COVID-19 

Он мыңнан астам адам «Pfizer» вакцинасын алды

Айна Ескенқызы

Өңірде 12-18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, жүктілік мерзімі 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанына 42 күннен асқан бала емізетін аналарға «Pfizer» компаниясының препаратын салу жалғасуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 25 қарашадағы мәліметі бойынша, осы санаттарға жататын 10 913 адам екпе салдырды.

«Pfizer» компаниясының 35 100 доза көлеміндегі «Комирнати»  вакцинасының алғашқы партиясы облысқа 11 қарашада жеткізілген болатын. 15 қарашадан бастап осы препаратты егуге жататын аймақ тұрғындары  вакцина ала бастады.

Жасөспірімдерді КВИ-ға қарсы егу ата-аналарының немесе кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдерінің ерікті келісімінен кейін ғана жүргізілетінін еске саламыз.

Салалық басқарма деректеріне сүйенсек, қазір облыста барлығы 8223 жасөспірім өздерін ковидтен вакцинаның көмегімен қорғаған. Егер аудандарға шақсақ, ең жоғары көрсеткіш – 900 оқушы екпе алған Үржар ауданының үлесіне тиеді. Одан кейін Зайсан ауданы, бұл өңірде 852  жасөспірім екпе салдырды. Алтай ауданаралық ауруханасында 384 оқушыға, Катонқарағай ауданында 303 балаға вакцина салынса, Аягөз, Ұлан, Глубокое, Шемонайха, аудандарында вакцинаға сенім білдірген жасөспірімдердің саны әрқайсында екі жүзден асады. Ал Күршім, Бесқарағай, Абай, Бородулиха аудандарында, Риддер қаласында екпе салдырған балалардың саны жүзден асса, ең төменгі көрсеткіш Курчатов қаласы (44), Тарбағатай (49) мен Жарма (75) аудандарында.

Өңірде 186 жүкті әйел мен 649 бала емізетін ана вакцина салдырды. Екпе салдырған  аналардың бірі  –  Сәуленің   алты айлық сәбиі бар.

– Қызым мамырда туған. Жаз кезінде ата-анам, жолдасым бәрі ауырып шықты. Барлығы бөпеміз екеуімізге жұғып кетпесін деп,  бізді оқшаулап, бар жағдайымызды жасады. Өзім де қатты қорықтым, бірақ аман шықтық. Қазір осындай мүмкіндік беріліп тұрғанда, оны пайдалану керек деп шештім. Жалпы тұмауға қарсы екпені жылда алатынмын. Ешқандай қорқыныш болған жоқ, қазір өзімді жақсы сезінемін, –  дейді ол.

 

Осы айдарда

Back to top button