Қоғам

Он бес күн уақыт берді

 Жылыту маусымы 1 қазанда басталғанымен   дайындық жұмыстары әлі де жалғасуда. Аталмыш салада атқарылып жатқан жұмыстар жайын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ақұжанов баяндады.

– Бюджеттік сала мекемелерінің жылыту маусымына дайындығы 100 пайыз болса, көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығы – 98 пайыз. Жылумен, сумен қамтамасыз ететін және кәріз жүйелері де 100 пайыз қысқы маусымға дайын, – деді облыс әкімдігінде өткен отырыс барысында   Болат Ақұжанов.

Жылу беретін мекемелердегі отын жайын қозғаған ол бүгінгі күні жылу электр станциялары мен орталықтандырылған қазандықтарда 360 тонна көмір барын тілге тиек етті. Облыс тұрғындарының жылыту маусымындағы көмірге деген жалпы қажеттілігі – 1 млн. 140 мың тонна. Қазіргі  күні оның 822 мың тоннасы жеткізілген, яғни 72 пайыз қамтамасыз етілген. Бюджеттік мекемелердің көмірге деген қажеттілігі – 126 мың тонна. Бүгінгі күні өңірдегі денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және мәдениет мекемелері көмірмен 100 пайыз қамтылса, білім беру мекемелеріндегі бұл көрсеткіш әзірге – 97 пайыз.

Бұдан бөлек, өңірдің әлеуметтік мазутқа деген қажеттілігі – 11640 тонна. Отынды бөлу кестесі мен жауапты операторы да белгіленіп қойған. Бір тонна мазуттық бағасы – 100 мың теңге.

– Жалпы жағдай жаман емес. Дегенмен естеріңізге салайын, біз бұған дейін облыс халқын 1 қазанға қарай жүз пайыз көмірмен қамтамасыз етуге келіскенбіз. Сіздер менің тапсырмамды орындамадыңыздар, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов аудан әкімдеріне.

Аудан әкімдеріне ескерту жасаған аймақ басшысы, мәселені тез арада шешіп, 15-ші қазанға дейін облыс тұрғындарын  көмірмен толық қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

Бұдан бөлек, Болат Ақұжанов коммуналдық төлемдерге қатысты жинақталған дебиторлық борыш мәселесін де қозғады. Бүгінгі таңда оның мөлшері 580 млн. теңгеге жеткен. Оның ішінде, Өскемен қаласының қарызы – 580 млн теңге болса, Семейдікі – 316 млн. , Алтай ауданының берешегі 19,5 миллионға жетіп жығылған. Десек те, соңғы 3,5 айда дебиторлық борыш 309 млн. теңгеге азайған екен. Биыл  қаңтар айынан бергі уақыт аралығында сот органдары жалпы сомасы 510 млн. теңге көлеміндегі бес мыңнан астам талап арызды қарап, 466 млн. теңгенін  4786 арызын қанағаттандырған. Бүгінгі күні қарыз сомасын азайтуға бағытталған  шаралар жүргізілуде. Ал облыстағы кредиторлық қарыз 958 млн. теңге болса, маусым айынан бергі уақыт аралығында ол 887 млн. теңгеге дейін төмендеген.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button