Он саусағынан өнер тамған

Жерлесіміз Ертай Сәрсенов Астана қаласында өткен Ұлы дала елі қолөнер шеберлерінің туристік форумына қатысып, онда талқыланған «Микробизнес. Дәстүр. Мүмкіндіктер» тақырыбына сай өз туындыларын көрмеге қойды.
Жалпы, Ертай Сәрсенов – бүгінде Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандарына танымал жігіт. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері, зергер Ертай Алтайұлының қолынан туған ұлттық нақыштағы дүниелер облыс, республика көлеміне белгілі. Ертай оқушыларға тәрбие берумен қатар шығармашылық жұмыспен айналысады.
2017 жылы қазақтың ұлттық қолөнерін жасаудан облыс бойынша Гран-при ұтып, Астана қаласында өткен ЭКСПО көрмесіне өз туындыларын қою мүмкіндігіне ие болған. Ертайды ұлттық қолөнерге баулып, қанатын қатайтқан оның әкесі, Үржар ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектебі технология пәнінің ұстазы, белгілі зергер, қолөнер шебері – Алтай Байсанов. Қазіргі күні әкелі-балалы зергерлердің жасаған қылқобыз, нарқобыз, домбыра, тағы басқа дүниелеріне сұраныс үлкен. Жалпы, Ертайдың әкесі Алтай Байсанов – ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген өте шебер жан. Әкелі-балалы зергерлердің эстетикаға сай әдемі жасалған сырға, сақина, жүзік, салпыншақтары мен білезіктері көздің жауын алады. Ол дүниелері облыстық, республикалық әртүрлі көрмелерден жүлдесіз қайтқан емес.
-Астанада өткен бұл шарадан да алар тәжірибем мол болды,-дейді Ертай Сәрсенов. – Республиканың әр түкпірінен келген жас зергерлер мен қолөнер шеберлері ұлттық қолөнер тақырыбында, микробизнестің дамуы жайлы ой қозғап, өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы алғанда, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы еліміздің бағзы замандардан бері ұлттық құндылығымыз бола білген асыл дүниелерді жаңаша, басқа қырынан тануға мүмкіндік берді. Шын мәнісінде ұлттық туындылар жасаушы қолөнер шеберлерінің бұған қосары аз болмаса керек.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.