Қоғам

Олимпиада чемпионымен емен-жарқын сұхбат құрды

Олимпиада чемпионымен емен-жарқын сұхбат құрды


Даңқты жерлесіміз, үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада болып, жас оқырмандармен кездесу өткізді. Аса жылы рәуіште өткен кездесу барысында балалар спортшымен ой бөлісіп, емен-жарқын сұхбат құруға мүмкіндік алды.

– Мені қонаққа шақырғандарыңызға және осылай жылы қабылдағандарыңызға көп рақмет айтамын. Негізі мен Өскеменде туып-өскендіктен, бала кезімде бұл кітапханаға жиі болмаса да келіп тұратынмын. Кітапхана деген жеке бір әлем, шексіз білім көзі десе де болады. Мұнан кез келген адам өзіне қажетті ақпаратты таба алады. Сондықтан сіздерге айтарым, кітаптан, білімнен қол үзбеңіздер, сабақтарыңызды жақсы оқыңыздар, – деп кездесуге жиналған оқушылар мен студенттерге ақыл-кеңесін берді мәртебелі мейман.

Ольга Рыпакова сонымен қатар, балаларды ерекше қызықтырған Олимпиадаға, отбасы мен хоббиіне қатысты сұрақтарына тұшымды жауап қайтарды.
– Рио Олимпиадасындағы бәсеке өте тартысты болды. Шынын айтайын, сайыс алдында бейне бір емтихан тапсырғалы тұрған оқушыдай қатты қобалжыдым, мені түсінген боларсыздар, – деп бір күліп алды Ольга. – Дегенмен, мен үшін бәрі сәтті аяқталды деуге болады. Бар-күш жігерімді салып, жүлделі орынға іліктім. Мен үшін бұл қола жүлде бұрынғы жеңістерімнен еш кем емес. Себебі, Лондон Олимпиадасынан кейін мен ана атанып, спорттан біраз уақытқа қол үзген едім. Бір сөзбен айтқанда, бәрін жаңадан бастауға тура келді. Сондықтан болар, бұл жүлде мен үшін айрықша ыстық. Маған қолдау көрсеткен жерлестеріме, сендерге, ризашылығымды білдіремін. Бразилияда елден алыста жүрсем де, жерлестерімнің қолдауын айқын сезіндім, – деді ол.

Олимпиада чемпионы сонымен қатар, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстардың жиілігінен отбасы мүшелеріне, жары Дениске, қызы Настя мен ұлы Кириллге көп көңіл бөле алмайтынын айтты. Дегенмен, оның айтуынша, спортшының жақындары оған түсіністікпен қарап, тіпті, жарыс алдында хабарласып, рух беріп, жігерлендіріп отырады екен.

– Әрине, мен де әрдайым өз балаларымның жанында болғым келеді. Олармен көкке шығып, киноға баруға, қуанышты сәттерде қастарынан табылып, жеңістерін бірге бөлісуге асығамын. Дегенмен, қазіргі мақсатым айқын, ол – Токио Олимпиадасына қатысу, – деді Ольга кездесуде.

Осы орайда, қыркүйек айының соңында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында үш қарғып секіруден қола жүлдегер атанған грекиялық Хрисопия Деветцидің ағзасында допинг табылып, спортшы жүлдесінен айырылғанын айта кеткен жөн. Демек, енді қола жүлде сол жарыста төртінші нәтиже көрсеткен біздің жерлесіміз Ольга Рыпаковаға өтуі тиіс. Әзірге, бұл жөнінде ресми ақпарат жарияланбапты.

Жастармен өткен осындай салиқалы кездесуден кейін Олимпиада чемпионы кітапхананың ішін аралап көріп, жұмысымен жақынырақ танысты. Оқырмандармен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын қалдырды. Кітапхана директорының орынбасары Бақтина Әбенова мәртебелі мейманға оқырмандар атынан алғыс айтып, гүл шоқтарын сыйлады.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button