Қоғам

Ольга мен Элина қоржынға үш алтын салды

Ольга мен Элина қоржынға үш алтын салды


Үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында сәтті өнер көрсетуде.

Қазір жерлесіміздің еншісінде екі алтын медаль бар. Оның біріншісіне Ольга ұзындыққа секіру сайысында қол жеткізген болатын. Айта кетейік, өскемендік жеңіл атлет үшін ұзындыққа секіру негізгі спорт түрі саналмаса да, бұл күнгі бәсекеде ол айқын басымдықпен жеңіске жетті. Тіптен, алты мүмкіндігінің кейбірін пайдаланған да жоқ. Нәтижесінде, 6,43 метрге секірген Рыпакова вьетнамдық Тхи Тху Тао Буи (көрсеткіші 6,36 метр) мен үндістандық Неена Варакилды (6,04 метр) артқа тастап, чемпион атанды.

Ал күні кеше өскемендік спортшы тағы бір медальға ие болды. Үш қарғып секіру сайысында қарсылас шақ келтірмеген Ольга Азия ойындарындағы екінші алтынын қанжығаға байлады. Жерлесіміздің үздік көрсеткіші 14,32 метр болды. Бір айта кетерлігі, бұл жарыста тағы бір отандасымыз Мария Овчинникова күміс медаль еншіледі. Марияның көрсеткіші – 13,21 метр. Үшінші орынды қытайлық спортшы Тан Кичжао жеңіп алды.

Жалпы, қазақстандық жеңіл атлеттер Ашхабадтағы додада табысты өнер көрсетуде. Әсіресе, шығысқазақстандық саңлақтардың жетістіктерін атап өтпеске болмайды. Ольга Рыпаковадан бөлек қыздар арасындағы 400 метрге жүгіру сайысында сынға түскен Элина Михина да алтын медаль тақты. Вьетнамдық және тайландтық қарсыластарын артқа тастаған Элинаның көрсеткіші 53,37 секундты құрады.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button