режимде немесе әскери жаттығуда болуы мүмкін. Мұндайда ол кісілермен арнайы психолог мамандар жолығып, қалыптасқан жағдайды мейлінше түсіндіріп береді. Біз өз тарапымыздан алыстан іздеп келген ата-аналардың қандай жағдайда болмасын балаларымен жолығып кетуіне мүмкіндік жасауға тырысамыз. Сарбаздарға туыстарымен жолығып, бірге болуына бір күн, яғни, жексенбі күні белгіленген.

Мектеп бітіруші түлектер арасында әскери мамандықты таңдаушылар қандай-қандай сынақтарға дайын болуы керек? Нендей құжаттар әзіленуі керек?

Біздің Ұлттық ұлан академиясы 1997 жылы Петропавл қаласында құрылған. Алғашқы түлектері қазір генерал шенін алып, жоғары лауазымды қызметтерде отыр. Академияға қабылдау талаптары мен ережелерін айта кетсек. Ең алдымен үміткер 11-сыныпты толық тәмамдауы керек. Сосын ауылдық жерлердегі үміткерлер аудандық әскери комиссариаттары  арқылы немесе сол жерлердегі Ұлттық ұланның бөлімшесі болса, сонда хабарласып өтініш бере алады.

Ал Өскемендегілер үшін Абай (95) даңғылының, бойына орналасқан 5518 әскери бөліміне келсе, сол жердегі мамандардан қандай құжат керек, медициналық тексерістен қашан, қай жерде өтулеріне болады, басқа да қызықтырған сұрақтарына толықтай ақпарат алуға болады.

Әңгімеңізге рахмет!

Осы айдарда

Back to top button