Еңбек адамы

Өмірдің есте қалған кей сәттері…

Биыл күзде жалпақ елге есімі жақсы таныс жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері, Шығыс Қазақстан облысының және Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты, әйгілі атбегі, шежіреші Бошай Кітапбаевтың туғанына 100 жыл болады. Саналы ғұмырын туған елі мен жерін түлетуге сарп еткен тұлғаның көзі тірісінде жазып қалдырған естелігін ғасыр тойы қарсаңында оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Редакция.

…Менің туған жерім – Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай болысы. Ол Шабанбай деп аталады. II Александр 1867 жылы Алтайға дейінгі осы Шабанбай тоғай қорығы патша отбасының жекеменшігіне жатқызылсын деген үкім шығарған. Өйткені Алтайдан көп кен орны табылғанына есі шыға куанған. Ағылшындар келіп, Алтайдың байлығына қызыққаннан кейін жергілікті тұрғындарға қосымша салық ретінде күміс ақша салған. Бұл «жығылғанға жұдырық» боп тиіп, Катонқарағайдағы жерімізді патша алып қойды деген ренішпен  ғасырлар бойы тірлік етіп келе жатқан біздің Қаратай деген ағайынымыздың мың үйі Қытайға көшіп, одан жартысы қайта келіп, Ресейдің Таулы Алтай автономиялы облысындағы Қосағаш ауданына орналасқан.

Мәскеудегі кездесу

Мұны еске алудағы себебім, біздің жерімізге сонау Нева өзені жағасындағы Петербордан патша қызыққан. Бұрынғы Шыңғыстай болысы, қазіргі Катонқарағай ауданы ерекше табиғаты керім сұлу жер ретінде ежелден аты шыққан.

Н.Хрущёв СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы боп тұрған кезде 1963 жылы осы Катонқарағай ауданын Үлкен Нарын ауданымен біріктіріп, жергілікті тұрғындарға көп зиян келтірді. Бес-алты жылдың ішінде-ақ Катонқарағайдың тоз-тозы шықты. Ар жағында Қытай бар деп орыстар үдере көшіп, басқа жаққа қоныс аударды. Орталықтан шалғай, шет аудан болғаннан кейін жергілікті тұрғындар кішкене арақ ішіп, жұмыссыз сандалып, жүдей бастады.

Жатсам, тұрсам осы жағдай менің жаныма аяздай бататын. 1970 жылдың басында Москваға диссертация қорғағалы барып, «Москва» қонақ үйінен орын алған соң, Қазақстанның тұрақты өкілеті Өтешқали Атамбаевпен сөйлестім. Ол бұрын біздің Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы боп істеген, тамаша кісі еді. Өзін өте жақсы көретінмін. Өтекеңе:

–  Димаш Ахметұлы Қонаев Мәскеуге келген екен. Мен сол кісіге жолығып, 15-20 минуттай сөйлесіп, айтатын жұмысым бар еді, –  деп қонақ үйдегі бөлмемнің телефон номерін бердім. Ертеңіне таңертеңгі сағат тоғызда Өтекең хабарласып:

–  Димаш Ахметұлына өтінішіңізді жеткізіп едім, сағат он бірде келсін, қабылдаймын деді, –  дегенді айтты. Қолымда портфель, диссертация қорғаймын деп жүрмін ғой. Дәл он бірде келсем, Өтекең кабинетінде екеуі сөйлесіп отыр екен. Ішке кіріп едім:

–  Бошай Кітапбаев, кел, мына жерге отыр, –  деп Димекең қасына жақындау орындықты нұсқады.

–  Мен шығып кетсем қайтеді? Жеке айтатын сөзің бар шығар? – деді Өтекең маған қарап.

Мен:

–  Димекең екеуіңіздің дос екендеріңізді білеміз. Сізден жасырын менде құпия сыр жоқ. Керісінше, отырыңыз. Сіз, Өтеке, бізде облыстық атқару комитетінің ең мықты төрағасының бірі болғансыз. Шығысқазақстандықтар әлі күнге дейін сізді аузынан тастамайды. Өйткені басқа кісінің қолынан келмейтін үлкен-үлкен істерді істегенсіз. Сіз бірге отырыңыз, –  дедім де Қонаевқа бұрылып:

–  Димеке, сіз баяғыда Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары боп жүргенде Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Жомарт Адамовпен келіп, Жетінші шатқалда қонақ болған екенсіз. Одан кейін ол маңға қайта дәм-тұз тартып бара алған жоқсыз. Катонқарағайдың керім сұлу, жақсы жер екенін сонда көрдіңіз. Сол Катонқарағай ауданы қазір, міне, бес-алты жыл болды, көрші ауданға қосылып, шеттеліп, экономикалык және әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп, жұмыссыздық өсіп, орыстар көшіп, халық әбден жүдеді. Соны жеке аудан етіп бөліп беруіңізді өтінемін, –  дедім.

–  Жарайды, –  деді Димекең күлімсіреп. – Ана диссертацияңды қорғауға менен қандай көмек керек?

–  Оны өзім қорғаймын, Димеке. Сізден сұрайтыным әлгі.

–  Диссертацияңды Алматыда неге қорғамадың?

–  Мына колхоз басқарма төрағасы Кітапбаев араға тамыр-таныстарын салды деген күмән туа ма деп Москваға тарттым.

Димекең сол жақ қалтасындағы қойын дәптерін, қаламсабын алып:

–  Қосылған он ауданды бөлу туралы Орталық Комитет Саяси бюро мүшелерімен келісіп едім. Кітапбаевтың өтініші бойынша Қатонқарағай ауданын өз алдына жеке аудан етіп бөлу керек деп белгілеп қояйын, –  деп менің өтінішімді қойын дәптеріне бірінші етіп жазды.

Екі-үш күннен кейін Өтекеңе қайта келдім. Өтекең:

–  Сен кеткеннен кейін Димекең: «Әй, өзі жалғыз аяғымен ана портфель сүйреп, диссертация қорғаймын деп Москвада жүр, мен көмектесейін десем, көмегіңіздің керегі жоқ деп айтып тұрған мәселесін көрдің бе!? Қатонқарағай өзінің туған ауданы. Соны бөліп беруге болыссаңыз жетіп жатыр деді емес пе? Әй, бір өзі ер, батыр ғой!» деп риза болды Димаш Ахметұлы, –  деді.

Ұзаққа созбай, сол 1970 жылдың аяғында Димекең уәдесін орындады. Одан кейінгі он жылдың ішінде Қатонқарағай ауданы гүлденіп, қалаға айналып, жақсы боп кетті.

Шахматқа әуестік

Отыз бес жыл бойы ірі колхоздың председателі болып қызмет етіп жүрген жылдары талай қызықты да елеулі уақиғалардың куәсі болдым. Жұмыстан тыс бос уақытымда өзім сүйіп айналысатын істерім де болды. Әсіресе шахмат ойыны қатты қызықтыратын. Шахмат ойнаудан, белгілі партияларды талдаудан жалықпайтынмын. Отыз-қырық жылда шахмат жайында жазылған талай әдебиет пен еңбектер жинаппын. Бірнеше мәрте Кеңес Одағының шахмат чемпионатының, ірі турнирлерінің куәсі болдым, 1984 жылдың аяғында ұзаққа созылған Москва қаласында өткен Карпов пен Каспаров арасындағы әлемдік шахмат чемпионатының 4-5 партиясын екі дүркін барып көрдім.

Баспадан шығып жатқан қызықты кітаптарды, мақалаларды жібермеуге тырысатынмын. Қазақстанның талай ақын-жазушыларымен жақын таныс болдым. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші кітабын 1943 жылы майданда жүргенде оқып шыққанмын. Француз жазушысы Луи Арагонның: «Осы әлемнің басқа елдерінде осыған сәйкес келетін шығарманы табу өте қиын, менің ойымша, бұл шығарма ХХ ғасырдың ең жақсы туындыларының бірі» деп бекер айтпағаны. Қазақтың тілі де, әдет-ғұрпы да, қазақ ұлтының өзі де ешкімнен кем емес қой.

Жергілікті жас дарын иелерінің шығармашылығымен де жиі танысып, олардың жетістіктеріне қуанып отыратынмын. Кейін олардың біразы қара сөздің шебері атанды.

Жол түсіп, Алматыға барған сайын Димаш Ахметұлы Қонаевқа, Орталық Комитетке барып жолығып жүретін болдым. 1961 жылғы Мәскеуде болған үлкен жиындағы таныстығымнан кейін қайырымды, мейірімді, байсалды Димаш аға көп жәрдемдесті. Әмбе, жәрдемшісі Дүйсетай Бекежанов та мені сыйлайтын еді.

1986 жылдың қараша айында Димекеңнің қабылдауына барып едім, алдында отырған хатшы қыз: «Аға, біраз күте тұрыңыз, ол кісіде Орталық Комитеттің хатшысы Қамалиденов жолдас отыр еді», – деді. Арада 10-15 минут өткенде Зақаш Қамалиденов шығып, мені танып, жылы сәлемдесті.

Димаш Ахметұлына кіріп, сәлемдестім де, көп айналмай Зақаш Қамалиденовке де кіріп сәлемдесуді жөн көрдім. «Үлкен хатшыға кіріп, мені кішісініп кетті ме, анау колхоздың председателі» –  деп ойламасын деген ойым еді.

Мемлекеттік сыйлық

Оралхан Бөкеев жазушы жерлесіміз, өзі жиен, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған екен де, өзімен бәсекелесі өзінен ілгері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев екен. Қазақ әдебиетшілерінен Мемлекеттік сыйлыққа орын біреу екен. Оралханның жарыстағы қарсыласы өте ірі адам екен дегенді Алматыдағы бір-екі жерлес, ниеттес жігіттерден естігенім. Мемлекеттік сыйлықтың мәселесінде Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысының пікірінің маңызды екенін білемін ғой. Сол туралы сөз қозғадым.

Зақаш Қамалиденов мені Димекеңе сол мәселе туралы кірді ме деп ойлап қалып: «Үлкен кісіге де айтқан шығарсыз, сыйлыққа бәйгеге ұсынылған бір орынға екі қазақ жазушысы шығып отыр, Оралхан мен Әбіш», –  деді Зақаш.

Бұл мәселе туралы Дінмұхамед Ахметұлымен сөз болмағанын анықтап айттым да, өз пікірімді білдірдім:

«Әбішке құдай өнерді де, бақытты да мол берген жігіт, өзі өнерлі жазушы, Қазақ ССР-ның Жоғарғы Советіне депутат, Жазушылар одағына хатшы. Жазушылығы да ешкімнен кем емес шығар-ды» айтып келіп:

–  Өткен жылдарда Одақта өткен шахматшылардың жарысында 1-2 орынды бөліскен Тигран Петросян мен Михаил Тальға екеуіне де «Чемпион СССР» атағын беріп еді. Мемлекеттік сыйлықты Әбіш пен Оралханға бөліп беріп, екеуін де сыйлықтың иегері атаса болмай ма?! –  деген «колхозшылық» пікірімді айтқаным бар еді.

Артынан партияның Орталық Комитеті мен Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Әбіш пен Оралхан екеуі де Мемлекеттік сыйлықтың иегері болғандығын біліп, ел-жұртпен бірге қуанып едік.

Жаз шыға Семейдегі ұлы Мұхтардың туғанына 90 жыл толған мерекесінде жолыққанымызда, Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Зақаш Қамалиденов менің қолымды алып, соңғы кездескендегі менің пікірімнің керекке жарап, қазақтың екі жазушысы Әбіш пен Оралханның екеуі де лауреат болып, Мемлекеттік сыйлықты бөліп алғанын айтқаны әлі есімде. Недеген зор адамшылық, недеген кісілік!

Қос талант хақында

Осы кездесу, әңгімелерден біршама жыл кейін сәлем беріп Мұхамеджан Қаратаев деген үлкен ғалым, сыншы, Қазақ энциклопедиясы бас редакторының үйіне барып едім. Бұл кісі өзі Сарыарқада туып өскенімен, Катонқарағайдағы Қаратай атты рулы елге студент кезінде бір-екі рет келіп кетіпті.

Жасы 90-ға таяп қалған ғалым адам сәлемімді алып, дивандағы жанына отырғызды.

–  Катонқарағайдағы Қаратай елінен бір Герой атағы бар, колхоз бастығы шежіре жазыпты, өзі осы Алматыға көшіп келіпті деп естіп едім. Сол Қаратайсың ба? Қаратайдың шежіресін маған ала келдің бе? – деп, мені тығырыққа тіреді.

Мен кешірім сұрадым, шежіре кітапты ала келмегеніме өкініп. «Қаратайдың екі Қаратайдай жас жігіттері Оралхан Бөкеев пен Қалихан Ысқақов Алматыға келіп әдебиет бәйгесіне түсіп жүр еді. Солардың шабыс, табыстары жөнінен сіздің, Қаратай аға, пікіріңізді білгім келеді» –  деп қалдым.

Екеуін де мақтады: «Оралхан – қаулап жанған қамыс құсатып, лапылдатып, жалындатып жазады. Ал Қалихан деген бауырыңыз өз қатарындағы жазушы жігіттердің бәрінен көркем, әдемі жазады» –  деп қуантқаны бар еді.

1990 жылдан бастап зейнеткерлік өмірім басталды. Зейнеткер екенмін деп тағы да шалқадан түсіп жата алмадым. Найман елінің ұрпақтары өз ата-тектерін біле жүрсін деген мақсатта «Тоғыз таңбалы Найман» атты үш томдық шежіре жазып аяқтадым.

Атақ, қосымша дәрежеге мұқтаж емеспін. Алты балам ер жеткен.  Бәрі де оқып жоғары білім алған, жанұялы, қызметтері бар. Бастарында үйлері, бауырларында қазандары бар дегендей. Қосымша атақ-дәреже іздеп жүрмегенімізді жұбайымыз Нағима екеуіміз анда-санда айтып, тәубе деуші едік. Тіпті, қазір де осы соңғы пікірден айнығамыз жоқ.

Қартайғандық па, жиі-жиі өр Алтайда өткен өмірім, майдандас достарым, бірге қызметтес болған достарым еске түседі. Солар туралы газет беттеріне естеліктер жазып қоямын.

«Ай бозым, айхай бозым, даңғыл бозым!

Жер шалғай, жете алмадым жалғыз өзім.

Тең тұстас, құрбы-құрдас қалмаған соң,

Қайтейін, кімге жетсін айтқан сөзім» – дегенді сал Біржан Абайға арнаған деседі. Кімге арнаса да халқымыздың тарланбоз бір асылына бағышталса керек…

Бошай Кітапбаев, Социалистік Еңбек Ері

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button