Қоғам

Он отбасыға баспана сыйлады

Он отбасыға баспана сыйлады


«Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген екен кезінде Әйтеке би. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында жасаған сауапты істің қайтарымы мол көрінеді. Бүгінгі күні Үржар ауданында «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасының аясында «Жан жылуы – жанұяға» атты қайырымдылық акциясы жалғасын тауып, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар баспаналы болып, қуанышқа кенеліп жатыр.

Жыл басында еліміздің астанасында болған қайғылы оқиғаны ешкім де әлі ұмытқан жоқ. Бір отбасының бейбіт күнде бес бірдей бүлдіршінінен айырылып қалуы талай жүректі қанжылатып кетті. «Әттең, тонның келтесі-ай» дегендей, бәріне кінәлі сол жоқшылық қой. Бай болса, бар болса, ата-анасы түнделетіп жұмыс істемей, сол бес бүлдіршінінің жанында отырар еді. Дәл осы оқиғадан кейін ел Үкіметі, кәсіпкерлер әлеуеті төмен әлеуметтің жағдайына жаппай көңіл аудара бастады. Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің бастамасымен «Жан жылуы-жанұяға» атты акция Үржар өңірінде де бастау алды. Акцияның мақсаты – аудан көлеміндегі баспанасыз, пәтер жалдап тұрып жатқан көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету, мүмкіндік болса үй әперу. Аудан әкімінің бастамасы орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл әкімдері мен кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар тарапынан қызу қолдау тапты. Сөйтіп, аудан әкімінің тапсырмасымен әлеуметтік карта жасалып, өңірде қанша көпбалалы ана бар, оның ішінде аз қамтылғаны қанша, баспанасы жоқ отбасы қанша екені анықталады.

Жалпы, Үржар ауданы бойынша 3060 көпбалалы ана тіркелген болса, 1169 отбасы 18 жасқа дейін бала тәрбиелеп отыр. Ауданда мүлдем баспанасы жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген 46 отбасының бар екені де осы кезде белгілі болады. Үржар өңірі бойынша 276 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, 672 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығынан құны 717 млн. теңге болатын тұрғын үйлер салынбақ. Ол үйлер ең бірінші кезекте аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі. Осылайша, аудан әкімінің бастамасымен «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында 27 наурызда «Жан жылуы – жанұяға» атты қайырымдылық акциясы өтеді. Оған белсене қатысқан жомарт жүректі жандар қайырымдылық шарасына шама-шарқынша қолдау көрсетеді. Айталық, аудан басшысы бірінші болып қайырымдылық жәшігіне 100 мың теңге салса, «КомбиСтрой» ЖШС-нің қаржы директоры Дәурен Абдикенов серіктестік атынан 2 млн. теңге салады. Ал «РегионКапСтрой» ЖШС Қаратұма ауылынан екі отбасына екі үй әперуді өз міндетіне алса, жеке кәсіпкер Данияр Құмарбекұлы орталықтан көпбалалы отбасыға бір үй алып беруге уәде береді. Сол секілді, «Колст» ШҚ-ның басшысы Романенко 1 млн. теңгенің көмегін көрсетеді. Осындай ауқымды шараға байланысты банктен ашылған арнайы есептік нөміріне «АстанаВодСтрой» ЖШС 1 млн. теңге аударыпты. Сауапты істен ауыл әкімдері де шет қалмайды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қаратал ауылының әкімі Қайырхан Ноғаев, мектеп директоры Құралай Мүбәракқызы мен Бұғыбай мектебінің директоры Бауыржан Мақұлбаев көпбалалы ана Шынар Беркутоваға үй алып беруге уәде береді. Сондай-ақ қарабұталық тұрғындар қайырымдылыққа 1 млн. теңгенің қаржысын құйып, ауылдағы тұрмысы төмен бір отбасыға баспана сыйға тартады. «Некрасовка и К» ШҚ-ның басшысы Бақтыбек Мұсабаев ауылдан 550 мың теңгеге көпбалалы анаға үй алып берсе, алдағы уақытта 650 мың теңгеге тағы бір мұқтаж отбасыға баспана әпермек ойы бар екенін жеткізіпті. Акция аясында келдімұраттық «Орал» және «Әмірхан» шаруа қожалықтары екі отбасына екі баспананың кілтін табыс етеді.

Шара соңында қолма-қол жиналған қаражат көлемі 13 млн. 231 мың 400 теңге болса, банктегі есептік нөмірге 943 мың 500 теңге қаржы түседі. Игілікті бастама әлі де жалғасын табуда.

– Жалпы, Үржар халқының мұндай акция өткізуде тәжірибесі бар. Осыдан екі жыл бұрын бір көппәтерлі үй өртеніп, 16 отбасы далада қалған болатын. Сол кезде халық болып «Үржар-Қамқор» деген қор құрып, 8 млн.-нан астам теңге қаражат жинап, үйсіз қалғандардың барлығына дүние-мүлкімен бірге баспана алып берген болатын. Аудан әкімінің осынау акцияны бастап кетуінің себебі де осында деп ойлаймын. Өйткені тәжірибе бар, аудан халқының береке-бірлігі мығым, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Андасова.

– Акциядан кейін арнайы комиссия құрылып, ауыл- ауылдағы сатылады-ау деген үйлерді көріп шықтық. Өйткені қайырымдылық акциясы нәтижесінде жиналған 14 миллион 174 мың теңгені жеткізуіміз керек қой. Кейбір бос тұрған үйлердің иелерін шақырып сөйлестік, кәсіпкерлер әперген үйлерді де қарап шықтық. Қазір оншақты отбасы баспаларына кіріп алды, – дейді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Роза Жүнісова.
Баспаналы болғандардың бірі – Науалы ауылының тұрғыны, алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Гүлжанар Сарбиева. Гүлжанардың жолдасының денсаулығы жоқ. Бүгінде бұл отбасы мемлекеттен берілетін жәрдемақыны тіршілігіне талғажау етуде.

Таяуда Бестерек ауылында да көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған қос отбасы қоныс тойын тойлады.

– Шынымды айтсам, баспаналы болғаныма әлі де сене алар емеспін. Жүрегімді кернеген қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейде осы менің түсім емес пе, қалайша мұндай бақытқа аяқ астынан кенеле қалдым деп ойлаймын, – дейді Бестерек ауылының тұрғыны Әйгерім Смайылова.

Әйгерім мен Әсет екеуінің отау құрғандарына 14 жылдай болса да бір баспанаға қолы жетпеген екен. Пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде үлкен ұлы Әділет те он екіге келіп қалыпты. Екеуінің де жоғары білімі болмаған соң, тапқан табыстары күнкөрістен аспайды. Десе де күні-түні Алладан сұраған дұға-тілегі қабыл болып, төрт бөлмелі үйге ие болды.

– Облыс әкімі Даниал Ахметовке, аудан әкімі Серік Зайнулдин мен ауыл әкімі Данияр ағамызға алғысым шексіз, – дейді Әйгерім. Әйгерімнің ендігі арманы – мал өсіру.

– Мен осы жолы 111 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алмақпын. Сол ақшама мал алсам деймін, – дейді ол жымиып.
Бестерек ауылында баспаналы болған екінші отбасының да отанасының есімі де Әйгерім екен. Үйіне арнайы іздеп барғанымызбен біз оны жолықтыра алмадық. Жұмыстарымен шығып кетіпті. Есесіне 12 жастағы үлкен қызы Ханшайыммен тілдесудің сәті түсті. Сіңлісі Маржан, Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Серікбол есімді үш бауыры да үйде екен.

– Біз бұл үйді жалдап тұрғанбыз. Енді бұл өзіміздің үйіміз. Жақында қоныс тойын жасаймыз, қонақ шақырамыз, – дейді Ханшайым да қуанышын жасыра алмай.

Иә, жаңа қонысқа ие болған жандардың қуанышында шек жоқ. Бүгінде аудан көлемінде он отбасы баспаналы болса, бұл іс әлі де жалғасын табуда. Жан жылуы деген осы! Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың жағдайын ойлаған жандардың мерейі де әрқашан үстем болары анық.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button