Қоғам

Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы

Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы


Көшпелі ғұмыр қай қиырға бастап бармады. Жортып жүріп жалпақ әлем жағырапиясында із қалдырдық. Тоныкөк жортқан топырақтан Токиоға барған желаяқ жайлы біле ме жұрт?! Тарқатар ойымыздан тұздық бере кетейік, біздің айтпағымыз 1964 жылы Токио Олимпиидасына қатысқан тұңғыш қазақ аруы Алданыш Рамазанқызының жетістігі жайлы болмақ. Талантының арқасында тұңғыш олимпиадаға қатысушы деген атты тағдырына жазып, тарихына таңбалаған желаяқ туралы толығымен баяндайық.

1945 жылы дүниеге келген Алданыш Рамазанқызының бала ғұмыры Баян-Өлгей қаласында өткен. Алтайдың теріскей жотасында желмен жарысып өскен желаяқ қызды көшпелі ғұмыр Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласына алып барады. Ойын баласы ол кезде өмір бәйгесі басталғанын ойламаған да болу керек. Ол Ұлан-Батырдағы №18 мектептің босағасын тарыдай болып аттағанда, таудай болып шығарын білмеген де шығар! Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қатарластарымен бәйгеде алдына жан салмапты. Шашасына шаң жұқпаған желаяқ қыз жарқ етіп көзге түседі. Талантына таңдай қаққан сол кездегі Мемлекеттік спорт комитетінің жеңіл атлетика бөлімінің жаттықтырушысы Ү.Найдан мен Кеңес елінен келген спорт маманы Иванов 6-сыныптың оқушысын жеңіл атлетика секциясына қабылдаған. Қатарластарын басып озған қаршадай қыздың спорттық мәнсабы осы кезден басталады. Жүйрік қыздың талантына тәнті болған жаттықтырушылар оны ұлттық құрама қатарына алады. 1961 жылдан бастап, 1969 жылға дейін ұлттық құраманың ұпайын түгендеген Алданыш Рамазанқызы айтарлықтай жетістіктерге жетеді.

16 жасында рекорд жаңартқан

Моңғол елінің тарихында 1962 жылы алғаш рет бүкілхалықтық спартакиада ойындары өтеді. Осы додаға 16 жастағы Алданыш «Еңбек» спорт қоғамы атынан қатысуға мүмкіндік алады. Қатысып қана қоймады, желаяқ қыз өзіне дейінгі жүйріктердің жетістіктерін желге ұшырды. Қыршынында құйғыта шапқан желаяқ 200 метр қашықтықты 26,6 секундта, 400 метрді 58,8 секундта, 800 метрді 2 минут 18,7 секундта жүгіріп өтіп, Моңғолия елінің әр қашықтағы рекордын жаңартады. Бұл ел тархында бұрын-соңды болмаған елеулі жетістік еді. Алданыш Рамазанқызының 200 метр қашықтықта жасаған рекорды арада үш жыл өткен соң барып жаңарады. Ал 400 және 800 метрдегі рекордын 22 жыл бойы ешкім бұза алмапты.

Бір қызығы, қазақ қызының 800 метр қашықтықта қол жеткізген рекордын 1984 жылы тағы бір қазақ қызы Моңғолия мемлекеттік университетінің түлегі Күшай Құлыбекқызы жаңартыпты. Сол күннен бастап республикалық жарыста бірде-бір күміс, қола медаль алмапты. Мойнына тек алтыннан медаль таққан Алданыш Рамазанқызының қоржынында 38 алтын жүлде бар. Жұрт «Жеңіл атлетиканың ханшайымы» атаған желаяқ халықаралық жарыстарда қара үзіп, әлемдік бәйгеде бақ сынады.

Токио додасына үш-ақ ай дайындалған

Алданыш Рамазанқызы көбінің дәті бара бермейтін дәрігерлік мамандықта оқиды. Талабы талантпен өлшенбейтін, серт пен сенім арқалатқан ауыр мамандықты алып шығу да оңай емес. Сергек қыз сегіз сағаттық оқуын оқып, кешкілік жаттығуына да үлгеріп жүреді. Сол күндерді еске алған Алданыш Рамазанқызы: «Олимпиадаға үш ай қалғанда рұқсат алып, содан кейін қатыстым. Небәрі үш ай дайындалып, Олимпиадаға аттанып кеттік», дейді. Алайда ол қазақ тарихындағы тұңғыш қыз болып Олимпиадаға аттанып бара жатқанын өзі де, өзге де білмеді сол тұста. Жолы болған желаяқ спортшы Моңғол құрамасының қатарында жүк тиейтін ұшақпен Иркутск, Хабаровск, ары қарай Находск портынан кемеге отырып Жапонияға жол тартады. Жаттығу да, дайындық та жайына қалады. Иық тірескен империялардың ортасында отырған Моңғол елінің командасын саяси ахуалға байланысты Жапония КСРО-ның да, Қытайдың да құрамына кіргізбей, жеке мемлекет есебінде қабылдаймыз деген шешімге тоқталады. Өзінің арнайы киімін дайындамай барған Моңғол құрамасы өзгенің шекпенін жамылуға тура келеді. Осылайша КСРО спортшыларының киімін алып, жаға-жеңіне «Моңғолия» деген жазу жапсырып шығады. Арып-ашып, шаршап-шалдығып жетсе де, Алданыштың көрсеткен нәтижесі жаман емес еді. Ол әйелдер арасындағы 400 метрлік қашықтыққа жүгіріп 67 жүйріктен 22-ші, 800 метрлік қашықтықта 65 спортшыдан 17-ші орынға ие болыпты. Әлемнің 70-80 елінің таңдаулы жүйріктері қатысқан мұндай додада алғашқы жиырмалықтан көрінудің өзі үлкен жеңіс еді.

Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы

Өзге тудың астында өнер көрсеткен қазақ қызы Жапония елінде жүріп өз қазағына жолығады. Қайда жүрсе де, қазағын іздеп тұратын Алданыш Олимпиада қалашығынан қазақстандық спортшыларды табады. Оның бірі – белгілі спортшы Әмин Тұяқов екен. КСРО және қазақ спортына еңбегі сіңген спорт шебері Әмин Тұяқов былай дейді: «Формамызда СССР деп жазылып тұр. Қазаққа ұқсап тұрған болуым керек, бір қыз келді. Қасында адамдар бар. Екеуіміз біраз сөйлестік. Ол кезде 19 жаста екен. Токио Олимпиадасы – Азия құрлығында өткен алғашқы ірі спорт додасы. Оған әлемнің 93 елінен 5 140 спортшы қатысса, оның 681-і әйел екен. Сол мыңның бірі – қазақтың қызы Алданыш еді. Кез келген адам Олимпиадаға қатыспайды. Ол үшін олимпиадалық нормативтер болуы керек. Сондықтан да 19 жастағы қазақтың бір қызының Моңғол командасына кіруі – үлкен жетістік» дейді. Сөйтіп Алданыш Рамазанқызы Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихта қалды.

Таулы Алтайда топ жарған

Шын жүйрікке тұсау жоқ. Талантымен топтан озған батыр қыз шекара шебімен шектелмей, халықаралық жарыстарға да қатысты. Алғаш атағы шығып, бағы мен бабы шауып тұрған 1961 жылы Мәскеуде өткен «Правда» газеті атындағы және ағайынды Знаменскийлер атындағы жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды еншілейді. Тау-тастың арасында жүгіріп өскен қыз 1966 жылы Таулы Алтай өлкесінде өткен Моңғол-Кеңес елдерінің студент жастары фестиваліне қатысып, жүгіруден алтын медаль алады. Республикалық құрамада жүрген жылдары Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық турнирден әкелген күміс медалі, Моңғолияның жеңіл атлетика спортының тарихында халықаралық жарыстан әкелген тұңғыш медаль ретінде спорт тарихына тіркеліпті. Осы жетістіктерінің нәтижесінде Моңғолдың спорт тарихында тұңғыш «Спорт шебері» атағын алған әйел заты ретінде тіркеледі. Алданыш Рамазанқызы ұлты мен ұлысы басқа болғанда, тағы да талай биікті бағындырар ма еді бәлкім, кім біледі. Десе де, еңбегін бағалаған Моңғол үкіметі «Алтын жұлдыз» орденімен, «Моңғолия спортының үздігі» қатарлы атақтармен марапаттады.

Алматыдан алған бір уыс топырақ

Алтайдың арғы беті атажұрт десек те, баба жұрт десек те басқаның еншісінде қалды. Енді айналып еншімізге тигенше, қанша уақыт барын құдай білер. Қай қиырдағы қазақ болмасын Қазақстанға қарағыштай беретіні әдетке айналғалы қашан. Үміт пен күдіктің күрмеуінде жүрген жатжұрттықтардың анда-санда басын қосатын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. Алданыш Рамазанқызы 2012 жылы Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына қатысып қайтады. Сол бір сағыншқа толы сапары жайлы былай дейді: «Шіркін, жас кезімізде Қазақстанға барсақ, балаларымыз қазақ болар еді. Болары болып, бояуы сіңді. Зайсанда, Өскемен жақта нағашыларымыз бар, сол кісілермен телефон арқылы хабарласып, әңгімелесіп тұрамыз. Апам да туған жерімде өлмедім ғой, топырағы бұйырмады ғой деп қайтыс болған. Содан кейін мен Алматыға барғанда, бір уыс топырақ әкеліп беріп едім, оны суға езіп ішіп алды. Одан кейін Астанаға барғанда, тағы топырақ әкеліп, қамырына апарып салдым» дейді. Алшаңдап алтын арқалап жүргендер топырақтың қадірін біле ме екен осы. Топырақсыз алтынның да тұрағы жоқ. Атажұртсыз атақтың да абыройы жоқ секілді. Бұл біздің желаяқ Алданыш Рамазанқызының өмірінен түйгеніміз.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button