Қоғам

Ольга осы Олимпиадада да олжа салды

Ольга осы Олимпиадада да олжа салды

Лондон Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Ольга Рыпакова Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан жазғы Олимпиаданың тоғызыншы жарыс күнінде қазақ елін қуанышқа бөледі. Үш қарғып секіру сайысының ақтық сынында өнер көрсеткен Ольга XXXI жазғы ойындардың қола жүлдегері атанды. Оның көрсеткіші – 14,74 метр.

Ольга осы Олимпиадада да олжа салды

Алғашқы мүмкіндігінде 14,73 метрге қарғыған отандасымыз бірден көш бастады. Алайда, екінші мүмкіндікте колумбиялық Катерин Ибаргуэн 15,03 метрге қарғып, алға шықса, оның ізін шала секірген венесуэлалық Юлимар Рохас 14,87 метрді бағындырып, жерлесімізді үшінші орынға ысырды.
Ал келесі мүмкіндіктерінің бірінде 15,17 метрге қарғыған колумбиялық спортшы Ибаргуэн осылайша Рио Олимпиадасының чемпионы атанса, венесуэлалық Юлимар Рохас күміс медальды еншіледі (14,98 метр).
Әрине, қазақстандық спортсүйер қауым өткен Олимпиадада топ жарған Олямыздан биыл да алтын күткені рас. Дегенмен, төрт жылда бір өтіп, төрткүл дүниенің сыралғы саңлақтарының басын қосатын дүбірлі додада қола жүлдеге қол жеткізудің өзі де тамаша көрсеткіш емес пе?! Оған қоса, сайыс барысында Рыпакованың қарсыластарының нағыз спорттық бабында екені көрініп-ақ тұрды. Әсіресе, Катерин Ибаргуэннің тәжірибесінің толысып, шеберлігінің ширыққан шағы екен бұл. Жарысты бақылап отырған белгілі шетелдік сарапшылардың бірі айтқандай, қазірде колумбиялықтың алдын ораса, тек ер спортшылар ғана орай алады. Маманның бұл пікірмен келіспеуге амалымыз жоқ.

Ольга осы Олимпиадада да олжа салды

Қалай болғанда да, осымен үшінші Олимпиадаға қатысып отырған өскемендік жеңіл атлеттің бұл жетістігіне баршамыз бөрігімізді аспанға атып, бір қуанып қалдық. Таң атпай үйлеріндегі көгілдір экранға телміріп, Оля қыздарына сәттілік тілеп, тақымын қысып отырған жерлестерінің қолдауын спортшының өзі де айқын сезініпті.

Ольга осы Олимпиадада да олжа салды

– Жарыс өте қиын болды. Сайыс алдында қатты қобалжығанымды жасырмаймын. Дегенмен, мен үшін бәрі сәтті аяқталды деуге негіз бар. Бар күш-жігерімді салып, жүлделі орынға іліктім. Мен үшін бұл қола жүлде бұрынғы жеңістерімнен еш кем емес. Себебі, Лондон Олимпиадасынан кейін мен ана атанып, спорттан біраз уақытқа қол үзген едім. Бір сөзбен айтқанда, бәрін жаңадан бастауға тура келді. Сондықтан болар, бұл жүлде мен үшін ерекше ыстық. Маған қолдау көрсеткен жерлестеріме ризашылығымды білдіріп, басымды иемін, – деді сайыстан кейін берген сұхбатында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Иә, өзі қатысқан үш Олимпиаданың екеуінде олжа салып, тағы біреуінде төртінші орынға табан тіреген (2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында үш қарғып секіруден финалдық кезеңде 15 метр 11 сантиметр ұзындықты бағындырып, Азия рекордын жаңартқан ) Ольганың ерлігі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.

Тақырыпқа тұздық

Людмила Алекссева, Ольганың туған сіңлісі:

– Үйде екеуміз өстік. Әкеміз – жеңіл атлетикадан балаларды жаттықтыратын. Бастапқыда Ольганы үйде жалғыз қалдырмау үшін өзімен бірге жаттығу залына ертіп апарып жүрді. Ольганы жаттығып жатқан балалардың арасына қосып қоятын. Ол алғашқыда осылайша көпшілікпен бірге жүгіріп, секіріп жүрді. Ата-анамыз 9 жасында жүйелі түрде айналысуға жеңіл атлетикаға берді. Ол өз қатарластарының арасынан суырылып шықты. Осылайша 15 жасынан бастап кәсіби түрде шұғылдануға ден қойды. 2007 жылдардың шамасында жеңіл атлетиканың осы түріне бет бұрды.

Рыпаковадан бөлек бұл күндері тағы екі жеңіл атлетіміз жарыс жолына шығып, іріктеу сындарына қатысқан болатын. Олар – 400 метр қашықтыққа жүгіруден жазғы ойындар жолдамасын жеңіп алған Элина Михина мен Анастасия Кудинова. Өкінішке қарай, қос спортшы да финалдық сынға өте алмады. Алғашқысы аталған қашықтықты 53,83 секундта бағындырып, мәре сызығын алтыншы болып кессе, Анастасия Кудринова 56,03 секунд көрсеткішімен өз тобында соңғы болып келді.
Бұған қоса, дәл осы күні батутқа секіруден де іріктеу сындары өткен-ді. Еліміздің атынан шыққан Пирмаммад Алиев 105,890 ұпай жинап, жарысқа қатысқан 16 спортшының арасында 12-ші орынға тұрақтады.
Тағы бір жерлесіміз, грек-рим күресінен 59 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Алмат Кебіспаевтың да нәтижесі көңіл қуантарлықтай деп айта алмаймыз. Алғашқы кездесуінде ресейлік балуанды жеңген ол келесі белдесуінде жапондық Шинобу Отадан айласын асыра алмай, жеңілісін мойындауға мәжбүр болды. Ал үшінші орын үшін күресуге мүмкіндік беретін алғашқы жұбаныш белдесуде Алмат 2012 жылға Лондон Олимпиадасының чемпионы ирандық Хамид Сорианды жеңіп кетті. Дегенмен, одан кейін отандасымыз норвегиялық Стиг Андре Бергеден 2:0 есебімен жеңіліп, Олимпиада ойындарының медалінен құр қалды.
Олимпиада шаршы алаңында сынға түсіп жатқан жеті боксшымыздың біреуі жарысты аяқтады. Атап айтсақ, 56 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Қайрат Ералиев өзбек боксшысы Мұратжан Ахмадалиевтен ұпай санымен ұтылып қалды. Жалпы, өзбек боксшылары Рио Олимпиадасында керемет өнер көрсетуде деуге толық негіз бар. Себебі, бұған дейін 49 келіге дейінгі салмақтағы Хасанбай Дусматов ала шапанды ағайындарға 16 жыл күткен алтын медальды сыйлаған болатын. Бұл жігіт ширек финалда біздің Біржан Жақыповтан басым түскен.
Ал 81 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Әділбек Ниязымбетов қатарынан екінші Олимпиадасында медаль алмақ. Маңғыстаулық боксшы ширек финалда әзірбайжандық Тимур Мамадовтан басым түсті. Енді ол британдық боксшымен кездеседі.
Сол сияқты, боксшы қызымыз Дариға Шәкімова да келесі кезеңге жолдама алды. 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Дариға әлемнің екі дүркін чемпионы канадалық Ариан Фортинді жеңді.
Кеше шаршы алаңға Олжас Сәттібаев та (52 келі) шықты. Сондай-ақ, Жәнібек Әлімханұлы ширек финалдық жекпе-жегін өткізсе, Данияр Елеусінов француздық былғары қолғап шебері Сулейман Сиссокомен ақтық сынның жолдамасын сарапқа салды. Ал 91 келідегі Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкомен Олимпиада алтыны үшін таласқа түсті.
Сонымен қатар, кеше зілтемірші Александр Зайчиков пен грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев те жарыс жолына шықты.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button