Қоғам

Қомақты қаржы түсіріп отыр

Қомақты қаржы түсіріп отыр


Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңадан жұмыс орындарын ашу, ел экономикасына лайықты үлес қосу жергілікті жердегі басшылардың басты міндеті екені айтылған. Айта кеткен орынды, Зайсан ауданында шағын және орта кәсіпкерлік ерекше қарқынмен дамуда. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов мынадай деректерді тілге тиек етті.

-Аудан бойынша жыл басында шағын және орта кәсіпкерліктің 118 нысаны тіркелген, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 93. Аудан бюджетіне аталмыш сала қызметкерлері 211 миллион теңгенің салығын түсірді. Бұл күндері тұрғындарға 144 дүкен, 12 дәріхана, үш мал дәріханасы, 19 наубайхана, тоғыз қонақ үй, 24 көлік жөндейтін шаберхана, сегіз жанар-жағармай стансасы, 22 қоғамдық тамақтандыру орны, бес базар, 15 шаштараз қызмет көрсетуде. Тек өткен жылы аудан орталығында бірнеше сауда үйлері, бірнеше азық-түлік дүкендері, тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелер, бірнеше дәріхана пайдалануға берілді,-деді аудан әкімі.

Аудан орталығын былай қойғанда, шалғайдағы ауылдарда да шағын және орта кәсіпкерлікке көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы Қаратал ауылында болғанымызда жаңадан іске қосылған «Рахима» дәріханасында науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмектің сан алуан түрінің сөрелерде самсап тұрғанын көріп, жаны қиналған жандардың облыс орталығы немесе Зайсанға бармай-ақ, өздері мекендейтін ауылдан тауып алатынына көз жеткізген едік. Жанымызда жүрген аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева бұл өңірдегі 16-ші дәріхана екенін айтқан кезде, іштей разы болдық. Үлкен Қаратал ауылында 500 орындық қатымхана, спорт модулі, саябақ ашылды. Сондай-ақ, ауданның Сарытерек, Айнабұлақ, Қарабұлақ, Кеңсай, Дайыр, Біржан ауылдарында да адамдар демалатын орындар, дүкендер, басқа да нысандар ашылып жатыр.

Зайсан қаласына бара қалсаңыз, ауған соғысы ардагерлеріне арналып салынған саябақ, Ұлы Отан соғысында тапқан боздақтарға арналған ескерткіш, «Қазақ елі» монументі, Бейбітшілік саябағы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы саябағы, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған еңселі ескерткіш, Рәміздер композициясы, муниципалды базар, мал бордақылау алаңы, «Рахат», «Арай» қонақүйлері, «Алаш», «Алматау», «Тұлпар», «Сәлем», «Нұрасыл» сауда үйлері, «Рахат» кондитерлік цехы, спорт кешендері алдыңыздан бұлтты күнде жарқырап шыға келген күндей нұрын шаша қалады. Зайсан қаласының әкімі, Долдан Тожыбаев шағын және орта кәсіпкерліктің табыс ұйытқысы екенін айта келіп, алда тұрған міндеттерге тоқтала кетті.

-Тек биылдың өзінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында жаңадан бірнеше нысандар ашылды. Жүзге тарта жұмыс орындары ашылып, аудан бюджетіне қомақты қаржы түсе бастады. Зайсан қаласының Жеменей өзенінің жоғары жағындағы мөлтек ауданда жекеменшік тұрғын үй салушыларға, сауда дүкендері мен басқа да нысандар ашуға тілек білдіргендерге кезек бойынша жер телімдері бөлінді. Қазір заңды тұлғалар 94, жеке кәсіпкерлер саны 1120 адамға жетті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үш жеке кәсіпкер 126,5 миллион теңге несие алып, жаңадан 33 жұмыс орны ашылды. Аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлерге тренинг-оқытулар өткізіліп, 31 адам арнайы сертификаттарға ие болды. Ербол Келгенбаев деген іскер азамат шағын ет комбинатын ашты. Ол жылына 30 мың тоннаға дейін етті экспортқа шығара алады. Бордақыда тұрған малды тұрғындардан сатып алып, көрші Қытай еліне оператор ретінде өткізу ойларында бар. «Икеп» шаруа қожалығының ұн зауыты тек ауданның ғана емес, көрші ауданның да сұранысын қамтамасыз етуде. Бүгінгі күні жергілікті кәсіпкерлер 1800 тонна өсімдік майын, 96 тонна сүт өнімдерін, 804 тонна піскен нанды, 86,8 мың литр минералды суды өндіріп жатыр. Алдағы уақытта да шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге жол ашық,-дейді қала әкімі Долдан Ыбырайұлы.

Бұған қоса аудан кәсіпкерлері, шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданушылар, қалталы азаматтар қайырымдылық шараларына белсенділікпен қатысып, аз қамтылған жанұяларға, мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсетіп тұрады.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button