Қоғам

Он бес түрлі өнім ұсынды

Нұр-Сұлтан қаласында облысымыздың екікүндік ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. «Хан-Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы маңында облыстың екі қаласы мен 15 ауданынан келген тауар өндірушілер сауда көрігін қыздырды.

Облыс шаруалары еңбек жылының қорытындысын шығарып, өз өнімдерін елордадағы жәрмеңкеге алып келді. Қызу сауда мен тез босаған сөрелерге қарағанда астаналықтар Шығыстағы шаруалардың жұмысын жоғары бағалаған.

Мысалы, алғашқы күні жәрмеңке әлі аяқталмай жатып-ақ бірқатар фермерлер тауарларын сатып үлгерді – олардың өнімдері лезде саудаланып кетті. Астаналықтар рафинадталмаған, яғни тазартылмаған күнбағыс майын көптеп сатып алды. Оны Алтай мен Бородулиха аудандары 5 литрлік құтылармен әкелген. Үш сағаттың ішінде барлық табиғи өсімдік майы сатылып кетті.

Шығыстың шет елдерге де танымал бренді – бал. Сондықтан оны өндірушілер жәрмеңкеде орталық қатарларда тұрды, ол жердегі жұрттың көптігі соншалық, инешаншар жер болмай қалды. Бал құйылған құтылар мен емдік қасиеті аңызға айналған ара өнімдері бірден сатып алушылардың дорбаларына салынып, тарап жатты.

«Біздің облысқа оңтүстік өңірлердің омарташылары өз ұяларымен арнайы бал жинау  үшін келеді, тіпті Қырғызстаннан да келетіндер бар. Ал омарталардың көптігі, өз кезегінде, өсімдіктер әлеміне пайдалы әсер етеді – аралар оларды қарқынды түрде тозаңдандырады» деген ойларымен бөлісті Үржар ауданының жеке кәсіпкерлері.

Бұл ақпарат бізге көп жайтты түсіндіргендей болды, өйткені Нұр-Сұлтанда «Шығыс Қазақстан балын сатамын» деген хабарландырулар жиі кездеседі, ал сұрастыра келсең, олар шымкенттік омарташылар болып шығады.

Қазір еліміздегі балық шаруашылығын жандандыру мәселесі Үкімет деңгейінде қарастырылуда. Ет алушылардан гөрі балық қатарына келгендер көбірек болған бұл жәрмеңкеге қарап, осы саланы дамыту аса қажет екенін түсінесіз. Мұнда да алғашқы сауда күнінің ортасында-ақ сөрелер жартылай босап қалды. Сатушылардың бірі – Көкпекті ауданы, Самар ауылынан келген «Рыбпром» ЖШС-нің өкілдері.

– Елордада біздің фирмалық дүкеніміз жоқ, өнімдеріміз мұнда онша танымал емес, десек те барлығы дерлік сатылып кетті, – дейді сауда сөресінде тұрған Жанар. – Негізінен, импортқа жұмыс істейміз – біздің Ертістен ауланған көксеркенің етін Канада мен Еуроодақ елдері сатып алады.

Ертістің көксеркесі астаналықтарға да ұнап қалды – олар 500 келі тартылған балық етін және 100 келі жон, жақ еті мен жүзбеқанатын сатып алды, соңғысынан негізінен балық чипсілері жасалады.

Облыстағы өсімдік шаруашылығы дамыған ауданның бірі – Бородулиха шаруалары дәстүрлі түрде өздерінің «Гауда» атты дәмді ірімшіктері мен сары майларын (бір-бір тоннадан) саудалады, сондай-ақ «Айжан+» шаруа қожалығы 2,5 тонна күнбағыс майын әкелді.

– Сүт өнімдерін өндіруші «Зәйтенов» шаруа қожалығы астаналық жәрмеңкелерге алғашқы жылдардан бері қатысуда, мұнда оның ірімшігі мен майын жақсы біледі және күтеді деп айтуға болады, – дейді Бородулиха аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бақтияр Құдайбергенов. – Біз Нұр-Сұлтан қаласына барлығы екі шаруа қожалығы мен сегіз омарта шаруашылығының өнімдерін әкелдік.

Көптеген өндірушілер үшін елордалық жәрмеңке – биылғы бірінші жәрмеңке. Әдетте мұндай сауда іс-шаралары жергілікті деңгейде, облыс орталығында, Семейде өткізіледі. Бірақ пандемия мен карантинге байланысты фермерлердің әдеттегі күнтізбесі айтарлықтай өзгерді. Олардың айтуынша, әсіресе көктемде, мысалы, Көкшетаудан Шығыс Қазақстанға тұқым жеткізу үшін машиналарға бірнеше блок-бекеттерден өтуге тура келген. Сондай-ақ Ресейден немесе Украинадан сатылып алынған техникаларға кепілдік қызмет көрсетілмей қалды, себебі шетелдік мамандар бізге келе алмады. Бірақ шаруалар бұл қиын сынақтан абыроймен өтті – мұны сенімді түрде айтуға болады, өйткені қазір барлық өнім жиналып алынған.

Ақмола облысындағы әріптестерімен сауда алаңын бөліскен Шығыс Қазақстан фермерлері елордаға 224 миллион теңгенің 297 тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізді. Оның ішінде 150 тонна картоп, 40 тонна жылқы еті, 45 тонна әйгілі Алтай балы, 15 тонна сүт өнімдері, 10 тонна өсімдік майы, 8 тонна қымыз және ұлттық өнімдер, 5 тонна балық, 2,5 тонна шұжық, 1,5 тонна жарма бар.

Өнім экологиялық таза әрі нарықтық бағадан 10-15%-ға арзан.

– Барлық әкелінген тауарлар сертификатталған және ветеринарлық бақылаудан өткен, – деп атап өтті азық-түлік қауіпсіздігі, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Әбділдинова.

Еліміздің солтүстігінде құс тұмауының өршуі тауар ассортиментіне өзгерістер енгізді – биыл Нұр-Сұлтанға тауық еті әкелінген жоқ.

– Біздің облыстың өңдеу кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары елорда тұрғындарына өнімнің 15 түрін ұсынды. Жәрмеңкеге облыстың екі қаласы мен 15 ауданы қатысты, – дейді Жанар Әбділдинова.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button