Олқылықтардың барлығы қалпына келтірілді

Глубокое ауданының орталығы – Глубокое кентіндегі осыдан бір жарым жыл уақыт бұрын пайдалануға берілген аудандық аурухана ғимаратында жарықшақтардың пайда болғанын бұған дейін жазған болатынбыз.
Облыс басшылығының тікелей тапсырмасымен қабырғадағы жарықшақтардың пайда болуына байланысты сараптама жасалып, тиісті шаралар қолданылды. Қазіргі уақытта мұндағы олқылықтардың барлығы 95 пайызға қалпына келтірілді. Наурыз айының басынан бастап емхана толық режимде жұмыс істейтін болады.
Жылдың басында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталған ғимаратта болып, жобалау институтына мән-жайды анықтап, сараптама жасауды тапсырған болатын. Мамандар қабырғаның қақырауына кәрізден аққан судың ұзақ уақыт бойы топырақты ылғалдандырып келгені себеп болды дегенді алға тартып отыр. Мұндай кемшіліктерге ғимараттың алғашқы мердігері «Құмаров және компания» ЖШС жол берген.
Жобалау институтының мамандары Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің қызметкерлерімен бірлесіп, ғимарат қабырғаларының беріктігін нығайту үшін арнайы жоба әзірлепті.
«Элхон» ЖШС мердігерлік ұйымы ғимараттың іргетасы, қабырғалары мен астыңғы және үстіңгі қабаттарын қайтадан бекемдеп, дұрыс қағылмаған діңгектерді нығайту жұмыстарын жүргізіпті. Қазіргі уақытта еденге линолеум төсеу және қабырғаны әктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстық ақпарат орталығы