Қоғам

Олимпиада чемпионының жүлдесі сарапқа салынды

Семей қаласына кезекті жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов «Қарағайлы» ықшам ауданында орналасқан көпсалалы мәдени-спорттық кешенге барып, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесі сарапқа салынған республикалық турнирдің ашылу салтанатына қатысты.

Айта кетерлігі, сақтық шараларына байланысты бұл жолғы жарыс жанкүйерлерсіз өтті. Дегенмен спортсүйер қауым үшін турнир белдесулерінің онлайн көрсетілімі ұйымдастырылды.

– Олимпиада чемпионы, даңқты балуан, еліміздің мақтанышы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесі үшін өтетін биылғы жарыстың қатысушыларына ыстық ықыласымды жеткізіп, сәттілік пен жеңіс тілеймін. Өскелең ұрпақ дәл осы ағамыз сияқты чемпиондарға қарап бой түзеуі керек. Жыл өткен сайын жарыстың ауқымы кеңейіп, балуандар саны арта беруіне тілектеспін, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Мұндай ірі республикалық жарыстың Семей жерінде өтуі бекер емес. Өйткені Жақсылық Әмірәліұлының жастық шағы дәл осы қалада өткен. Осы ретте Үшкемпіров бозкілемдегі алғашқы айтулы жеңістерінің біріне Семей зооветеринария институтында оқып жүрген кезінде жеткенін де айта кеткен орынды.

Семейліктер де бұл жайтты әсте естен шығарған емес. Сол себепті, былтыр қаладағы спорт академиясына басқа емес, осы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген-ді.

– Облыс басшылығына күллі қазақ спортының ақсақалына айналған Жақсылық Үшкемпіровке осындай қошемет-құрмет көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Бұл адамды еліміздегі кез келген спортшы пір тұтады десем қателеспеспін. Осындай жарыстардың мән-мәртебесі арта берсін, – деді салтанатты іс-шарада сөз алған тағы бір даңқты балуан, Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко.

Турнирдің ашылуынан кейін облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге осыдан біраз бұрын пайдалануға берілген мәдени-спорттық кешеннің ішін аралап көрген Жақсылық Үшкемпіров аренаның жабдықталуына жоғары бағасын берді.

– Мұндай керемет спорттық кешендер еліміздің басқа ешбір өңірінде жоқ. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Шығыс Қазақстан қалған облыстардан көш ілгері тұр. Аталған аренада республикалықты қойып, халықаралық деңгейдегі жарыстарды да өткізуге болатынына көзім жетті. Спорт саласында осындай ауқымды жұмыстардың атқарылуына мұрындық болған ел ағаларына рахметімді айтамын, – деді Ж.Үшкемпіров.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button