Қолының сиқыры бар
Осынау ұяң да өжет жігітті бала кезінен білетінмін. Зымырап жатқан уақыт оны да жігіт ағасы жасына әкеліпті. Көптен көрмегем, сабырлы жүзі мен күлімдеген көзінің маңайына ептеп әжім кіріпті… Қашан көрсең жымиып жүретін елгезек Әскербектің «жә!» деген суретші, мүсінші болғандығынан бейхабар екенмін. «Мен осындай үлкен іс жасадым, тындырдым!» деп өзі де айта қоймайтын жігіттің бүгінгі күні оң жамбасқа келген шаруасына қарасаң көз тояды.
Сексенінші жылдары Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген оның бүгінгі күнге дейін өзі сүйіп таңдаған мамандығына адал екенін байқауға болады.
– Тоқсаныншы жылдардың топалаңы кезінде, әсіресе біздің өнер адамдары көп запы шекті ғой, – дейді мүсінші, суретші Әскербек Қашабаев. – «Байтал түгіл бас қайғы» болған кер заманда нан тауып жеудің өзі қиямет болды. Суретші, мүсіншілер тұрмақ басқа да мамандықтарға атқарар қызмет табу бір машақат болды емес пе. «Өткен күнде белгі жоқ» деген… қазір ұмыт бола бастады ғой. Сондықтан есеміз кеткен есіл уақыттың өнерге берер еншісін толтыруға барынша тырысып жатырмыз.
Шынында да, Әскербек 2006 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен суретші-декораторлар сайысында 21 мемлекеттен келген өнер тарландарының арасында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Бес жұлдызды мейманханалардың ішкі интерьерін безендіру сайысы бұл үшін үлкен мектеп болғаны анық. Жарты сағаттың қорытындысы бойынша туындының композициясы мен суретші-декоратордың шеберлігі сыналған сайыста мұның да шығармашылығы жоғары бағаланды. Бұдан кейін де Ресей, Түркия, Молдова елдерінде өз өнерін паш еткен жерлесіміз 2012 жылы Ресейдің Чебоксары қаласында ағаштан түйін түйген шеберлер мен мұздан мүсін жасаушылар байқауына қатысты. Әлем экологиясы тақырыбын қамтыған өнер сайысына қатысушылар «Қызыл кітапқа» енген аң мен құстардың бейнесін ойып шығаруы тиіс. Қуатын бензиннен алатын арамен (бензопила) уақытқа жұмыс істеген мүсіншілердің жұмыстарын белді-белді қазылар алқасы бағалады. Олардың құрамында қазақстандық мүсіншілер Вагиф Рахманов, Шоқан Төлеш және Эдуард Казарян, сонымен қатар «Сегіз көлдің» генерал директоры мен дизайнері Юлия Болатова болғанын айта кеткен ләзім. Мұнда да Әскербек Қашабаевтың мұздан, терек ағашынан ойып шығарған туындылары жоғары бағаланды. «Қанатты барыстың» авторлары Алматыдан келген Әскербек Қашабаев, Равиль Мажитов және Даир Сахытов болды.
Өнерлі жан жерде қалмайтыны рас екен. Бұдан кейін ол әйгілі «Көшпенділер» көркем фильмі мен «Композитор» атты фильмге шақыртылып, олардың декорацияларын жасап, мүсіндер соқты.
– Рас, мұның бәрі алдын ала фильм түсірер алдында болды. Бізді тек келісімшарт арқылы шақыртқандықтан, еңбегімізді аса бұлдамадық. Алайда мен содан өзіме көп сабақ ала алдым. Мәселен, қазақ хандығына 550 жыл толуы қарсаңында даңқты Қабанбай, Бөгенбай, т.б. батыр бабаларымыздың мүсіндерін балауыздан, пенопластан жасап шықтық, – дейді ол.
Әскербек Қашабаевтың майлы бояумен, акварельмен салған этюдтері бір төбе. Онда туған жерінің табиғатын бейнелеген суретші жігіт оның барлық әсемдігі мен бояуын анық көрсете білген.
– Park Resort қар мен мұз мүсіндердің халықаралық байқау фестивалінде әлемнің әр түкпірінен келген мүсіншілер бес күн бойы мультфильмдердің ғажайып фигура-кейіпкерлерін жасаған болатын. Біз отбасымызбен сол фестивальді тамашалау бақытына ие болдық, – дейді суретші Арсен Аманов. – Мұндай өнер туындылары біздер үшін өте құнды. Жерлесіміз Әскербек Қашабаевтың сомдаған мүсіндері біздің көңілімізден шықты.
Қолының сиқыры бар суретші-мүсінші жігіттің арман-асуы асқақ болуын тіледік.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.