СпортСұхбатТОП

Ольга Рыпакова, жеңілатлет: – Біртүрлі болғаны рас

Шығысқазақстандық жеңілатлет Ольга Рыпакова төртінші рет қатысып отырған Токио-2020 Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсетті. Ол бұған дейінгі үш Олимпиадада алтын да, күміс те, қола да алған болатын. Спортшы жарыс жолын аяқтағаннан кейін журналистердің сұрағына жауап берді.

– Осы Олимпиададағы өнеріңізге қандай баға бересіз?

– Әдетте мен көрермен толы стадионның атмосферасынан энергия аламын. Маған халықтың қолдауы ерекше әсер сыйлайды. Бірақ осы жолғы сәтсіздігім толықтай көрермен жоқтығынан болды деп айтқым келмейді. Бар күшімді салдым. Жарыс алдында өзімді жақсы сезіндім. Бірақ бұл жарысты бағалау қиын болып тұр. Іс жүзінде біртүрлі болғаны рас. Мен үшін алаңдаған барлық жерлесіме рахмет.

Олимпиадаға дайындығыңыз қалай болды?

– Жас ұлғайған сайын нәтиже төмендейді. Дайындық кезінде ескі жарақаттар сыр беріп, кедергі келтіреді. Уақыт өз дегенін істетпей қоймайды екен. Былтыр Олимпиада өтпей қалды, оған іштей жақсы дайындалғанмын. Жарыс кейінге қалдырылғаннан кейін де еңсемді түсірмедім, қосымша емделіп, жаттығуды барынша арттыра түстім. Жанкүйерлерімді қуантуға деген мотивациям да жаман болмады.

Токиодағы ойындардың ашылу салтанатындағы сән-салтанатыңыз дүниежүзінің интернет қолданушыларының ықыласына бөленіп, бірнеше күн талқылады. Бұл сізге қалай әсер етті?

– Жарыс алдында өзіме артық назар аударғанды ұнатпаймын, журналистермен араласпауға, әлеуметтік желілерде ештеңе жарияламауға тырысамын. Ештеңеге алаңдамау үшін өзіме кішкентай «жабық әлем» жасап аламын. Ашылу салтанатында өз жанкүйерлерім қуанып, жаңа жанкүйерлер тапқаныма ризамын. Ол үшін Ұлттық Олимпиада комитеті мен осы образға үлкен еңбек сіңірген дизайнерлерге үлкен рахмет. Бұл – сондағы мамандардың еңбегі, менікі тек дайын дүниені ел алдына шығып көрсету ғой.

– Алға қойған жоспарыңыз қандай? Бесінші Олимпиадаға қатысасыз ба?

– Үш жылдан кейін Парижде өтетін Олимпиадаға қатысу-қатыспауым үлкен сұрақ. Әлі ешқандай шешімге келген жоқпын. Шамамен ойластырған жоспарларым бар, әрине. Олар спорт төңірегінде. Мен «спорт патшайымы» саналатын жеңіл атлетиканы шексіз сүйемін. Оның Қазақстанда әлемдік деңгейде дамуын тілеймін. Болашақ спортшыларды тәрбиелегім келеді.

Шағын сұхбатты әзірлеген – Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button