СпортТОП

Неге Рыпакованың өзі де қатысты?

Өскеменде жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир алтыншы рет өтті. Рыпакованың айтуынша, шетелден ешкім келмеді. Ашылу салтанатында Алматы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының командалары қатысып жатқаны хабарланды.

– Бүгін біз үшін маңызды күн. Біздің қымбатты да тамаша спортшымыз Ольга Рыпакова атындағы турнир басталды. Бұл жарыс жаңа таланттарды танытуға таптырмас мүмкіндік береді. Спортшылар Олимпиадаға да дайындалады. Сайыс аса қызық өтіп, жоғары нәтижелер тіркеледі деп үміттенеміз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика кешені былтыр жөнделіп, кеңейтілген болатын. Соның арқасында жарысқа әдеттегіден басқа екі спорт түрі қосылған. Атап айтсақ,
– ерлердің кедергілер арқылы 110 метр қашыққа жүгіруі (бұл Өскемен тарихында жабық кешенде бірінші рет өтті!);
– сергіту эстафетасы (Екі адам 50-50 метрден жүгіреді).

Бұдан басқа спорт түрлері қала көрерменіне белгілі:
– үш қарғып секіру;
– биіктікке секіру;
– сырықпен секіру;
– аралас эстафета (төрт адам 200 метрден);
– 400, 200, 800, 1500 және 60 метр қашыққа жүгіру.

Жарысқа Ольга Рыпакованың өзі қатысты.
– Өздеріңізге мәлім жарыс жолына шықпағаныма көп уақыт болды. Бүгін жарыс атмосферасын сезінейін деп қатыстым. Мақсатым жеңіс емес. Өзім үшін Олимпиадаға дайындық болды. Былтыр спорт кешеніміз күрделі жөндеуден өтті. Сондықтан турнир өтпеген еді. Биыл елдегі жағдайға қарамастан рұқсат етілгеніне қуаныштымын. Бір өкініштісі, шетелден спортшылар келе алмады. Коронавирусқа байланысты, – деді спортшы.

Рыпакованың өзі қатысқан үш қарғып секіру сайысында қарағандылық Мария Овчинникова бірінші орын алды.

Тасқын Болатұлы,

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button