Қоғам

Олимпиада ойындары ой салды

Былтыр Жапон астанасы Токиода дүркіреп өткен Жазғы Олимпиада ойындары қазақстандық жанкүйер қауымның санасына біраз ой салғаны рас. Дәл осындайда Күншығыс еліндегі сәтсіздігімізге, спортшыларымыздың жігерсіз бәсекелеріне бапкерлер кінәлі ме, әлде спортшылардың өздері ме деген ой келеді екен. Бұған мамандардың өздері талдау жасап, бағасын бере жатар. Ал біз үлкен спортты көрген, әбден таныған ардагер спортшылар ретінде өз ойымызды білдіруді жөн деп таптық.

Қазақстан ғалымдар одағының президенті, академик, еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері Оразалы Сәбденнің ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа республиканың спорт құрылымын өзгерту жөніндегі және өзге де құнды пікірлерін еститін құлақ, қабыл алатын сана болса, құба-құп болар еді. Осы хатты оқып, ауданымыздағы спорттың жайы туралы да аз-кем айта кетуімді жөн санадым. Мәселен, КСРО заманында Үкімет жанындағы Денешынықтыру және спорт комитеті болғанын білетін боларсыздар. Осындай ірі комитеттің құрылуы арқасында бізде үлкен спорт қарыштап дамып, еліміз талай байрақты бәсекеде үздіктер қатарынан көрінетін. Алысқа бармай-ақ қояйық, ГТО мен БГТО нормативтерін оқушылармен қатар, әртүрлі жастағы адамдар, өндіріс пен сан алуан мекеменің жұмысшылары да орындайтын.

Ал бүгінгі жағдай қалай? Мемлекетіміз 30 жыл бойы барлық салада эксперименттер мен реформалар жасаумен келеді. Соның бірі – спорт саласы. Салдарынан спортымыз біресе оқу саласына, енді бірде мәдениет пен тілдерді дамытуға қосылып кететінін көріп жүрміз. Сол сияқты, ауылды жерлердегі балалардың спорт мектептері де қолдан қолға өтіп, көшпелі өмір сүріп келе жатқаны жасырын емес. Ал осындай бітпейтін өзгерістердің кесірінен спортшыларымыздың нәтижелері де біз күткендей болмай жатады.

Токиодағы Олимпиадаға оралсақ, ауыл халқы қызықтап тамашалайтын спорт түрлерінің бірі – дзюдода отандасымыз Елдос Сметовке сәл ғана сәттілік жетіспеді, жапондық чемпионмен өткен жартылай финалдағы белдесуін мамандар финалға балады. Өкінішке қарай, бұл спорт түріндегі жетістіктеріміз осымен шектелді.

Ал грек-рим күресінде алты балуанымыздың бірінші кезеңнен аса алмай қалуы тіптен ұят болды. Кезінде қазақстандық балуандар бұл спорт түрінен халықаралық аренада 48 алтын мен күміс медаль иеленіп, еліміздің атын әлемге танытқан болатын. Қажымұқан бабамыздың, Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтің, үш ойыннан абыроймен қайтқан Дәулет Тұрлыхановтың, Атланта төрінде атой салған Юрий Мельниченконың жеңістерін көрген қазақ жанкүйерлері балуандарымыздың Токиодағы сүреңсіз өнеріне қатты қапаланғаны сөзсіз. Бұл ретте, мені құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітовтің сөздері де ренжіткені рас. Ол өз шәкірті М.Айнақұловтың жеңілгеніне «нұсқауымды орындамады» деп спортшының өзін кінәлап, өзі ақталғандай болды.

Сол сияқты, әйелдер құрамасының бас бапкері Гюзель Манюрованың шәкірті Э.Сыдықованың ұтылуы туралы айтқан сөзі де ақылға қонымсыз болды деп санаймын. Жаттықтырушының пікіріне қарасаң, әлемге жайылған індетке байланысты Олимпиада ойындарының кешіктіріліп өткізілуі біздің спортшыларға ғана кері әсерін тигізген сияқты.

Сөз жоқ, Байсейітов те, Манюрова да мықты балуандар болған. Біріншісі Әлем біріншіліктерінде алтын және күміс медальдарға қол жеткізсе, екіншісі Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған. Дегенмен, спортшы болу мен бапкерлік қызмет ету екі бөлек нәрсе. Бапкердің өз қатесін мойындамай, өзгеге жала жабуы, шәкіртін кінәлауы бірінші кезекте – басқаға емес, өзіне сын. Қалай дегенде де, жаттықтырушыларымыздың осындай орынсыз пікірлері мен көңіл көншітпейтін нәтижелеріне, бапкерлік кабілеттеріне спорт басшылары лайықты бағасын бере жатар деп ойлаймыз.

Еркін күрес шеберлері де шама-шарқынша белдесті. Бір әттеген-айы, ауыр салмақта күрескен Ю.Батырмурзаевтың қолда тұрған жеңісті қарсыласына беріп қоюы болды. Мұның өзі құрама бапкерлерінің шәкірттерінің тактикалық даярлығына жіті мән бермейтіндігінің дәлелі бола алады. Есесіне, Ислам Санаев ерледі. Кола жүлде үшін белдесуде Әлемнің екі дүркін чемпионын ұтты. Медаль үшін күрескен Дәулет Ниязбековтің де, Данияр Қайсанов пен Әлішер Ерғалидің де қарсыластарына шамасы жетпеді. Сөз арасында айта кетер жайт, осы Данияр Қайсанов 2008 жылы оқушылар арасында өткен облыстық спартакиадада Ақсуат ауылындағы М.Имашев атындағы спорт мектебінің атынан күресіп, жүлдегер атанып, менің батамды алған болатын.

Жапон еліндегі додада зілтеміршілеріміз екі қола медаль иеленді. Осы ретте, ауыр атлеттеріміздің алдыңғы Олимпиададағы жетістіктері қандай еді деген сұрақ туындайды. Иә, дәл қазір бізге Дәулет Тұрлыхановтың іскерлігі жетіспей тұр. Даңқты балуан спорт агенттігін басқарған кезде көптеген ауқымды істің бастамашысы бола біліп еді ғой. Түркиядан атақты бапкер Энвер Түркелеридей маманды алдыруының өзі бүгінгі басшыларға сабақ боларлықтай-ақ. Дәл осындай білікті маманның көмегімен елімізде көп ұзамай талай мықтының томағасы сыпырылды емес пе?!.

Ал енді біздегі жағдай туралы сөз қозғасақ, шүкір, бүгінгі спорт саласының материалдық базасы өте жақсы. Мәселен, Ақсуаттағы М.Имашев атындағы балалар спорт мектебі заманауи спорт модулі мен күрес түрлеріне бейімделген үлкен ғимаратты иемденіп отыр. Халықаралық стандартқа сай келетін бірнеше күрес кілемі, дзюдоға арналған екі татами, екі шаршы алаң, сужаңа жасыл жабыны төселген футбол алаңы бар. Ақсуатта үлкен стадионмен қатар, бірнеше шағын футбол алаңы да орналасқан. Былтыр жабық жүзу бассейнінің құрылысы басталған. Өткен ғасырдың 70 жылдары мұндағы спорт модуліндей ғимарат еліміз бойынша Алматы қаласында ғана болыпты. Онда күрес түрлері бойынша ел құрамасы жаттығуларын өткізіп, алдағы байрақты бәсекелерге дайындалады екен.

Сол кезде Ақсуат балалар спорт мектебінің шәкірттері интернат матрацтарынан құрастырылған күрес кілемінде жаттығып жүріп-ақ талай облысішілік және республикалық жарыстан жеңіспен оралатын. Космонавт Сейілханов, Қайырхан Байзақов, Бауыржан Садыханов сияқты саңлақтар одақтық жарыстарда жүлде теріп, дүниежүзілік аренада да ел намысын абыроймен қорғай білген еді. Сол сияқты, бокстан білікті бапкер Назар Ілиясовтың шәкірттері де топ жарған дүбірлі дода аз емес.

Ал енді республикамыздағы жағдайға оралсақ, менің спорт ардагері ретінде Қазақстандағы спорттық атақ беру жүйесіне де қатысты айтар сын-пікірім жоқ емес. Жасырып қайтейін, жылдар бойы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде басшылық қызметте жүрсем де, елдегі спорттық атақ беру ережесіне бір көңілім толмайтын.

Студент кезімде қазақтың даңқты балуаны Аманжол Бұғыбаевтың тәрбиесін көрген, Алматы қаласының бірнеше біріншілігін ұтып, «Қайрат» ерікті спорт қоғамының республикалық жарысында топ жарған, елішілік универсиадада жеңіске жеткен маған «КСРО-ның спорт шеберлігіне үміткер» деген атақ ғана берілген еді. Ал КСРО-ның спорт шебері атағын бүкілқазақстандық спартакиададан кейін ғана иелендім. Есесіне, бүгінде балуандар да, боксшылар да, өзге спорт түрлерінің өкілдері де бірнеше кездесуде ұтып, жасөспірімдер арасында облыс чемпионатында жеңіске жетсе болды, спорт шеберлігіне үміткер атанып шыға келеді. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, мұны қызғаныштан емес, жаным ашығандықтан жазып отырмын. Себебі, оңай келетін атақ жас спортшылардың дамуына кері әсерін тигізуі бек мүмкін.

Бір ғана мысал, менің шәкіртім Қосман Сейілханов мектеп бітірген жылы, яғни 17 жасында еркін күрестен одақтық (казіргі халықаралық деңгейден еш кем емес) турнирде жеңіске жетіп, КСРО-ның спорт шебері атанған еді. Кейіннен самбо мен дзюдо да жоғары нәтижелер көрсетіп, бұл спорт түрлерінен де КСРО-ның спорт шебері атағына қол жеткізген.

Тағы бір айта кетер жайт, қазір бапкерлеріміз шәкірттерінің жеңілуіне кім көрінгенді кінәлайтын болыпты. Тіпті, Олимпиада ойындарында өз төрешілеріміздің болмауын айтып, сылтауратады. Бұған кім кінәлі? Рас, қазір бізге Бекет Махмұтов пен Дәулет Тұрлыхановтай тау тұлғалы қайраткерлер керек-ақ. Тек қалыптасқан жүйені түзеп, жемқорлық, масылдық пен жалқаулықтан арылсақ қана, алдағы Париж бен Лос-Анджелес Олимпиадаларында ауыз толтырып айтарлытай нәтижелерге қол жеткізеріміз анық.

Болат Оразғалиев, еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері,

Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button