Олжас Қасым – мемлекеттік \”Дарын\” сыйлығының иегері
Биылғы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының «Әдебиет» аталымын жерлесіміз, жас ақын Олжас Қасым алды.
Олжас Әбілұлы 1989 жылы Семей қаласына қарасты, Абыралы өңірінде дүниеге келген. Төлеужан Ысмайылов атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында шеф-редактор. Өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарияланған. «Алтын қалам-2011», XVII халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, «Серпер» Жастар одағы сыйлығының иегері. «Бозбеткей» өлеңдер жинағының авторы.
Журналистика мен поэзия дейтін қос өнердің тізгінін қатар ұстап келе жатқан әріптесіміз – Олжас Сүлейменов сынды әйгілі ақынның оң бағасына ие болған талант иесі.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» сыйлығына мен «Әдебиет» аталымы бойынша қатыстым. Әрине, көптеген үміткерлердің ішінен осындай биік белеске жетіп, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Дарын сыйлығы – беделді де абыройлы сыйлықтардың бірі. Біздің алғы буын ағаларымыз алған, бүгінде елімізге танымал адамдардың жолын жалғастырып отырмыз. Бұл біздің мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр, – деп қуанышымен бөлісті жеңімпаз жерлесіміз «Әдебиет» порталына берген сұхбатында.
Мұратхан Кенжеханұлы