Қоғам

Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

 Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

Тамыздың 5-і күні Бразилия топырағында XXXI жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Оңтүстік Америка құрлығында тұңғыш жалауы желбірегелі отырған төртжылдық додасына төрткүл дүниенің 206 елінен кіл мықтылар жиналуда. Қазақ мемлекетінің атынан Атланттың арғы бетіне жүзден астам спортшы аттанды.
Ауыр атлеттеріміз допинг дауына ілікпегенде, олимпиадалық жолдаманы иеленген отандастарымыздың саны бұдан да көбірек болар еді. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, осыған дейін аузын буып келген Халықаралық ауыр атлетика федерациясы дәл Рио Олимпиадасы таяғанда жерден жеті қоян тапқандай жаңалық ашты. Аталған ұйымның өкілдері екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин бастаған бірсыпыра атлеттеріміздің қан құрамынан рұқсат етілмеген заттарды кезек-кезек анықтап, алдағы аламанға үкілеп қосқалы отырған үміттерімізді жарыстан шеттетті. Ең қиыны, қазақстандық Олимпиада чемпиондарының арасында жалғыз Ольга Рыпаковаға ғана Бразилияның дәмі бұйырды.
Жалпы, Рио-де-Жанейрода еліміздің көк байрағы астында жүзден астам спортшысы өнер көрсетсе, соның алтауы біздің облыстың атынан шығады. Олар: Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова, зілтемірші Денис Уланов, жеңіл атлет Элина Михина, марафоншы Ирина Смольникова, каноэда есуден сынға түсетін Екатерина Смирнова, жеңіл атлет Евгений Лабутов.
Одан бөлек грек-рим күресінің балуандары үржарлық Алмат Кебіспаев, аягөздік Досжан Қортықов сынды Шығыстың тумалары еліміздің басқа өңірлерінің атынан Олимпиадаға қатысатынын айта кеткен дұрыс.
Оқырмандар назарына облыс атынан дүбірлі додаға қосылып отырған алты спортшы туралы аз-кем ақпаратты ұсынып отырмыз.

Ольга Рыпакова – әйгілі жеңіл атлет. Үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы.

 Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

1984 жылы 30-қарашада дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқып, оны 2001 жылы бітірген. Бапкерлері – Сергей Алексеев, Денис Рыпаков.
Спорттық ғұмырында бірқатар жоғары жетістіктерге қол жеткізген. 2007 жылғы Универсиадада үш қарғып секіруден чемпион атанды.
2010 жылы үш қарғып секіруден Әлем чемпионатының алтын медалін олжалаған. Сондай-ақ, Әлем чемпионатының күміс, қола жүлдегері.
Үш қарғып секіруде және жетісайыс түрінен Азия ойындарының екі дүркін чемпионы.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы. Осы дүбірлі жарыста ол үш қарғып секіруден 14,98 метрді бағындырып, алтын медальді қанжығасына байлады.
Ольганың үш қарғып секіруден жеке рекорды – 15,25 метр. Бұл көрсеткішке ол 2010 жылы Хорватияда өткен жарыста қол жеткізді.
Шығыс Қазақстан топырағынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір Өскеменде Олимпиада чемпионының атындағы жеңіл атлетика орталығы жұмыс істеп тұр.

 Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

Денис Уланов – ауыр атлет. 1993 жылы 28-қазанда Зырян қаласында дүниеге келген. Әкесінен ерте жетім қалып, анасы жалғыз өзі өсірген. Ауыр атлетикамен тоғыз жасынан айналыса бастаған. Бұл спортқа келуіне бала кездегі досы ықпал еткен. Алғашқы бапкері – Иван Строкатов.
Денис қазіргі уақытта Өскемен қаласында тұрады. КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Александр Девяткиннің жетекшілігімен жаттығады. Спорттағы жетістіктеріне келсек, 2015 жылы Шешен Республикасының астанасы Грозныйда өткен Ресей Федерациясы Президентінің Кубогінде күміс жүлдегер атанды.
2016 жылы Қазақстан чемпионатында және Ташкентте өткен Азия біріншілігінде алтын медальді еншіледі. Рио Олимпиадасы қарсаңында әйгілі зілтемірші Илья Ильиннің командасында жаттықты.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

 Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

Элина Михина – жеңіл атлет. 1994 жылы 16-шілдеде Риддер қаласында дүниеге келген. Орта қашықтыққа жүгірудің шебері. Бапкерлері – Л.Никитенко және А.Подкорытов.
2014 жылы Қытайдың Ханджоу қаласында жалауы желбіреген жабық ғимарат ішіндегі Азия чемпионатында жеңімпаз атанған.
2015 жылы Қытайдың Ухань қаласында жеңіл атлетикадан өткен XXI Азия біріншілігінің қола жүлдегері.
2016 жылы Алматыда болған «Ғұсман Қосанов Мемориалы» халықаралық турнирінде алтын медаль мен Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленді.
2016 жылы Астанада өткен Қазақстан ұлттық чемпионатында 200 метрге жүгіруде жеңіске жеткен.
Қазақстан Республикасының спорт шебері.

 Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

Ирина Смольникова – марафоншы. 1980 жылы 21-шілдеде Серебрянка қаласында дүниеге келген. Қазір Риддер шаһарында тұрады. Бапкерлері – А.Подкорытов және Т.Подкорытова.
2014 жылғы алғашқы Мәскеу марафонында жеңіс тұғырының биігінен көрінген.
2015 жылы екінші рет өткізілген Мәскеу марафонында да алтын жүлдегер атанды.
2015 жылы Италияның астанасы Римде ұйымдастырылған лицензиялық «Алтын марафон» халықаралық турнирінде үздік ондыққа енген.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

 Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

Екатерина Смирнова – каноэ және байдаркада ескек есуден өнер көрсетеді. 1988 жылы 21-мамырда Өскемен қаласында дүниеге келген. Бапкерлері – В.Лукичев және С.Куликова.
2015 жылы Македонияда өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері.
2015 жылы Риддер қаласында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы.
2016 жылы Жапонияның Тояма қаласында өткен лицензиялық Азия біріншілігінде каноэда ескек есуден алтын, байдаркада ескек есуден күміс медальдарға ие болды. Екеуінде де Екатерина команда құрамында өнер көрсетті.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

 Олимпиадаға Шығыстан алты спортшы аттанды

Евгений Лабутов – спорттың төресі – жеңіл атлетикадан (дискі лақтыру) сынға түседі. 1994 жылы 17-қарашада Қарағанды облысында дүниеге келген. Бапкері – А.Кругликов. Қол жеткізген жетістіктері: Қазақстан халықтарының спартакиадасында I орынды иеленген. Еліміздің қысқы және жазғы чемпионаттарының алтын медаль иегері. Тәжікстан Республикасының лицензиялық ашық біріншілігінде I орынды жеңіп алған. Осы чемпионаттағы дискі лақтыру көрсеткіші – 65,94 метр.
Қазақстан Республикасының спорт шебері.

Керек дерек

Рио-де-Жанейро Олимпиадасына әлемнің 206 мемлекетінен 10500 спортшы қатысады деп күтілуде. Олар спорттың 33 түрінен 306 медальды сарапқа салмақ.
Қазақстанның Сыртқы iстер министрлігі мен Бразилияның Қазақстандағы елшiлігі екі мемлекет азаматтарының визасыз сапары туралы келiсiмге қол қойды. Бұл келiсiм отандастарымызға Бразилияда визасыз 30 күнге дейiн болуға мүмкiндiк бередi.
1896 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан жазғы Олимпиада ойындарын АҚШ пен Ұлыбритания үш, Греция мен Франция екі реттен өткізген. Ал Оңтүстік Америкада бұл дүбірлі дода тұңғыш рет байрақ тіктеп отыр.
Тарихтағы ең ұзақ жазғы Олимпиада ойындары 1990 жылы Францияда болды. Сол жылы 14-мамырда ашылған ойындар қазан айының 28-і күні бірақ жабылды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button