Он бес мыңнан астам көшет отырғызылды

Биылғы 20 сәуірде «Тұрақты даму» жер қоры қоғамдық жастар бірлестігінің бастамасымен «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы
ұйымдастырылды. Атап өтерлігі, акция Үкімет тарапынан қолдауға ие болып, ағаш отырғызу ұлттық күні жыл сайын өткізілетін болып шешілді.
Акцияға облыс орталығында білім бөлімі, Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық қызметі, жеке тұлғалар мен қоғамдық ұйымдар белсенділікпен қатысты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы акцияға қатысатын ұйымдар мен мекемелердің жұмысын үйлестіріп, көшеттер егілетін жерлерді белгіледі. Жас өскіндер облыс орталығындағы саябақтар мен скверлерге, үй жанындағы аумақтарға, оқу орындарының, медициналық мекемелердің жанындағы алаңдарға отырғызылды.
Бұл күні акцияға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұжымының өзі де бір кісідей ұйымшылдықпен белсене қатысып, таңертеңгі сағат он кезінен бастап 19-тұрғын аудандағы Есенберлин даңғылының бойына сібір шыршасының, қарағайдың, қайыңның көшеттерін екті. Суарылып, бір сызықтың бойына түп-түзу болып егілген шыршалар бірден даңғылдың көркін кіргізгені анық. Ендігі шаруа оның уақтылы суарылып, күтіп-бапталуында болмақ.
– Ұжым болып бүкілқазақстандық ағаш егу акциясына қатыстық. 19-тұрғын аудандағы Есенберлин мен Қазыбек би даңғылдарының қиылысынан бастап көшет отырғыздық. Акцияға арнап барлығы 2450 көшет әкелдік, оның ішінде жүз-жүзден шырша, самырсын мен қарағай, мың түп қайың, бес жүз қарағаш, бес жүз терек бар. Ауа-райы қолайсыздау болды, сондықтан келесі аптада тағы жалғастырамыз. Сонымен қатар биыл Жастар жылы болғандықтан, соған орай облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған өңірдің аудандары мен қалаларында 120 мың көшет отырғызу туралы үш айлық «Жас өркен» бағдарламасы бар. Оны да орындап жатырмыз, қазіргі уақытта елу мың көшет берілді. Бұл шаруа сәуір, мамыр айларында да жалғасын табады, – деді басқарма басшысы Мұрат Құсайынов.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Өскемен орман шаруашылығының тәлімбағында әлі жиырма мың көшет бар екен. Олар алдағы уақытта мекемелерге, мектептерге, ауруханаларға, балабақшаларға бөлінбек. Сондай-ақ басқарманың биылғы жоспарына сәйкес өңірдегі далалық аумақтардағы мың гектардай жерге ағаш отырғызылмақ.
– Әрине, тұратын үйіңнің маңы жасыл-желек болып тұрғаны жақсы ғой. Егер әр адам бір шыбықтан егетін болса, бұл аумақ үлкен аллеяға айналған болар еді, – дейді Есенберлин даңғылы бойындағы үйлердің бірінің тұрғыны Ерлан Нұрғалиев.
Ағаш отырғызу акциясының аясында бұл күні 15 мыңнан астам көшет отырғызылса, соның ішінде Өскемен қаласында жеті мыңнан артық ағаш егілді. Шараға облыс бойынша алты мыңға тарта адам қатысқанын айта кеткен жөн.
Дәурен Аллабергенұлы