Қоғам

Он бес су қоймасы жөндеуді қажет етеді

Он бес су қоймасы жөндеуді қажет етеді
Биылғы көктемгі тасқын өңір үшін оңайға соққан жоқ. Сондықтан қалалар мен аудандар әкімдері өткен тасқынның зардаптарынан қорытынды шығарып, алдағы уақытта өздеріне тиесілі аумақтағы су қоймаларын, гидротехникалық нысандарды барынша қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етулері керек. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды.
Облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Медет Нұрғалиевтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде «Шығыс су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты 66 гидротехникалық нысан бар. Оның үшеуі – бөгет болса, екеуі – шлюз-реттеуші. Қалған 61 су қоймалары мен тоғандардың қолданылу мерзімі ширек ғасырдан асқан. Бұлардың ішінде қырық нысан ешқандай жобасыз, шаруашылық тәсілімен салынған.
– Облыс басшысының қолдауының арқасында аталған су шаруашылығы құрылыстарын қауіпсіз қолдану үшін 2018 жылға облыстық бюджеттен 604 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы 45 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізуге, алты плотинаға қауіпсіздік декларациясын әзірлеуге, жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін төрт гидротехникалық ғимаратқа жан-жақты техникалық зерттеу жүргізуге, 54 құрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізуге, бақылау-геодезиялық маркасын (61 нысанға), құламалы су өлшегіш таяқша (51 нысанға) және су өлшеуіш ғимарат (36 нысанға) орнатуға жұмсалатын болады. Соңғылары прокуратура органдарының және Су ресурстары комитеті Ертіс бассейндік инспекциясының берген ұсынысын орындауға негізделген , – дейді басқарма басшысы.
Медет Нұрғалиев қолданыстағы Су кодексінің 111-бабына сәйкес І, ІІ, ІІІ класты плотиналар мағлұмдауға жататындығын айтады. Біздегі кәсіпорынның теңгерімінде қауіптілігі ІІІ класты алты гидротехникалық құрылыс бар екен.
Жоғарыда тізбектелген жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Гидротехникалық нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізуге бағытталған қаржының бүгінде 50 пайызы игерілген.
Сонымен қатар, басқарма басшысы атап өткендей, биыл көктемгі тасқын кезінде аймақтағы 15 қоймада сі қауіпті шектік мөлшерден асып кеткен немесе қарғын судан толып, судың бөгет бойымен асып төгілуі анықталған. Барлық нысандар бойынша қолда бар ресурстар арқылы тиісті шаралар қабылданған. Аталмыш он бес су нысандарын алдағы уақытта да қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге 267 млн. теңгеге бюджеттік өтінім жасалған. Медет Нұрғалиев облыс әкімінен 2019 жылға осы бюджеттік өтінімге қолдау көрсетуін сұрады.
Басқарма басшысының айтқандарын мұқият тыңдаған облыс әкімі облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюкке депутаттардан комиссия құрып, өткен тасқыннан аудан әкімдері қандай қорытынды шығарғандарын, елді мекендер ішінде қандай жұмыстар атқару керектігін мұқият сараптауды тапсырды.
– Мысалы, көктемде Өскемен қаласының көшелерін су басудың себебі тым қарапайым болып шықты. Карл Маркс даңғылында жүргізіліп жатқан құрылыстар кесірінен көше бойындағы су бұрғыш каналдар бітеліп қалған. Нәтижесінде бүкіл су Сәтпаев даңғылына жайылған. Оның зардабын етікпен су кешіп жүріп өздеріңіз де көрдіңіздер. Дер уақытында арықтарды аршып отырғанда түк те болмас еді. Глубокое ауданында да су тасқыны бөгеттің толып кетуі салдарынан орын алды. Сондықтан бұл жағдай қайталанбас үшін депутаттық комиссия құрып, су алған ауылдарды түгел тексеру қажет. Тек тексеру жұмыстарының қорытындысынан кейін ғана хаттамалық дәйекті дәлелдемелер негізінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы салалық орынбасарымның қатысуымен 267 млн. теңгені бөлу мәселесін қарастыратын болады, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button