Ольга Рыпаковаға 1 миллион теңге табыстады

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Бейжіңде өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованы жеңісімен құттықтап, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық төсбелгімен қатар, 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Ольга Рыпакова ағымдағы жылы 23-30 тамыз аралығында Қытайдың астанасы Бейжіңде өткен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, үшінші орын иеленген-ді.
– Менің еңбегімді елеп-ескерген облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс мен үшін жетістік қана емес, үлкен жаттығу алаңындай болды. Себебі, келесі жылы Рио-де-Жанейрода өтетін ХХХІ жазғы олимпиада ойындарына дайындалу үстіндемін, – деді Ольга Рыпакова.
Ольга Рыпакова келесі жылы наурыз айында АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырғанын да жеткізді.
Айта кетейік, Бразилия астанасында өтетін дүбірлі дода спортшының карьерасындағы үшінші олимпиада болмақ. Ольга Рыпакова осыған дейін Пекин және Лондон олимпиадаларына қатысқан. 2012 жылы Лондон олимпиадасында ол 14,98 метрге секіріп, чемпион атанған болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі