Қоғам

Өмірге бірден үшем әкелді

Айна Ескенқызы

 Өскемен қаласының тұрғыны Жансая Ахмадиева көптен күткен нәрестелі болу бақытына кенелді. Өмірге бірден үшем әкелген ананың қуанышында шек жоқ. Бұл өңірде жыл басынан туған үшінші үшем.

Жансаяның айтуынша, жолдасы екеуі баланы  ұзақ жылдар армандағандарымен, сәті түспеген. Соңғы үміттері «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасының аясында ЭКО жасату болыпты.

 -Мен облыстың репродуктологтарына, ана мен бала орталығының барлық дәрігер-мамандарына отбасымыздың атынан алғыс айтамын. Бағдарламаға квота алудың еш қиындығы болған жоқ. Үш айдай тостық, сосын жасанды ұрықтану процедурасын Өскемендегі экоклиникалардың бірінде жасады, – дейді жас ана.

Ұлдары Ералы –  1 970 грамм, Ерасыл 2 000 грамм, қызы Зере 2035 грамм салмақпен туыпты. Барлығының бойының ұзындығы  42 см.

-Ұлдарым мазасыздау, әлден мінездерін көрсетіп жатыр. Ал қызым өзіме тартыпты, мінезі салмақты, тыныш, – дейді Жансая мейірлене.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында “Аңсаған сәби” бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтіп, 7 мыңға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысыңыз сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұрасыз. Бағдарлама 2026 жылға дейін созылады.

Осы айдарда

Back to top button