Қоғам

Он саусағынан өнер тамған шебер

Жалпы,  қазақ халқының тарихы ықылым замандардан бастау алады. Тарихымыз тым тереңде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы  өте құнды еңбек екені даусыз. Ол өзінің мақаласында төл тарихымыз бен мәдениетімізді саралап, жіктей келе тарихи сананы жаңғырту мәселесін көтеріп, алты бірдей жобаны ұсынады.

          Бұл мақала – жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы. «Ұлт тариxындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде қазақтың атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургиясы, аң стилі, Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Ұлы Жібек жолы және тағы басқа құндылықтарымыз туралы айтылса, «Тариxи сананы жаңғырту» бөлімінде Ұлы даланың ұлы есімдері, ежелгі өнер, дала фольклоры мен музыкасы, кино өнері мен телевизиясы туралы баяндалған.

Этнографиямызға шолу жасасақ, халқымыздың қаншалықты рухани бай екендігін анық байқауға болады. Салт- дәстүріміздің өзгелерден ерекшелігін танып, ұлттық аспаптарымыз домбыра, қобыз үнін естігенде тебіренбейтін жан жоқ, сірә… Осы тұрғыдан келгенде, Аягөз ауданына қарасты Айғыз ауылының тұрғыны Мұрат Нұрғалиев жайлы айтқымыз келеді.  Оның  жасаған ұлттық бұйымдарын, әсіресе домбырасын алыстан келіп, алып кетіп жатады. Мұрат домбыраны ағаштан ойып, шанағына дейін қазақы ою-өрнек салып жасайды. Сол сияқты, сандық, бесік секілді ұлттық бұйымдарымызды да шебер өрнектеп жасайтын оған тапсырыс берушілер көп. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ұлт тариxындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде айтылғандай, еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген Мұраттай қолы алтын азаматтардың қазақ этнографиясына қосып жатқан қомақты үлесін ойлап, бағамдайсың. Біздің ауылдың баласы Мұрат бауырымыздың әкесі Көшербай да ұста болған. Ол да темірден түйін түйген деуге болады. Тіпті атасы Өкеннің көк темірге ойып салған суреті бала Мұраттың жадында жатталып қалған. Ол белгілі өнер шеберлері, жерлестері Ержігіт Көбікбаев, Бейбіт деген ағаларын үлгі тұтады. Әсіресе Бейбітті өзіне ұстаз санайтынын, одан үйренгені көп екенін айтады. Мұраттың анасы Клара апай – ұзақ жыл ұстаздық еткен адам. Екі қыздан кейін өмірге келген жалғыз ұлы Мұраттың ата-баба жолын таңдағанына дән риза.

– Екі қыздан дүниеге келген Мұратым сәл еркелеу болды. Бетінен қақпадық. Бірақ ақылды бала өз орнын табады екен. Осы бір қазақтың ұлттық бұйымдарын жасай бастағанда балаша қуандық, өйткені ол ата-бабаларынан келе жатқан сүрлеу соқпаққа түскен еді, – дейді байырғы ұстаз Клара апай.

Айғыз ауылының тұрғыны, шебер Мұрат Нұрғалиевтың тірлігіне еріксіз бас шайқап, риза боласың. Есігінің алдында тұрған токарьдың станогы, электрбұрғы, дәнекерлегіш секілді құрал-саймандар  оның күнделікті тұтынатын аспаптары екендігі байқалады.

Жалпы, қазақ «Шебердің қолы ортақ» деген ғой. Мұрат бауырымыздың қолынан келмейтіні жоқ. Ол осы ауылдың көпшілігінің пешін қалап берген. Одан қалса, МТЗ-80, Т-40 тракторларына шөп артқыш КУН-ды да жасайды.

Елбасы осы мақалада айтқандай, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі. Тарихымызды ұмытпайық, өткеніміз бен бүгінімізді бағалай білсек, болашағымыз сонда жарқын болатыны сөзсіз.

 

                                                                     Мереке Сыдықов,

                                                              Айғыз ауылының әкімі

Осы айдарда

Back to top button