Қоғам

Олимпиада жүлдегерлерімен жүздесті

Олимпиада жүлдегерлерімен жүздесті


Бұл күнді Өскемендегі дарынды балаларға арналған спорт колледжі-интернатының тәрбиеленушілері жадына берік сақтағандары сөзсіз. Себебі олар Олимп шыңын бағындырған саңлақтармен жүздескен еді.

Кешқұрым аталмыш колледж-интернатта білім алатын өрендер жаттығуларынан шыққан бойда мекеменің мәжіліс залына ағылды. Олар Сидней төрінде тұғырдың ең биік сатысына көтерілген Ермахан Ыбырайымов және қатарынан екі Олимпиадада күміс медаль иеленген Болат Жұмаділовпен жолығуға асықты. Мұндағы оқытушылардың айтуынша, әйгілі спортшылармен кездесу мүмкіндігі ойда жоқта пайда болыпты. Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатына даңқты былғары қолғап шеберлері арнайы қонақ болып келді дегенді естіген мекеме басшылығы бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысқан екен. Кездесу еркін форматта өтті. Алдымен мәртебелі меймандар сөз алды.

– Өңірлеріңізде спортпен айналысамын деген жеткіншектерге расымен де бар жағдай жасалған екен. Спорт нысандары да бір-біріне жақын орналасқан, бұл өте ыңғайлы. Енді осындай мүмкіндіктерді мүлт жібермей, талмай еңбектену қажет, – деді Ермахан Сағиұлы.

Бұдан кейін сөз кезегі манадан сұрақтарын қоюға асық болып отырған ұл-қыздарға келіп жетті. Сан қилы сауалдарға жауап берген сақа спортшылар өздерін басқа қырынан таныта түскендей болды. Бірі қарсыласынан оңбай ұтылған жекпе-жегін еске алса, екіншісі он келіге жуық салмақ түсіргеннен кейін ғана ірі сайыстарда жүлде алғанын айтты.

– Кейде қарсыласыңнан анағұрлым басым боласың, – дейді Болат Нұретдинұлы. – Мұндайда оны аямай ұрып, абыройын түсірудің еш қажеті жоқ. Үлкен спортта да адамгершілік қасиетіңің сақтай білу керек.

Аз ғана уақыт ішінде даңқты спортшылар көптеген сұраққа жауап беріп, балақайларға мүмкіндігінше бағыт-бағдар беруге тырысты. Шара соңынан жас спортшылар қонақтармен естелік суретке түсті.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button