Қоғам

Омарта және марал шаруашылығын дамытудың жолы қандай?

Шығыстың қос бренді – бал мен панты өнімдері екені бесенеден белгілі. Бүгінде қос саланың жұмысын ілгерілеткен өңір шаруалары омарта санын арттырып, марал басын көбейтті. Өндірілген өнімді кәдеге жаратып, медициналық туризмді дамытуға үлес қосты. Дей тұрғанмен, саланың әлі де кенжелеп тұрған тұстары жоқ емес. Атап айтсақ, бүгінде халық денсаулығына пайдалы сапалы өнімді өндіруді толықтай игеруге қол жеткізе алмай отырмыз. Шаруашылықтарды асылдандыруда, субсидиялауда проблема жетерлік. Осы және басқа да мәселелерді қозғап, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин саланы дамытуға мүмкіндік беретін ұтымды ұсыныстар жасады.  

Суы мен нуы мол Шығыс өңірінде омарта және марал шаруашылықтарының жақсы дамығаны белгілі. Бүгінде бал өнімдерін өндіріп, экспорттауда алдына жан салмайтын аймақ шаруалары аталмыш саланы ежелден кəсіп қылған. Біраз жыл бұрын саны саусақпен санарлықтай ғана болған шаруашылықтар үлесі қазірде қомақты. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде өңірдегі омарта шаруашылықтарының саны 150-ден асты. Қазір марал шаруашылығы қайтадан өркендей бастады. Ғасыр бұрын күрт азайған бұғы саны бүгінде сегіз мыңнан асып жығылады. Бұл жерде өңірдегі марал өсірушілердің еңбегі ерен. 16 шаруашылықтың ісін ілгерілеткен өңір үшін панты өнімдерін өндіріп, кәдеге жарату, медициналық туризмді дамыту – бірінші кезектегі мақсат.

Әлеуеті жоғары сала

Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин, міне, осы мәселелерді қозғады. Омарта және марал шаруашылықтарының өнім сапасы мен экологиялық тазалығы, биологиялық алуантүрлілікті сақтау саясатындағы маңызы және «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін ілгерілетудегі әлеуетінің өте жоғары екенін айтқан сенатор тәуелсіздік жылдары саланы реттейтін заңнамалық базаның қалыптастырылып, мемлекеттік қолдау шараларының қарқын алғанын атап өтті.

– «Бал ара шаруашылығы туралы» Заң қабылданғаннан бері омарташылар саны екі есеге артып, статистикалық деректерге сәйкес, 2020 жылы бал ара ұяларының саны 133 367-ге жетіп, он жылда екі есеге өскен, – деді Дүйсенғазы Мусин өз сауалында. – Бүгінде асыл тұқымды бал араларының үлес салмағы 18 пайызды құрайды. Тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларында жан басына жылына 6 келі ара балы көзделген. Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылы 2 932 тонна бал өндіріліп, оның 147 тоннасы эскпортталған. Өндірілген балдың 70 пайызы және экспорттың негізгі үлесі Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Өсім қарқыны Павлодар, Алматы, Түркістан облыстарында да байқалады.

Бал араларының энтомофильді ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруда және медицина саласында апитерапияны дамытуда да маңызының ерекше екенін алға тартқан Дүйсенғазы Мағауияұлы халық денсаулығына өте пайдалы сапалы өнім өндіруді толықтай игере алмай жатқандығымызды да тілге тиек етті. Атап айтсақ, Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздегі 3,3 млн. оқушының бүгінде 400 мыңнан астамы ғана балмен қамтамасыз етілген екен. Өңірлерге жасалған іссапар барысында омарташылар мен республикалық палата өкілдері тарапынан саланың дамуын тежеп отырған бірқатар проблемалық мәселелердің басы ашылған. Қандай проблемалар дейсіз бе? Ендеше, назар аударыңыз: бүгінде таза асыл тұқымды ара ұялары мен аналықтарының және өнімдерді қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Тұқымдық аудандастыру жоспары жаппай бұзылған, асыл тұқымды омарталар саны жеткіліксіз, материалдық-техникалық база мен жұмыстың қанағаттанғысыз жағдайы, омарталарды аймақтардың табиғи және экологиялық жай-күйін есепке алмай орналастыру және ветеринариялық қызмет жүйесіндегі кемшіліктер, сондай-ақ субсидиялау ережелерінің кемшін тұстары.

Қаржы тиімділігін бақылау төмен

– Мемлекеттік бағдарлама аясында соңғы төрт жылда асыл тұқымды араларды сатып алуға бюджеттен 1 млрд. теңге субсидия бөлінген. Алайда, палатаның деректеріне сәйкес, өңірлерде қаржы тиімділігін бақылау төмен деңгейде, бұл тұрғыда қолданыстағы Ережені жетілдіру қажет. Көкейкесті мәселе – өнімдерді өткізу мен экспорт әлеуетін арттыру. Сондықтан Қазақстан балына деген қызығушылық ескеріліп, экспорт мәселесі жан-жақты саралауды талап етеді, – деді Дүйсенғазы Мусин.

Жоғары сапалы бал беретін омарталар құруда жүйелі жұмыстар жоқтың қасы. Бал ара ұялары мен пакеттерінің қозғалысына бақылаудың болмауынан, бірқатар аурулар бойынша эпизоотиялық жағдай өте күрделі күйде. Бұл ретте, мемлекеттік ветеринарлық бақылауды күшейту мақсатында омарталарды паспорттау қажеттігі туындайды. Ара ұяларының нақты саны, жеке сектордағы өнім көлемі туралы статистикалық деректер нақтылауды талап етеді. Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануы және өсімдік шаруашылығында инсектицидтерді қолданудың зиянды әсері жалғасуда. Айта берсек, проблема жетерлік.

– Өнімдердің экологиялық қауіпсіздігі ерекше өзектілікке ие. Бұл өз кезегінде зертханалар желісін құруды талап етеді. Әлемдік нарыққа шығу үшін терең ғылыми зерттеулер мен биологиялық ресурстарды ұтымды пайдаланудың мәні зор, атап айтқанда, перспективалық дамуды жүйелі жоспарлау, бал қорларын анықтап, аймақтарда ара ұяларын оңтайлы орналастыруды кешенді зерттеу қажет деп санаймын. Өнім көлемін ұлғайту мақсатында аудандастырылған тұқым түрлерінің ерекше өміршеңдігіне, өнімділігіне және бейімділігіне сәйкес селекциялық жұмысты жүйелеп, асыл тұқымды омарталар желісін құру қажет. Бұл тұрғыда, бал араларын қорғау, көбейту үшін олардың мекендеу ортасын сақтау, әсіресе ерекше құнды учаскелер мен өсімдіктерге қол сұқпаушылыққа талаптар мен жауапкершілік күшейтілуі тиіс. Сонымен қатар асыл тұқымды бал араларын өсірумен және өткізумен жүйелі түрде айналысатын омарташыларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту қажет деп санаймын, – деді сенатор.

Кербұғы саны екі есеге кеміген

– Статистикаға сәйкес, елімізде 1990 жылы 15 мың марал өсірілсе, бүгінде олардың саны екі есеге кеміген. Бұған қарамастан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында 25 марал шаруашылығы,  сегіз аңшылық шаруашылығы және қырықтан астам пантымен емдеу орталықтарымен қатар туристік қызметтердің көлемі артуда. Бұдан марал шаруашылығын дамытып, өнімдерін қайта өңдеу ісінің болашағы зор екенін көруге болады, – дейді Дүйсенғазы Мағауияұлы.

Алайда қазіргі таңда бұл сала оны жүргізудің күрделілігі мен қаржылай тиімділігінің төмендігінен мүшкіл жағдайда, бизнес үшін тартымсыз. Осы теріс үрдіс жалғасатын болса, Қазақстанның эндемигі – маралдардың жойылып кету қаупі бар. Марал өсірушілердің негізгі проблемалары – панты өнімдерін өткізу нарығы мен баға деңгейінің төмендігі, селекциялық-асылдандыру жұмыстарының әлсіздігі. Материалдық-техникалық базаларын дамыту мүмкіндіктері шектеулі.

– Мамандардың есебінше, маралдың бір басын күтіп-бағу шығыны жылына 280 мың теңгені құрайды, бұл пантыны экспортқа сатудан түсетін кірістен екі есе жоғары. Сондықтан да бизнес түрі ретінде саланың келешегі бұлдыр, бұған тек соңғы он жылда Катонқарағай ауданындағы марал санының 51 пайызға кемігені айқын дәлел. Сондай-ақ сапалық көрсеткіштер төмендеп, жылдар бойы қалыптасқан оң тәжірибе жойылумен қатар, білікті мамандардың тапшылығына әкелуде. Депутаттық сауалды әзірлеу барысында анықталғандай, республикалық палата және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері саладағы проблемалар туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар мен толық негіздемелер жасағанымен, қабылданған шаралар айтарлықтай өзгеріс әкелмеген, – деді Дүйсенғазы Мусин.

Осының негізінде сенатор субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізу арқылы маралдардың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу нормативтерін қазіргі 10 мың теңгеден 40-50 мың теңгеге дейін көтеру, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеуді субсидиялау қағидаттарына марал қоршауларын салу және кеңейту, пантылық процедуралар қызметін көрсету объектілерін, қайта өңдеу цехтарын құру және кеңейту, қолдан ұрықтандырудың асыл тұқымдық орталықтарын құру бағыттары бойынша, жаңа паспорттар енгізу, отандық және шетелдік селекция есебінен асыл тұқымды аналық немесе мүйізді маралдарды сатып алуды субсидиялауды түбегейлі шешу, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мен асыл тұқымды мал басы үшін азық құнын арзандатуды қарастыру сияқты проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.

– Бұл шаралар іске асса, мемлекеттік бағдарламалар және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде үйлестірілген шаралар шалғайдағы, әсіресе шекара бойындағы елді мекендер халқының әл-ауқатын арттыруға серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы алға қойған – бір миллион ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде көтеру, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауылдағы кооперацияны дамыту арқылы ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашуға зор мүмкіндік берер еді, – деп қорытындылады Дүйсенғазы Мағауияұлы.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button