ҚоғамТОП

Омарташылар әулетінің құпиясы неде?

Омарташылар әулетінің құпиясы неде?

Катонқарағай ауданындағы Ақсу ауылының тумасы, омарташы Борис Ионин негізін өзінің ата-бабасы қалаған отбасылық істі табысты жалғастырып келеді. Алдымен атасы, кейін әкесі, содан соң ағасы омарта өсіріп, ара бақты, енді өзі де ниеттері мен қабілеттеріне қарай балаларын байырғы кәсіпке баулып жүр.

 

Араның тілін тапқандар

 

Ауылдықтардың айтуынша, омарта өсіру ­– әркімнің қолынан келе бермейтін іс, біреулер бұл кәсіпті іліп әкетсе, енді біреулер жұмысты жүргізе алмайды, ал басқаларға түрлі себептерге байланысты омарташылықпен мүлдем айналысуға болмайды. Аралар ерекше ұжымдасқан тіршілік иелері екенін ескеру керек, олармен тек өздері секілді еңбекқор әрі шыдамды адамдар ғана ортақ тіл табыса алады. Бұл ретте қанатты жұмысшыларға да, оларға үнемі күтім жасайтын омарташыға да оңай емес.

– Ара деген көп қой, ал мен болсам жалғызбын, ­– деп жымияды Борис Ионин. – Сондықтан шыжыған күннің астында әр ұяны реттеп, қадағалап жүргенің. Әрі торлы бас киімінің ішіне ауа жөнді өтпейді, оны жиі-жиі шешіп тастап, жақын маңдағы салқын бұлаққа барып, беті-қолды жууға тура келеді.

Омарташы қатарынан бірнеше жылға созылған құрғақшылықтан кейін биыл жауын-шашынның ерекше молайғанын айтады, сондықтан маса да қаптап кеткен, құжынап жүр. Иә, ара бағушылардың еңбегі ауыр-ақ, нәпақасын адал еңбекпен, маңдай термен табатын осылар.

­– Жазда омартаға отбасымызбен таң атпай келеміз, бір жақсысы омарта соншалық алыс емес әрі жолы да сайрап жатыр, өз көлігіміз де бар, – дейді омарташы. – Омартада түнейміз, ауылдағы үйімізге мал үшін ғана барамыз, оларды да қадағалап тұрмаса болмайды. Жолға шығарда кішкене итіміз кабинаға бірінші болып мініп алады ғой, салт аттының артынан ергісі келмейді.

– Күн райы ашық кездері аралар бал жинаумен айналысады, қатты ашулы емес, – дейді Борис. – Сондықтан аса көп алаңдамауыңызға болады, ара тектен-тек тиіспейді. Әтір иісінің оларды ызаландыратыны бар, сондықтан омартаға ештеңе себінбей барған жөн.

 

Әулеттің игі дәстүрі

 

Омарташының айтуынша, маусымның қызған шағында жаңа үйірлерді дер кезінде бөліп, аралардың үймеленіп кетуіне жол бермеу керек. Мамандарға ғана белгілі әрі түсінікті көптеген өзге де түйткілдер жетерлік.

– Балымыздан дәм татыңыздар! Кейде аралар ұя жақтауларының арасына қосымша бал ұяшықтарын жасайды. Хош иісті балшырыны бар осындай балауыздарды кесіп алып, дастарханға қоямыз, онымен шай ішкен керемет! – дейді Борис.

Расымен, бұлақ суынан қайнатылған әрі қолдың сүті қосылған хош иісті күрең шәйдің де, Шығыстың сан түрлі өсімдігінен жиналған балдың да дәмі ғажап-ақ екен!

Бір қызығы, омарташылар отбасында балға деген көзқарас әр түрлі. Үйдегі отананың айтуынша, үстелде үнемі бал, тосап тұрған кезде балалар ұзақ уақыт бойы оларға мүлдем қарамауы мүмкін.

– Мәселен, кішкентай қызымыз балға тек жазда ғана қызығушылық танытады. Ол әсіресе ұядан енді ғана айдалған балды жақсы көреді, сол кезде ол жып-жылы әрі хош иісті болып тұрады, – дейді Марина Ионина.

Анасының айтуынша, Полина әке-шешесімен омартаға барғанды ұнатады, тіпті ара шақпас үшін омарташы костюмін де тіктіртіп беріпті. Оның болашақта қай мамандықты таңдарын білмейміз, бірақ отбасының дәстүрімен, ата-баба кәсібімен қазірден-ақ танысып жүр.

Алтайлық омарташылардың байырғы әрі игі бір дәстүрі бар ­– жылдың ең алғашқы балын туыстарға, таныстарға, достарға, көрші-қоланға таратып береді. Бұл істі көбіне балаларға жүктейді, өйткені ата-аналарының қолы тие бермейді. Отбасылық педагогика, кәсіби бағдар беру дегеніміздің өзі осы ғой.

 

Бір ауылдың балалары

 

Иониндер отбасының айрықша ерекшелігі сол – ағайындылардың барлығы дерлік қазақ тілін еркін меңгерген. Олардың әкелері – омарташы, малшы, табыншы Иван Петрович те қазақшаны жетік білген. Қазақ сөздерін таза әрі ешбір акцентсіз айтуы былай тұрсын, мақалдап сөйлегенде кейбір қандастарымыздың өзін жолда қалдырады екен.

Сол сияқты Борис те өзінің еуропалық келбетіне қарамастан ойын қазақша дәл жеткізіп, орысшадан қазақшаға және керісінше оп-оңай ауыса салады.

– Қазақ тілін қашан үйренгенімді нақты айта да алмайды екенмін. Мектепке бармай тұрып-ақ көршілермен, достарыммен қазақша сөйлесе бастағанмын. Біз бала кезімізден бір ауылда тұрамыз, ортақ мерекелерді бірге атап өтеміз, салт-дәстүрлерді ұстануға тырысамыз, әрқашан бір-бірімізді қолдап жүреміз, – дейді Борис.

 

Бесаспап болуға тиіссің

 

Дәстүрлі, жақсы дамыған ара шаруашылығы саласында қалдықтар тым аз, тіпті мүлдем жоқ деуге де болады. Керісінше, ерінбеген адамдар үшін бұл – тұрақты пайда әкелетін кәсіп. Ұяшықтардан тәтті балдан басқа, табиғи шайыр алынады, ол дүкенде сатылатын кез келген сағыздан пайдалы. Ал, сағыздың қалдығынан балауыз жасауға болады. Бұл ұсақ-түйек болып көрінуі ықтимал, бірақ осыдан ара шаруашылығының қаншалық табысты сала екені байқалады.

– Биыл жауын-шашын көп, шөп бітік шықты, бірақ бәрі балды өсімдіктердің гүлдеу уақытына, сол кездегі күн райына байланысты. Көп күнге созылатын жаңбыр мен суық ауа температурасы араларға бал жинауға кедергі келтіреді. Осы маусымда біздің ауданда жаз бойы гүлдейтін ақ жоңышқадан жақсы бал түсіп жатыр, – деді Борис Ионин.

Омарташы жан-жақты шебер болуы керек. Ағашпен жұмыс істеу, құрылыс жүргізу, араларды емдеу, тіпті ұяларды аюлардан қорғау да – оның міндеті. Омартаға қажет ғимараттардың өте сапалы жасалуы, бөренелерден, қалың тақтайлардан және басқа да сенімді материалдардан тұрғызылуы кездейсоқ емес. Сонымен қатар омарташы өзі трактор мен автокөлік жүргізеді, жылқыға мінеді, омартада жұмыс пен демалуға қажет барлық жағдайды өзі жасайды. Мұндағы әр бөлмеде тау балының және басқа да ара өнімдерінің хош иісі аңқып тұр. Бұл жердегі ауаның өзі де шипалы секілді сезіледі.

 

Ұштасқан үш буын

 

Өткен жылдардағы «Рудный Алтай» газеттерін ақтара отырып біз екі қызықты мақаланы таптық, басылған уақыттарының арасы айтарлықтай алшақ екен. Олар Иониндер әулетіне арналыпты.

Алғашқы мақала қаһарманымыздың атасы – соғыс ардагері, әйгілі әрі тәжірибелі омарташы Петр Филиппович жайлы. Келесі мақалада оның ұлы, яғни Бористің әкесі Иван Петрович туралы жазылған.

Осы екі жарияланымда ұрпақтардың ажырамас байланысы, дәстүр сабақтастығы байқалды. Бүкіл бір әулеттің әр буынын түйістіре білу тілшілер қауымы үшін шығармашылық олжа, сәттілік саналады.

– Бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын, нағыз тосынсый екен. Аталарымыз бен әкелеріміз туралы құнды деректердің журналистердің көзге көрінбейтін еңбегі арқасында газет беттерінде сақталғанына өте ризамын. Өкінішке қарай, атамыз туралы көп білмейміз. Оның кейбір әскери суреттерін жоғалтып та алдық, естеліктердің қаншалық қымбат екенін енді түсініп отырмыз ғой. Бірақ олардың есімдерін тарихта қалдырған облыстық газетке алғысым шексіз! – дейді Борис Ионин қуанып.

 

Аударған – Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button