Он отбасы баспаналы болды

Айжанат Бақытқызы
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында өңірдегі көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен бюджет қызметкерлері үшін қалаларда ғана емес, аудандарда да тұрғын үйлер салынып, ел игілігіне беріліп жатыр.
Республика күні мерекесі қарсаңында Глубокое кентіндегі Абай шағын ауданында бой көтерген жаңа баспаналардың кілті он отбасына берілді.
– Мен бүгін жаңа үй алғаныма қуаныштымын және отбасымыздың атынан облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы мен аудан әкімі Эльдар Лұқбекұлына зор алғысымды білдіремін. Өз баспанамыз болса деген арманымыз орындалды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында кең әрі жайлы үй алдық. Бұған дейін жалдап тұрған едік. Баспана кезегін шамамен үш жылдай күттік. Аллаға шүкір, төрт балам бар. Үлкені 19 жаста, студент. Қалған балаларым мектепте оқиды, – деді баспаналы болған көпбалалы ана Меруерт Махтиева.
Аудан әкімінің айтуынша, бұл жолы он отбасы қоныс тойын тойламақ. Жазда дәл осындай қоспәтерлі үйлер арнайы санаттағы он отбасына берілген еді. Үйлерді сатып алуға облыстық бюджеттен 170 млн теңге бөлінген.
Тағы да қоспәтерлі он үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл дегеніміз жуықта тағы бірқатар отбасы жаңа баспананың кілтін алады деген сөз. Ол үйлердің құрылысы биылғы жыл соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс мердігері – «Терезе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Үйлер үш бөлмелі, жуынатын бөлмесі, санитарлық торабы үйдің ішінде, ауданы – 86,8 шаршы метр.
Аудан басшылығы «Бір қабатты Шығыс» жобасы бойынша салынып жатқан әр үйдің сапасына жіті көңіл бөліп отырғандығын айтты.
Жаңа баспаналардың кілтін тапсыру салтанаты Республика күніне арналған мерекелік концертпен жалғасты. Абай атындағы мәдениет үйіне жиналған қауымды Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов мерекемен құттықтады.
– Еліміз бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері қоныстанып, татулығы мен бірлігі жарасқан, тілі бөлек болғанымен Отаны бір егеменді елге айналды. Республика күні мерекесінің тарихи маңызы орасан. Еліміз қанша қиындықтарды бастан өткерсе де, тұрақтылық, ұлтаралық келісім сынды ең басты құндылықтарды сақтап келеді. Әр азаматтың адал еңбегінің арқасында еліміздің береке-бірлігі артып, мемлекетіміз көркейе берсін, –деді Эльдар Лұқбекұлы.
Республика күні мерекесінің құрметіне, мамандығына адалдығы мен қызметтегі жауапкершілігі үшін аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы Гүлназ Бижанқызы, инспектор Алмагүл Апрелханқызы, Ушанов ауылдық округінің әкімі Ерік Базарханұлы, Малоубинка ауылдық округінің әкімі Сергей Сомов, Мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Әлинұр Нұрбекұлы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен Опытное поле ауылының әкімі Жәдігер Тоқтарханұлы, ауданның өркендеуіне қосқан елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасымен Черемшанка ауылдық округінің әкімі Пётр Грохотов марапатталды.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, Сәуле Жуандыққызы басшылық ететін Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебі ұстаздарының хоры, «Әгугәй» аспаптық ансамблі мен Абай атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен өткен концерт аудан тұрғындарына мерекелік күңіл-күй сыйлап, бір серпілтіп тастады.
«Асыл-мұра» ардагерлер ұжымының әжелері шашу шашып, Ханай Зәмзәмхан апа ақ батасын берді.