Қоғам

Олимпиаданың қола жүлдегері атанды

Олимпиаданың қола жүлдегері атанды

Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «А» сынып оқушысы Ибрагим Советбеков жаратылыстану-математика пәндері бойынша VIII Президенттік олимпиаданың жеңімпазы атанып, III дәрежелі диплом және қола медальмен марапатталды.
Президенттік олимпиаданың екі кезеңі де Теміртау қаласында өтті. Бірінші кезеңінде қатысушылар математика және химия пәндерінен, екінші кезеңде физика және биология пәндерінен тапсырмалар орындады. Білім сайысында бұған дейін онлайн арқылы іріктеу кезеңінен өткен, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған160 оқушы бақ сынасты.
Шығысқазақстандық дарынды баланың портфолиосы дипломдарға, мақтау қағаздары мен сертификаттарға толы. 2012 жылы Будапешт қаласында (Венгрия) өткен «Шексіз математика» және «Ұлы математиктер жолымен» халықаралық олимпиадаларында ол II және III орындардан көрінді. 2013 жылы Мәскеу қаласында ұйымдастырылған «Ақпараттық технологиялар» X халықаралық олимпиадасында да жүлделі орынға қол жеткізді. 2014 жылы Семей қаласында ғылыми жобаның I республикалық байқауының лауреаты атанды. Ал 2015 жылы Тараз қаласында «Жас дарын» ғылыми жобалар республикалық байқауында тағы бір мәрте жеңімпаз атанып, II орынмен оралған-ды.
Өткен оқу жылында талантты оқушы өз бетімен 3D-графикасын меңгеріп, мектептің 3D принтерінде жұмыс істепті. Осы дарындылығы үшін мектеп әкімшілігі Ибрагимге «Назарбаев зияткерлік мектептері» ашық акционерлік қоғамы Америкадағы Сан-Франциско қаласында ұйымдастырған «Ойлау дизайны» курсына жолдама берген екен. Бұл сапар оның инженер-құрастырушы болу туралы арманының орындалуын жақындата түскендей. Болашақ түлек келешекте Назарбаев университетіне түсіп, оны аяқтағаннан кейін Стэнфорд университетінің магистратурасында білім алуды жоспарлап отыр.
Ибрагим Советбековтің өзі 2010 жылы облыс орталығында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылған сәтте тестік сынақтан сәтті өтіп, алғашқы үштікте болғанын айтады. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Абай ауданының Көкбай ауылында туған Ибрагимге өзінің зияткерлік қабілеттерін дамытуға осы мектепте алып жатқан білімі көп септігін тигізуде.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button