Биыл 12 жергілікті ақын-жазушының кітабы «Абай әлемі» топтамасы аясында басылып шығады. Бұл туралы Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің кезекті отырысында айтылды.
Жиында облыстық филиалдың «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы Жол картасының 101, 102 тармақтары бойынша ақын-жазушыларды қолдауға арналған «Абай әлемі» кітаптар топтамасын шығару және өңірдегі құсбегілік мәселелері талқыланды.
– Біздің кеңес жергілікті органдар мен азаматтық институттардың мәдениетті, өнерді, тарихи мұраны сақтау, дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруын, партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген мәдениет, тіл, ұлттық құндылықтарға байланысты жұмыстарды қадағалайды, – деді кеңес төрағасы Әскерхан Қуанбай.
Отырыста мәдениет, білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларының биыл атқарған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды.
– «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында облыс әкімінің бастамасымен «Абай әлемі» кітаптар топтамасы 2018 жылдан шығуда. Жоба басталғалы 69 кітап 152 мың данамен басылды. Кітаптар өңір кітапханаларына таратылды. 17 ауылдық кітапханаға 75300 дана кітап берілді. Былтыр өңір қаламгерлерінің 18 кітабы 9 мың данамен шықты. Биыл жобаға 30 миллион теңге бюджет қаржысы көзделген. 12 автордың 13 кітабын әрқайсысын 500 данадан шығару жоспарланған, – деді мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Әшімханқызы.
Отырыста дене шынықтыру және спорт басқармасының құсбегілікті қолдау бойынша атқарып жатқан жұмысы талқыланды.
– Бүркітшілікті дамыту мақсатында облыстық, республикалық жарыстар өтеді. Былтыр Өскеменде бүркітшілер арасында ел чемпионаты ұйымдастырылып, 12 облыстан спортшылар қатысты. Жалпыкомандалық бірінші орынды Шығыстың құрамасы алды. Биыл бүркітшілер чемпионатын облыс көлемінде өткіземіз, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Фархад Әнуарбекұлы.
Кеңес мүшелері сайыстарды жыл сайын өткізу қажеттігін жеткізіп, мәдениет басқармасы өңірдегі жас ақын-жазушылармен жүйелі жұмыс жасап, оларды қолдау керек екенін атап өтті.