Қоғам

Ольга Рыпакова майор атанды

Ольга Рыпакова майор атанды


Еліміздің Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, жеңіл атлет Ольга Рыпаковаға майор шенін табыс етті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Астанада өткен салтанатты жиында қорғаныс министрі өскемендік спортшыға «Парасат» орденін табыстап, бағалы сыйлықтар тарту етті.
– Еліміздің барлық әскерилері мен жеке өзімнің атымнан Ольга Рыпакованы Риодағы жеңісімен құттықтаймын. Ол жеңіл атлетикадан ел абыройын асырып, үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Сіздің қола жүлдеңіз барлық жүлделердің арасында ерекше маңызға ие. Қарулы күштердің Бас Қолбасшысы – Президентіміз айтып өткендей бұл жолғы жүлде біз үшін «алтынға» татиды. Лондон мен Рио Олимпиадасында жүлдеге ілініп, сол аралықта ана атанып та үлгердіңіз. Сіздей тұлғалардың арқасында Қазақстанның жастары дұрыс бағытқа түседі, – деді министр.
Айта кетейік, Ольга Рыпакова Қорғаныс министрлігінің орталық әскери спорт клубы қатарында 2006 жылдан бері қызмет етеді. Осы уақыт ішінде ол «Барыс», «ҚР Қарулы күштерінің 20 жылдығы» медалдарымен марапатталған.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button