Қоғам

Он көпбалалы отбасы баспаналы болды

Он көпбалалы  отбасы баспаналы болды


Пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де, еліміздің демографиясына үлес қосып жатқан облыстағы көпбалалы отбасылардың алғашқы легіне мереке қарсаңында баспаналы болу бақыты бұйырды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен және Семей қалаларының он батыр анасына пәтер кілтін табыс етті.

– Елбасы тапсырмасына орай көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға барынша жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз. Бүгін баспаналы болған отбасыларға бақыт пен шаттық тілеймін. Бұл тек бастамасы ғана. Биыл тағы осындай 200 отбасын баспанамен қамтуды мақсат етіп қойдық, – деп атап өтті облыс басшысы.

Баспаналы болғандардың бірі, бес баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Өскемен қаласының тұрғыны Бейбітгүл Сағаева:

– Бұл көптен күткен, орындалмастай болған арманымыз еді. Өзімнен бұрын балаларым ерекше қуанды бұл жаңалықты естігенде. Енді жатақхананың тар бөлмесінде емес, кең сарайдай екі бөлмелі жаңа үйде тұратын боламыз. Бізге осындай мүмкіндік сыйлаған облыс әкімдігіне алғысымыз шексіз. Марқұм жолдасым да біз үшін куанып, бір аунап түскен шығар, – дейді.

28 жасында бес баламен жесір қалған Бейбітгүл «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін орталықта жұмыс істейді. Балаларының алды 8- сыныпта оқыса, кенжесі үш жаста. Оның айтуынша, осы күнге дейін тұрмаған жерлері жоқ. Бір кездері сол «Үлбі» орталығын да паналаған.

– Биылдан бастап жағдайымыз жақсаратындығына сенімдімін. Балаларымның әрқайсысына 21 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмек төленетін болды. Кенже қызымды балабақшаға тегін орналастырдым. Міне, баспанамыз да бар. Енді осы балаларымды еліміздің лайықты азаматы етіп өсіріп, қатарға қоссам деген мақсатпен алаңсыз еңбек ететін болдым,-деп тебіренісін де жасырмады Бейбітгүл.

Биыл өңірде әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар тобын пәтермен қамтамасыз ету үшін 3,9 миллиард теңгенің 802 пәтерлік 15 арендалық тұрғын үйдің құрылысы басталады.

Өскемендік көпбалы аналарға пәтер Жібек маталар комбинаты ауданында салынып жатқан үйлерден берілсе, семейлік аналарға Қарағайлы шағын ауданындағы үйлерден жаңа пәтер бұйырды. Баспаналы болу бақыты бұйырған Биғатия Абинбаева да бес баланың анасы екен. Екі баласы мүгедек. 16 жыл бұрын күйеуі қайтыс болып, балаларын бір өзі бағып-қаққан. Қазір балалары ержетіп, отау тігетін жасқа жетті.

-15 жылдан бері пәтер кезегінде тұрдым. Осы уақытқа дейін Торфяная көшесіндегі ескі үйден пәтер жалдап келдім. Үйдің іші көгеріп, ылғал тартып кеткен. Соған қарамастан, пәтерақысы арзандау болған соң сол үйді паналауға тура келді. Ол күндер де артта қалды. Енді міне, жаңа ауданнан жаңа пәтерге қол жеткізіп жатырмыз. Мұның бәрі елімізде біз сияқты көпбалалы аналарды қолдауға арналған бағдарламаның жемісі. Көпбалалы аналарға осындай жағдай жасалса, елімізде бала санын көбейткісі келетіндер де арта түсері хақ,-дейді ол.

Аймақ басшысының қолынан пәтер кілтін алған аналар Даниал Кенжетайұлына жылы лебіздерін білдіріп жатты. Өз кезегінде аймақ басшысы мердігер компанияға тұрғын үй құрылысы кезінде кеткен олқылықтарды тез арада жоюды тапсырды.

– Семейде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 3800 отбасы бар. Олардың көбі 20 жылдан астам үй кезегінде тұр. Тіпті 30 жыл күткендері де бар. Бүгін семейлік бес отбасымен бірге өзіміз де қуанып жатырмыз. Алдағы уақытта кезек күтіп жүрген өзге де отбасылар баспаналы бола бастайды. Мұны облыс басшысы да өз сөзінде атап өтті. Бұл пәтерлер тегін берілгендігін атап өткен жөн,-дейді Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тұрғындарды есепке алу және кезекке тұрғызу бөлімінің бас маманы Кристина Гаджиева.

Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылған. Өткен жылы өңірде 410,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болғандар төрт есе өсті.

Лаура Тілеубайқызы,
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button