ҚоғамТОП

Өмірдің сансыз сыны бар

«Мынау жалған дүниеде Тәңір жаратқан 18 мың ғалам бар» дейтін біздің бала кезімізде кейбір ескіше оқыған аталарымыз. Бұдан кейін сол ғаламдардың небір тылсым құпиялары бар екенін, оны Алланың өзі болмаса адамның ұғына бермейтінін, оған қарапайым пенденің ақыл-ойының жетпейтінін бажайлайтын.

Бертін келе, көп нәрсені қадалып оқып, талай жайдың тұңғиығына бойладық, аталған тылсым оқиғаларға тікелей куә болған адамдармен әңгімелесіп, кейде жағамызды ұстадық, кейде сенер-сенбесімізді білмей, аңырдық. Қалай болғанда да, бұл пәни дүниеде бізге беймәлім бір тылсым күштің, өзімізге мәлім тіршілікпен қатар әрекет жасайтын екінші бір әлемнің бар екенін мойындадық.

Күршім ауылының байырғы тұрғындарының бірі, бүгінде Төсқайың (Буденовка) ауылында тұрып жатқан Тоқтарбек Қайсаровпен жолығып, кең отырып кеңескенімізде ол бізге осындай тағы бір жайдың бетін ашып, өз басынан өткен таңғажайып тарихтан хабардар еткен болатын. Алпыстан асқан азаматтың ақтарыла шерткен сырына тәнті болған мен осы бір қызықты да қорқынышты әңгімені жұрт назарына ұсынуға тәуекел еттім.

– Менің Күршімдегі бұрын Советская деп аталған көшенің 37-ші үйінде тұрғанымды білетіндер көп, – дейді Тоқтарбек Жансарбайұлы. – Қазір бұл мекен Зангин көшесі, 87-ші үй деп аталады. Осы араға бір шоғыр халық көршілес орнығып, ұзақ жылдар бойы қатар тірлік кештік. Бірақ, бір түсініксіз жай осы арада тұрған жұртты өмір бойы мазалап, көптеген жамандықтарға душар етті. Бірнеше жас жігіт ешбір себепсіз асылып өлді, жазылмайтын ауруға шалдыққандар да жоқ емес. Қысқасы, кесапаттың барлығы осындағы он шақты үйден ұзамайтын болды.

Марқұм әкем де бұл арадан көп қиындық көріп өтті. Түнімен ұйықтай алмай, булығып, тұншығып, әбден күйісі кеткен соң оның сыртқа шығып, таң атқанша есік алдындағы орындықта отыратын кездері жиі кездесетін. «Саған не болды, әке?» дегенде: «Құдай сақтасын, мені бір нәрсе әбден қажытып болды, – дейтін еді күрсініп, – Түні бойы әлдекіммен алысып шығамын. Біресе жастықпен тұншықтырып, енді бірде буындырып, зықымды кетіреді. Тұрып, жарықты жағып қалсам, ешкім жоқ. Осы жердің иесі бар ғой деймін, маған маза бермей жүр».

Бір күні әкем шешеммен бірге Күршімнен шалғайлау бір ауылға қыдырып барып, екі-үш күндей қонақ болып қайтты. Келгенде анық байқадым, әкемнің өңі кіріп, көзінде от пайда болып, жүзіне әжептәуір ажар кірген екен. Сөйтсек, ол әлгі ауылда болған үш-төрт күнде тыныш ұйықтап, жақсы демалып, сергіп-қунап қалған көрінеді. Үйге оралған бойда баяғы түнгі алыс-жұлыс қайтадан басталыпты…

Мен Күршім совхозының құрылыс бригадасында жұмыс істеп, әжептәуір табыс таптым. Оған қажетті материалдарды сатып алып, өзіме баспана тұрғызуға кірістім. Өздеріңіз де көрдіңіздер, биік шатырлы, көз тартатындай көркем үй салып, төңірегін әдемілеп қоршағанымды. Кесірдің бәрі осыдан кейін басталды. Әкемнің басынан кешкен жайлары енді мені мазалайтын болды. Бір жұмысты қолға алсам, әлгі ісім өмірі мандымайды. Өзім ұнатқан қызбен отау тігіп, жеке үй болдым, бірақ, екі-үш жылдан соң онымен де ажырастым. Тыныш ұйықтауға зар болдым, әлдене тыныштық бермей, түнімен мазамды кетіреді. Булығып, тұншығып, түнде неше мәрте тұратын болдым. Ал басқа жаққа іссапарға, қонаққа барғанда тұяқ серіппей, түшіркеніп ұйықтаймын. Осының барлығын сарапқа сала келе, мені бір күмәнді ой иектей бастады. «Осы жерде бір құпия сыр жатыр-ау, әлде бұл ара ертеректе зират болды ма екен? «Мазамызды алдыңдар» деп бізбен алысып жүрген марқұмдардың аруақтары болар, бәлкім?». Бірақ, кеңес өкіметі кезінде мұндай сәуегейлікке баруға ешкімнің жүрегі дауалай қоймайтын. Себебі, ол кезде жұрт тегіс атеист, өзіңді мазақ қылып, сайқымазаққа айналдыруға даяр тұратын.

Сізге өтірік, маған шын, бір күні түсіме ақ сақалды қария кіріп, кәдімгідей аян берді. «Қалың зираттың үстінде неге отырсың? – деді ол. – Дереу үйіңді жық та, көш бұл арадан!». Оянсам, сүмек болып терлеп жатыр екенмін, өзіме-өзім келе алмай, көп отырдым. Мұндай қауесетті бұрын да естіген болатынмын, жер қазған көршілер бір құлаштай тереңдіктен адам сүйектері шыққанын үрейлене әңгімелеген еді. Енді менің көңілімде күмән қалмады, біз қалың қорымның үстінде тұрып жатыр екенбіз.

Осыдан кейін өзім көп еңбек, мол қаржы жұмсап тұрғызған көрікті үйімді бұзып тастап, басқа жаққа қоныс аудармақ болдым. Көршілерді жинап, «үйді бұзамыз» дегенімде олардың көздері алақандай болды. «Тоқа, сен ақылыңнан адасқан шығарсың? – десті олар. – Мынадай үйді дәтің барып, қалай бұзбақсың?». Осылай деп олар тарап кетті. Бұдан соң мен Өскемен қаласына барып, жұмыссыз жүрген қаңғыбастарды жинап алып келдім. Менің сөзімді естігенде олар да таң-тамаша болып: «Ойбай, қожайын, біз мынадай тамаша үйді бұзбаймыз!» десті. Мен қоярда-қоймай күштеп жүріп, ақыры үйді бұздырдым. Материал атаулының бір шегесін алмастан елге тараттым. Апа-қарындастарым менің үйді бұзып тастағанымды естігенде қатты наразылық білдіріп, ақыры мүлде араласпай кетті. Дәл сол уақытта баяғы қария түсіме тағы кірді, ол маған риза екенін білдіріп, батасын берді.

Бір ғажабы, осыдан кейін ұйқым түзеліп, аттаған сайын жолым жүре бастады. Сол жылы Аманат ауылына бір досымды ертіп барып, бірлесіп балық аулаған едік, салған ауымды күнде балық басып қалатын болды. Бұл сапардан ақшаға шынымен кенеліп қайттым. Осыны сезінген соң кезінде ішімдік көрсем, аттап өте алмайтын, қызып алсам, жанжал іздейтін басыма тәупиқты ой кіріп, сабама түсіп, ораза-намазға ден қойдым. Міне, жиырма жылдан асты, аузымда – Алла, көңілімде – тәуба! Бойдақ жүріп, тозыңқырап кеткен басым осы Төсқайыңнан жанымды түсінетін, қас-қабағыма қарайтын жан жарымды жолықтырдым. Бұрынғыдай жеңіл ой, албырт қылықтан арылып, бар ниетім адал еңбек пен ақиқат пікірге ауды. Қазіргі кезде ешкімге жаман сөз айтпаймын, жатсам-тұрсам ел-жұртыма, Отаныма бейбіт өмір, халқыма тоқшылық пен татулық тілеймін. Бүгінде бұл менің әр таңды қарсы алған сайын аузымнан алдымен шығатын риясыз пейілім мен шынайы лебізіме айналып отыр. Лайым, халқымыз тыныш та тоқ тірлік кешіп, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ ешқандай жамандықты, жанжал мен жауыздықты білмей өссін!

Бір таңырқарлық жай – Төсқайың ауылына қоныс аударған Тоқтарбектің қазіргі үйінің нөмірі де Совет көшесі, 37 екен. Бірақ, Тоқаң бұл мекенде тыныш та тиянақты тірлік кешіп жатыр. Бүгінде оның көңілінде бұрын зират болып, өздері білмей қоныстанған, түрлі бейнетке душар болған ескі мекенді құран оқытып барып, адам да, мал да кірмейтіндей етіп қоршап тастаса деген бір ой бар. Ал бұл – алдағы уақыттың еншісіндегі жоспар.

 

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button