ТОП

Он саусағынан өмір тамған

Айна Ескенқызы

Маусым айының үшінші жексенбісі әлемдегі ең ізгі де ардақты мамандық иелері – медицина қызметкерлерінің  төл мерекесі.   Дәрігер дегенде көз алдымызға  жүрегі жұмсақ, жүзі мейірімді, қолы алтын мамандық иесі келеді. Өзіміз сырқаттансақ та, не болмаса етжақын жандарымыз ауыра қалса да, дауа іздеп ақ желеңді жандарға жанұшыра жетеміз. Олардың ажалмен  айқасқа түсіп, адам жанын дерт құрсауынан жұлып алатынына кәміл сенеміз.  Тек білімімен ғана емес, шипалы алақанымен, жылы сөзімен тәніңді ғана емес, жаныңды да жадырататын қасиетіне басымызды иеміз.

Еліміздегі ең білікті де тәжірибелі дәрігерлер – шығысқазақстандық мамандар екені  дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.  Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен медицина саласында тың жобалар жүзеге асты, дәрігерлерге қолдау көрсетілді. Соңғы бес жылда облыстың 5 570 медицина қызметкері Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Польша, Литва, Израиль сияқты өркениетті елдердің жетекші клиникаларында оқып келгенін мақтанышпен айтамыз. Тек осы жылдың өзінде Израиль, Польша, Ресей клиникаларында 65 маманымыз білім алды. Сонымен қатар жыл сайын жаңа технологиялар меңгеріліп, өңірдің емдеу орындары елімізде теңдесі жоқ заманауи құрал-жабдықтармен толығып отырады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары тибет дәрігерлері пышақсыз, қан шығармай операция жасайды екен деген қиял-ғажайып ертегі сияқты естілетін.  Бүгінде біздің онколог,  уролог-хирургтардың тәжірибесі, олардың игерген  озық әдістері осылай  пышақсыз, бірде-бір тіліксіз ота жасауға  мүмкіндік береді. Мысалы, мидағы ісікті тіліксіз, мұрынның тесігі арқылы алып тастау – біздің нейрохирургтардың шеберлігінің бұлжытпас дәлелі.

 Ядролық медицина

Облыста  денсаулық саласының соңғы уақытта ерекше дамып келе жатқан тағы бір бағыты – ядролық медицина. Семейде радиофармпрепараттар өндіруден бастап радионуклидтік диагностика мен терапия жүргізуге дейінгі толық цикл қарастырылған ядролық медицинаның бірегей орталығы іске қосылды. Мамандардың сөзіне қарағанда, ядролық медицина орталығында жылына еліміздің әр өңірінен келген 6,5 мыңнан астам қазақстандық ем-дом ала алады. Радионуклидтік диагностика мен терапия бөлімшесіндегі бірегей жабдықтың көмегімен дәрігерлер бір процедураның барысында-ақ дерттің дәл қай органда тұрғанын, оның тіні қандай екенін және қалай өзгеріп бара жатқанын айна-қатесіз айтып бере алады. Еліміздегі алғашқы және бірегей радионуклидтік терапия бөлімшесі үздік әлемдік тәжірибе деңгейіне сәйкес келеді. Бұл жерде емдеу радиойод терапиясымен жүргізіледі. Йод 131 изотопын орталықтың қажеттіліктері үшін арнайы Алматы ядролық физика институты шығарады. Бүгінде Семей, Аягөз, Қызылорда, Шымкент, Павлодар қалаларынан келген алғашқы емделушілер емдеу курсын алды.

Балғындар денсаулығы ерекше назарда

 Мемлекет басшысы  биыл Балалар жылы деп  жариялағаны белгілі. Шығысқазақстандық   балғындар мен жасөспірімдердің денсаулығына ерекше көңіл бөлініп отыр.  Семейде қатардағы перзентхана бірегей бөлімшелері бар перинаталдық орталыққа айналды. Мұнда жыл сайын 400-ге жуық  шарана мерзімі жетпей дүниеге келеді, оның ішінде өміріне қауіп төніп тұрған топқа жататын нәрестелер де бар. Олардың барлығын туғаннан үш айға дейін перинаталдық орталықтың тар бейінді мамандары бақылайды.

Өскеменде ана мен  бала орталығындағы балаларды оңалту бөлімінде 18 жасқа дейінгі балаларға әртүрлі жарақат пен сырқаттан кейін  денсаулықтарын қалпына келтіруге жан-жақты жағдай жасалған. Ол жерде сенсорлық кабинет, тұз және шунгит бөлмелері жұмыс істейді,  жүру дағдыларын қалпына келтіретін робот тренажер – локомат бар. Бұл  – алған жарақатынан кейін  ұзақ уақыт төсек тартып жатып қалған балақайларды аяғынан қайта тұрғызуда тапсырмас құрал.  Оңалту бөлімінде әсіресе емдік денешынықтыру және  механотерапияға баса көңіл бөлінеді. Мамандар балғындармен интерактивті дефектологиямен айналысады, балақайларға психологтың қызметі де көрсетіледі.

Облыстық  ана мен бала орталығында урологиялық ауруларды емдеудегі инновациялар енгізілуде.

Балалардың  урология-андрологиясы мамандығы – барлық медициналық мамандықтардың ең жасы болып табылады. Осыдан он шақты жыл бұрын бұл бағыт балалар хирургиясының бір бөлігі ғана болатын. Осы саладағы фундаменттік білімнің жетілуіне, технологиялардың дамуына, емдеудің озық әдістемелері пайда болуына байланысты жеке мамандық – балалардың урология-андрологиясы өмірге келді.

Жуықта  «UMC» корпоративтік қорының «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы» АҚ балалар урологиясы бөлімінің меңгерушісі, балалар уролог-андрологы, медицина ғылымдарының кандидаты Ардақ Айнақұлов  өскемендік әріптестерімен урология саласындағы терең білімімен бөлісті. Ана мен бала орталығында  үш күн бойы астаналық ғалымның басшылығымен әр жастағы он бір балаға ота жасалды.  Шеберлік сыныбында уретраның жетіспейтін бөлігін  ауыз қуысының шырышты қабаты материалының бір бөлігін пайдалана отырып қалпына келтіру операциясы көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ота жасалған балақайлардың жағдайлары қанағаттанарлық, оталар сәтті және асқынусыз өтті.

Ардақ Айнақұловтың айтуынша, облыстық ана мен бала орталығы хирургиясының болашағы зор, бұл жерде оны дамытуға қажетті жағдайдың барлығы жасалған.  Мысалы, орталық урологтары балақайлардың  несеп жолдарындағы тас ауруларын бірегей тас ұнтақтағыш – Auriga XL аппаратының  көмегімен емдейді. Осы аспаптың көмегімен қуықтағы тастарды отасыз ұсақтауға болады.

Ғалым алдағы уақытта да ынтымақтастықты жалғастыруға уәде берді.   Ғылыми  орталыққа республикамыздың оңтүстік өңірлерінен несеп тас ауруымен ауыратын балалар жиі жүгінетінін және оларға дәстүрлі әдіспен ота жасауға тура келетінін қынжылыспен атап өтті. Өйткені АҚШ-та жасалған  аталмыш лазерлік литотриптор тек Шығыста ғана бар.  Алдағы уақытта осындай диагнозы бар  балаларды міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында біздің ана мен бала орталығында емдеу туралы ұсыныс жасалды.

Осы айдарда

Back to top button