Қоғам

Ольга Рыпакова қос алтынға қол жеткізді

Ольга Рыпакова қос алтынға қол жеткізді

Өскеменде жеңіл атлетикадан ерлер және әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Біздің облыс жалпыкомандалық есепте бірінші орынға табан тіреді. Бұл жеңісте екі алтын медаль иеленген Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың үлесі үлкен.
Қазақстан жеңіл атлетикасының примасы алғашқы алтынды әдеттегідей ұзындыққа секіруде қанжығасына байлады. Бірінші мүмкіндігін ұтымды пайдалана алмағанымен, екіншісінде 6,36 метрді бағындырды. Ал финалдық жарыста жергілікті жанкүйерлердің қолдау-қошеметімен қанаттанған ол 6,41 метрге секіріп, ел чемпионы атанды.

Ольга Рыпакова қос алтынға қол жеткізді

Жарыстың екінші күнінде Ольга қыз өзінің сүйікті спорт түрі – үш қарғып секіруден сынға түсті. Ішкі біріншіліктер былай тұрсын, әлемдік додаларда топ жарып жүрген Олимпиада чемпионы бұл сайыста да сасқан жоқ. Өзінің мықтылығын тағы дәлелдеді. Оның үстіне Рыпакованың еліміздегі басты бәсекелесі атанып жүрген Азиада ойындарының қола жүлдегері Ирина Эктова қатыспайтын болып шықты. Содан не керек, алғашқы мүмкіндігінде-ақ жерлесіміз 14,01 метрді бағындырып, өз атындағы жеңіл атлетика манежіне лық толған қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Ольга Рыпакова қос алтынға қол жеткізді

Осы нәтижемен тоқтай салуға болар еді, өйткені, өзге спортшылардың қуып жете алмайтыны анық байқалған. Бірақ чемпион атлеттердің, оның ішінде әсіресе, өзінің өнерін тамашалауға келген көпшіліктің көңілін қайтармауға бекініп, секторға тағы шықты. Айтқандай оның әрбір секіргенін жанкүйерлер қызу қолдап отырды. Ақтық сында Ольга 14,03 метрге қарғып, екінші алтын медальға қол жеткізді. Айтпақшы, үш қарғып секіруде күміс медаль тағы бір өскемендік жеңіл атлет Дарья Шушеньковаға бұйырды. Оның нәтижесі – 12,81 метр.
Сөйтіп жалпыкомандалық есепте 33 834 ұпай жинап, ел чемпионатында топ жарған шығысқазақстандық команданың қоржынына барлығы жеті алтын медаль түсті. Оның екеуін Ольга Рыпакова әкелсе, қалған бесеуін 200 метрге жүгіруде Элина Михина мен Владислав Лёшин, 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Анастасия Сопрунова, таяқпен секіруде Ольга Лапина, 800 метрге жүгіруде Максим Мжельский олжалады.
Сондай-ақ, екінші орын алғандар: Регина Сәрсекова (биіктікке секіру), Оксана Карпий (бессайыс), Андрей Лейменов (3000 метрге жүгіру), Евгений Четтыкбаев (үш қарғып секіру).
Қола жүлде иегерлері: Бауыржан Серікбаев (таяқпен секіру), Влад Лёшин, Евгений Четтыкбаев, Влад Сутягин және Иманмәди Кұсманов (барлығы эстафета 4х400 м), Орынгүл Зкриенова (60 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Ольга Хижнякова (ядро лақтыру), Иманмәди Кұсманов (800 метрге жүгіру).
Жалпыкомандалық есепте екінші орынды Алматы, үшінші орынды Қарағанды облыстары жеңіп алды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button