Мәдениет

ӨЛКЕМІЗДІҢ ӨНЕРІН ӨРГЕ СҮЙРЕП ЖҮРГЕНДЕР

Үржар аудандық Мәдениет үйінің хореографы, «Сонар» балалар ансамблінің би жетекшісі Мақпал Қадырғалиқызы Камашева тағы бір биікті бағындырып жерлестерін қуантты. Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап, әр салада еселі еңбек етіп, туған жері мен елінің жаңа сатыға көтерілуіне зор үлес қосып жүрген ұлт жанашырларының келбеті топтасқан «ЕЛ жанашыры» энциклопедиясына Мақпал Камашеваның есімі енді. Сонымен қатар ол Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалімен марапатталды.

Мақпал Қадырғалиқызы туралы айтар болсақ, ол – Үржар ауданы, Көлденең ауылының тумасы. Бала күнінен өнерге ғашық, талантты қыздың сахнаға қадамы ауданымыздың 28 жылдық тарихы бар «Жауқазын» өнер байқауында ән айтуымен басталған. Сол кездегі «Сонар» ансамблінің негізін қалаушы, Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ғибрат Азубаев Мақпалдың бойынан биге деген қабілетін байқап, 1996 жылы ансамбліне шақырған еді. Оқушы күнінен «Сонар» ансамблінің құрамында ауданымызда өтіп жатқан барлық мәдени іс-шараларға атсалысып, еліміздің  үлкен сахналарында өнер көрсетті. Өмірлік мамандығы ретінде би саласын таңдаған Мақпал Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка колледжін бітіріп, 2005 жылы Үржар аудандық Мәдениет үйіне хореграф болып қабылданды. Міне, содан бері 17 жыл бойы Мақпал Камашева өзі де сахнаның ажары болып көрерменді қуантып, білікті би педагогы ретінде шәкірттерін тәрбиелеп, «Сонар» ансамблінің туын биік ұстап, жетістіктерімен бізді қуантып келеді.

Жыл өткен сайын Мақпалдың шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атануда.

Жетістіктерін атап айтар болсақ:

2014 жылы облыстық «Алтай жұлдыздары» байқауында «Сонар» үлгілі ән-би ансамблі би аталымы бойынша жеке орындаушы бірінші орынға, ансамбль үшінші орынға ие болды. «Самға, жұлдыз!» республикалық байқауында «Сонар» үлгілі ән-би ансамблінің әншілері бірінші орынды жеңіп алды. Облыстық «Неткен ғажап бұл әлем!» атты балалардың байқау фестивалінде «Сонар» үлгілі ән-би ансамблінің әншілері екінші және үшінші орындарға ие болды. Халықаралық «Ерлігі-елге мұра» байқауында би номинациясы бойынша екінші орынды (орта топ және кіші топтар) алды. 2015 жылы Алматы қаласы, Іле ауданында «Байбота-Асар» корпоративтік қоры «Дем беретін үміт» атты қайырымдылық концертінде көрсеткен өнері үшін «Сонар» би ансамблі алғыс хатпен марапатталса, 2016 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық «Дала дарыны» байқауында жеке би номинациясы бойынша бас жүлдені және екінші орынды, «Сонар» би ансамблі топтық би номинация бойынша бірінші орынды иеленген.

Өнер ұжымының жеткен жетістіктерін тізіп айта берсек бүгінгі күнге дейін жалғасары сөзсіз. Осы жылдар ішінде «Сонар» ансамблі көптеген өнерпазды тәрбиеледі. Олардың көпшілігі мамандықтары бойынша оқуын жалғастырған, бұл күндері өнер саласында жұмыс істейді.

Биыл Үржар ауданында еліміздің ұлттық спорт түрі құсбегіліктен І Әлем чемпионаты өтті. Ауданымызға жеті мемлекеттен (Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Ресей, Украина, ҚХР, Қазақстан) және Қазақстан командасының құрамында 13 облыстың бүркітшілері мен саятшылары жиылды. Чемпионат мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы және ауданымызда жыл бойы тойланып жатқан Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналды.

Жиырма қазақ үйі тігіліп, ауданымызға келген жарысқа қатысушылар мен қонақтарды қазақы дәстүрмен күтіп алды.

Құсбегіліктен І Әлем чемпионатының салтанатты жабылуында Үржар аудандық Мәдениет үйінің өнер ұжымының дайындауымен «Ұлылар мекені» атты концерттік бағдарлама жиналған қауымның назарына ұсынылды.

Алғашқы Сақ патшасы Тарғытай хан, Үржар ханшайымы, Қаракерей Қабанбай батыр, Абай Құнанбайұлы сынды ардақтыларымыз сахнада бейнеленіп,  рәміздеріміздің 30 жылдығы да бағдарламаның тұжырымдамасына кірді. Осы шараның өтуіне белсене атсалысқан және өнер көрсеткен Қанат Сатмұхамбетов басқарып отырған аудандық Мәдениет үйінің және Райгүл Базарбаева басқарып отырған аудандық орталық кітапхананың ұжымына ерекше алғыс білдіреміз.

Сонымен қатар  Қабанбай ауылында батыр бабамыздың 330 жылдық мерейтойына және  Республика күніне орай «Асыл мұра» өнер байқауының қорытынды концерті өтіп, жүлделі орындарға ие болған ауыл өнерпаздарын аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов құттықтап, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Өңіріміздің өнерін өрге сүйреп жүрген үржарлық өнер ұжымдары мен өнерпаздарымызға келер жылы да табыстан табысқа жете беріңіздер деген тілегімізді білдіреміз.

Жанат Андасова   

Үржар аудандық мәдениет бөлімінің басшысы

 

 

Осы айдарда

Back to top button