Қоғам

Қолдау көрсеткен демеушілерге дән риза

Қолдау көрсеткен демеушілерге дән риза


Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафты мұражай-қорық күн сайын кемелденіп келеді. Әсіресе, 120 гектарға созылып жатқан Солжағалау кешенінің көркі көз тартарлық. Жақында мұражай-қорық ұжымының ұйымдастыруымен «Меценаттарға рахмет!» атты демеушілерді марапаттау рәсімі өтті.
Шара барысында «Жастар» саябағы, Солжағалау кешені сияқты демалыс орындарының ашылуына себепкер болған меценаттардың аттары мұражай-қорықтың Алтын кітабына енгізіліп, оларға арнайы дипломдар табысталды. Мұражай-қорықтың директоры Николай Зайцев мәдени орынның тарихына, оның өркендеуіндегі меценаттардың рөліне тоқталды. Сонымен қатар, мұражай-қорықта Өскемен қаласының 300 жылдығына арналған «Ескі қала» жобасын жүзеге асырып, қазақ әйелдері әшекейлерінің бірегей коллекциясының альбомын жарыққа шығару мақсатында меценаттар көмегінің әлі де қажет екенін атап өтті.

Мұражай-қорықтың құрылыс материалдарын алуға, кітап пен альбомдарды бастыруға және хайуанаттар бағына Евгения Юсупова («Альянс» ЖШС), Игорь Эскеров («Оралэнерготүстімет» ЖШС), Игорь Рукавицын («Бал-ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы), Надежда Малютина («Альянс» ЖШС), Ольга Феоктистова («Техкомплект» ЖШС), Илья Батов («Өскемен май зауыты» ЖШС), Қасымбек Қызықпаев («Энергоқұрылыссервис» ЖШС) сияқты жанашыр жандар көмек қолын созды. Сондай-ақ, Анатолий Балушкин («БИПЭК АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы) мұражай-қорыққа 360 мың теңге бөлді. Ол қаражат құрылыс материалдары мен 30 тонна металл құбырларын алуға арналды. Ал Денис Веселков («СпецСнабУК» ЖШС) құрылыс пен ағаш материалдары және бояу тауарларына 580 мың теңге бдөлді.

Кездесуге келген меценаттар мұражай-қорықтың директорымен бірге Солжағалау кешенінің керемет аллеялары мен қайталанбас экспозицияларын аралап, мәдени орынның дамуына берілген қаражаттың орынды жұмсалып жатқанына куә болды.

Мұражай-қорыққа 280 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен жеке кәсіпкер Владимир Мельник журналистердің «Мұражай-қорыққа не үшін демеушілік көрсеттіңіз?» деген сұрағына:
– Адамдардың көпшілігі өзі өмірден өткен соң артында не қалдыратыны жайында ойланады. Өз балаларымызға, немерелерімізге, қалаға осынау ғажайып Солжағалау саябағын неге қалдырмасқа, оның одан әрі гүлденуіне неге көмектеспеске?! – деді.

Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафты мұражай-қорықтың Алтын кітабына жыл сайын өндіріс жетекшілерінің есімдерімен қатар, қарапайым қала тұрғындарының да аттары енуде. Мысалы, Өскеменде жарты ғасырдан артық уақыт ғұмыр кешіп, көп жылдар бойы тоқыма ательесінде еңбек еткен Карима Шевченко мұражай-қорық қорын ХІХ ғасырдың соңынан ХХ ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген татар әйелдерінің суреттері мен бағалы маталардан тігіліп, сирек кездесетін маржандармен әсемделген ұлттық киімдермен тегін толықтырды.

Демеушілік көмек «Жібек жолы», көрмелік Үлкен және Кіші павильондар, Балалар қалашығы, Ботаникалық бақша жобаларын жүзеге асырып, әскери кешеннің әрлеу жұмыстарын аяқтауға, сондай-ақ, «Жастар» мен «Жамбыл» саябақтарының, этнографиялық ауыл және хайуанаттар бағының гүлденуіне мүмкіндік берді. Бір сүйінерлігі, мұражай-қорық директорының орынбасары Гүлсімшат Жүнісованың айтуынша, демеушілердің басым көпшілігі көрсеткен қаржылай көмектерін әйгімелеуін өтінетін көрінеді.

Жансая Қамбар

Осы айдарда

Back to top button