Он бір тонна бал әкелді
Катонқарағай ауданының омарташылары Өскемен қаласындағы «Fresh Market» сауда орталығында өткен дәстүрлі бал жәрмеңкесіне белсенділікпен қатысып, қала тұрғындарын қуантып қайтты.
Ауданның жиырмаға жуық шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері жәрмеңкеде өз тауарларын қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынды. Жалпы, бал жәрмеңкесінде катонқарағайлықтар 11 тонна табиғи таза өнімін саудалады. Бүгінгі таңда Катонқарағай ауданы облыс бойынша бал өндіруден алдыңғы қатарда. Ауданда жыл сайын 343 омарта шаруашылығында 350 тоннадан астам сапалы бал өндіріледі. Жәрмеңкеге келген жұртшылық тәтті өнімнің дәмін көріп, өздері таңдап жүріп, өзіне ұнағанын сатып алды. Бұл күні балдан бөлек, омарта шаруашылығының басқа да бал өнімдерінің түрлері молырақ болды. Жәрмеңке соңында ауданның омарташылары Владимир Попов мен Темирлан Батталов аталмыш салаға қосқан үлестері үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Тұрсынқан Базарбаев, Катонқарағай ауданы.