Көшпелі ғұмыр қай қиырға бастап бармады. Жортып жүріп жалпақ әлем жағрапиясында із қалдырдық. Күн астындағы Күлтегіннің даласында даңқы шығып, Тоныкөк жортқан топырақтан Токиоға барған желаяқ жайлы біле ме жұрт?! Тарқатар ойымыздан тұздық бере кетейік, біздің айтпағымыз 1964 жылы Токио олимпиадасына қатысқан тұңғыш қазақ аруы Алданыш Рамазанқызының жетістігі жайлы болмақ. Талантының арқасында тұңғыш олипмиядаға қатысушы деген атты тағдырына жазып, тарихына таңбалаған желаяқ туралы толығымен баяндайық.
1945 жылы дүниеге келген Алданыш Рамазанқызының бала ғұмыры Баян-Өлгей қаласында өткен. Алтайдың терсікей жотасында желмен жарысып өскен желаяқ қызды көшпелі ғұмыр Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласына алып барады. Ойын баласы ол кезде өмір бәйгесі басталғанын ойламаған да болу керек. Ол Ұлан-Батырдағы №18 мектептің босағасын тарыдай болып аттағанда, таудай болып шығарын білмеген де шығар! Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қатарластарымен бәйгеде алдына жан салмапты. Шашасына шаң жұқпаған желаяқ қыз жарқ етіп көзге түседі. Талантына таңдай қаққан сол кездегі мемлекеттік спорт комитетінің жеңіл атлетика бөлімінің жаттықтырушысы Ү.Найдан мен Кеңес елінен келген спорт маманы Иванов 6-сыныптың оқушысын жеңіл атлетика сексиясына қабылдаған. Қатарластарын басып озған қаршадай қыздың спорттық карерасы осы кезден басталады. Желдей жүйткіген желаяқтың талантына тәнті болған жаттықтырушылар ұлттық құрама қатарына алады. 1961 жылдан бастап, 1969 жылға дейін ұлттық құраманың ұпайын түгендеген Алданыш Рамазанқызы айтарлықтай жетістіктерге жетеді.
16 жасында ел рекордын жаңартқан
Моңғол елінің тарихында 1962 жылы алғаш рет бүкілхалықтық спартакиада ойындары өтеді. Осы додаға 16 жастағы Алданыш «Еңбек» спорт қоғамы атынан қатысуға мүмкіндік алады. Қатысып ғана қоймады, желаяқ қыз өзіне дейінгі жүйріктердің жетістіктерін желге ұшырды. Қыршынында құйғыта шапқан желаяқ 200 метр қашықтыққа 26,6 сек, 400 метрге 58,8сек, 800 метрге 2 мин 18,7 сек жүгіріп өтіп, ел рекордынның бірі емес бірнешеуін жаңартады. Бұл ел тархында бұрын соңды болмаған елеулі жетістік еді. Алданыш Рамазанқызының 200 метр қашықтықта жасаған рекорды арада үш жыл өткен соң барып жаңарады. Ал Алданыш Рамазанқызының 400 және 800 метр қашықтықтағы рекордын 22 жыл бойы ешкім бұза алмапты.
Бір қызығы қазақ қызының бағындырған шыңын яғни 800 метр қашықтыққа тоқтатқан рекордын 1984 жылы тағы бір қазақ қызы Моңғолия Мемлекеттік универстетінің түлегі Күшай Құлыбекқызы жаңартыпты. Сол күннен бастап республикалық жарыста бірде-бір күміс, қола медаль алмапты. Мойынына тек ғана алтыннан алқа таққан Алданыш Рамазанқызы 38 рет алтын медаль алыпты. Жұрт «Жеңіл атлетиканың ханшайымы» атаған желаяқ халықаралық жарыстарда қара үзіп, әлемдік бәйгеде бақ сынады.
Желаяқ қыз Жапония олипмиадасында
Алданыш Рамазанқызы көбінің дәті бара бермейтін дәрігерлік мамандықта оқиды. Талабы талантыңмен өлшенбейтін, серт пен сенім арқалатқан ауыр мамандықты алып шығуда оңай емес. Сергек қыз 8 сағаттық оқуын оқып, кешкілік жаттығуына да үлгереді. Сол күндерді еске алған Алданыш Рамазанқызы: «Олимпиадаға 3 ай қалғанда рұқсат алып, содан кейін қатыстым. Небәрі 3 ай дайындалып Олимпиадаға аттанып кеттік», дейді. Алайда ол қазақ тарихындағы тұңғыш қыз болып олипиядаға аттанып бара жатқанын өзі де, өзге білмеді сол тұста. Жолы болған желаяқ спортшы Моңғол құрамасының қатарында жүк тиейтін ұшақпен Иркутск, Хабаровск, ары қарай Находск портынан кемеге отырып Жапонияға жол тартады. Жаттығу да, дайындық та жайына қалады. Иық тірескен империялардың ортасында отырған Моңғол елінің командасын саяси ахуалға байланысты Жапония КСРО-ның да, Қытайдың да құрамына кіргізбей, жеке мемлекет есебінде қабылдаймыз деген шешімге тоқталады. Өзінің арнайы киімін дайындамай барған Моңғол құрамасы өзгенің шекпенін жамылуға тура келеді. Осылайша КСРО спортшыларының киімін алып, жаға-жеңіне «Моңғолия» деген жазу жапсырып шығады. Арып-ашып, шаршап-шалдығып жетсе де Алданыштың көрсеткен нәтижесі жаман емес еді. Ол әйелдер арасындағы 400 метрлік қашықтыққа қатысқан 67 жүйріктен 22-шы, 800 метрлік қашықтыққа қатысқан 65 спортшыдан 17- орынға ие болыпты. Әлемнің 70-80 елінің таңдаулы жүйрік қыз-келіншектері қатысқан мұндай додада алғашқы жиырмалықтан көрінудің өзі үлкен жеңіс еді.
Өзге тудың астында өнер көрсеткен қазақ қызы Жапония елінде жүріп өз қазағына жолығады. Қайда жүрседе қазағын іздеп тұратын қазақ қызы Олимпиада қалашығынан қазақстандық спортшыларды табады. Оның бірі – белгілі спортшы Әмин Тұяқов екен. КСРО және қазақ спортына Еңбегі сіңген спорт шебері Әмин Тұяқов былай дейді: «Формамызда СССР деп жазылып тұр. Қазаққа ұқсап тұрған болуым керек, бір қыз келді. Қасында адамдар бар. Екеуіміз біраз сөйлестік. Ол кезде 19 жаста екен. Токио Олимпиадасы – Азия құрылығында өткен алғашқы ірі спорт додасы. Оған әлемнің 93 елінен 5 140 спортшы қатысса, оның 681-і әйел екен. Сол мыңның бірі қазақтың қызы Алданыш еді. Кез келген адам Олимпиадаға қатыспайды. Ол үшін олимпиадалық нормативтер болуы керек. Сондықтан да, 19 жастағы қазақтың бір қызының Моңғол командасына кіруі – үлкен жетістік» дейді. Осылай ол олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихқа таңбаланды.
Таулы Алтайда топ жарған
Шын жүйрікке тұсау жоқ. Талантымен топтан озған батыр қыз шекара шебімен шектеліп, халықаралық жарыстардан да қалыс қалмады. Алғаш атағы шығып, бағы мен бабы шауып тұрған 1961 жылы Мәскеуде өткен «Правда» газеті атындағы және ағайынды Знаменскийлер атындағы жарыстарға қатысып жүлделі орындарды еншілейді. Тау тастың арасында жүгіріп өскен қыз 1966 жылы Таулы Алтай өлкесінде өткен Монғол – Кеңес елдерінің студент-жастар фестивалына қатысып, жүгірістен алтын медаль алады. Республикалық құрамада жүрген жылдары Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық турнирден әкелген күміс медалы, Моңғолияның жеңіл атлетика спортының тарихында халықаралық жарыстан әкелген тұңғыш медал ретінде спорт тарихына тіркеліпті. Осы жетістіктерінің нәтижесінде Моңғолдың спорт тарихында тұңғыш «Спорт шебері» атағын алған әйел заты ретінде тіркеледі. Алданыш Рамазанқызы ұлты мен ұлысы басқа болғанда тағыда талай биікті бағындырар ма еді бәлкім, кім біледі. Десе де еңбегін бағалаған Моңғол үкіметі «Алтын жұлдыз» орденімен, «Моңғолия спортының үздігі» қатарлы атақтармен марапатталады.
Алматыдан алған бір уыс топырақ
Алтайдың арғы беті ата жұрт десек те, баба жұрт десекте басқаның еншісінде қалды. Енді айналып еншімізге тигенше қанша уақыт барын құдай білер. Қай қиырдағы қазақ болмасын Қазақстанға қарағыштай беретіні әдетке айналғалы қашан. Үміт пен күдіктің күрмеуінде жүрген жатжұрттықтардың анда-сонда басын қосатын дүниежүзі қазақтар қауымдастығы. Алданыш Рамазанқызы 2012 жылы Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына қатысып қайтады. Сол бір сағыншқа толы сапары жайлы былай дейді: «Шіркін, жас кезімізде Қазақстанға барсақ, балаларымыз қазақ болар еді. Болары болып, бояуы сіңді. Зайсанда, Өскемен жақта нағашыларымыз бар, сол кісілермен телефон арқылы хабарласып, әңгімелесіп тұрамыз. Апам да туған жерімде өлмедім ғой, топырағы бұйырмады ғой деп қайтыс болған. Содан кейін мен Алматыға барғанда бір уыс топырақ әкеліп беріп едім, оны суға езіп ішіп алды. Одан кейін Астанаға барғанда тағы топырақ әкеліп, қамырына апарып салдым» дейді. Алшаңдап алтын арқалап жүргендер топырақтың қадірін біле ме екен осы. Топырақсыз алтынның да тұрағы жоқ. Ата жұртсыз атақтың да абыройы жоқ секілді. Бұл біздің Желаяқ Алданыш Рамазанқызының өмірінен түйгеніміз.
Қызырбек Дүргінбайұлы