Руханият

Қолдауға ие көпбалалы аналар қол қусырып отырған жоқ

               Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында адами капиталды дамыту, сонымен қатар ана мен баланы қорғаудың маңыздылығына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы ұсынған шаралар елдегі отбасылық-демографиялық ахуалды жақсартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осы орайда өңірдегі көпбалалы аналардың хал-жағдайы қалай, қандай жағдайда бала тәрбиелеп отыр, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдаудың түрлі тетіктері қолданылады. Өңіріміздегі көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы жұмыстар аймақ басшысы Даниал Ахметовтің ерекше назарында.

– Кез келген отбасының өміріндегі ерекше оқиға –  баланың дүниеге келуі, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев. – Бала туғанда мемлекет біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төлейді. Бірден үш балаға дейін –  38 айлық есептік көрсеткіш (105 564 теңге), төртінші және одан көп балаға – 63 айлық есептік көрсеткіш (175 014 теңге).

Сонымен қатар бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындалады. Бірінші балаға –  5,76 айлық есептік көрсеткіш (16 002 теңге), екінші балаға –  6,81 айлық есептік көрсеткіш (18 919 теңге), үшінші балаға –  5,85 айлық есептік көрсеткіш (21 808 теңге), төртінші және одан көп балаға – 8,9 айлық есептік көрсеткіш (24 725 теңге).

Алтын құрсақты аналар

Қазір облыста «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған 13 754 көпбалалы ана тұрады. Оларға ай сайын 6,40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 17 780 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, биылғы бірінші қаңтардан бастап төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар әр балаға төрт айлық есептік көрсеткіш (11 112 теңге) мөлшерінде ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.  Мәселен, 4-16 балаға – 44 448 теңгеден 177 792 теңгеге дейін алады. Облыс бойынша бұл жәрдемақыны 13 713 көпбалалы отбасы алып отыр.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы»  Заңның 11-бабының 2-тармағына сәйкес бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнеткерлікке шығуға құқылы.

Сонымен қатар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар көлік құралдарына салынатын және жер салығын төлеуден, төлқұжат және жеке куәлік беруге мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған.

Жыл сайын 8 наурыз күніне орай облыстық бюджет қаражатынан «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және 1, 2 дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы аналарға бес айлық есептік көрсеткіш (13 255 теңге) мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі.

Баспанамен қамтылды

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында облыс әкімінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы өкімімен өңірдегі барлық  қала-аудандарда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мәселелері бойынша қалалық және аудандық қоғамдық комиссиялар құрылды. Комиссия мүшелерінің  80 пайызын көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың  өкілдері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері құраса, қалған 20 пайызы жергілікті мемлекеттік органдардың басшыларымен ұсынылған. Бұл комиссияларды қалалар мен аудандардың әкімдері басқарады.

Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. Мәселен, 2019 жылы 523 көпбалалы отбасы баспаналы болса, ағымдағы жылы 271 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылды. Жылдың соңына дейін тағы 766 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді меншікке сатып алу кезінде ипотекалық несиенің қолжетімділігін арттыру мақсатында бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын ұсыну арқылы несие берудің жеңілдетілген тетігі енгізілді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру аясында биыл облыстық бюджеттен аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сертификаттарына 88 миллион теңге бөлінген. Атап айтсақ, Өскемен қаласында –  50 миллион теңге, Семей қаласында –  25 миллион теңге, Тарбағатай ауданында – 13 миллион теңге.

Қалалық және аудандық мәслихаттардың шешімімен тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатының мөлшері мен тізбесі анықталды, сертификат мөлшері бір миллион теңге көлемінде белгіленген.

Биыл мұндай сертификаттар халықтың әлеуметтік осал топтарының үш санатына – мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға, толық емес және көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз және өтеусіз негізде әлеуметтік көмек түрінде берілді.

Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Әл-Фараби көшесінен үш бөлмелі жаңа пәтер алған көпбалалы ана Гауһар Ермекова алғашқы жарнаға деп тұрғын үй сертификатын берген облыс әкімі Даниал Ахметовке ризашылығын білдірді.

Бұдан бөлек жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 9 709 отбасына тағайындалған. Оның ішінде 3 379-ы көпбалалы отбасы болса, 6 330-ы аз қамтылған отбасылар.

Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік және гигиеналық жиынтықтан тұратын кепілдендірілген әлеуметтік пакет 8498 отбасындағы 11 582 балаға төленді.

                                      «Балық берме, қармақ бер»

Сала басшысының айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар арасында кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Осы жылдың жеті айында аталған бағдарлама бойынша  3 млрд. теңгенің 606 шағын несиесі беріліпті. Оның ішінде 96 несие көпбалалы отбасыларға 378 млн. теңге сомасында берілген. Салыстыра кетсек, былтыр мұндай несиені 73 көпбалалы отбасы алған.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша биыл 664 миллион теңгенің 1194 гранты  қарастырылған. Қазірге дейін  527 миллион теңгенің 951 гранты берілді. Оның ішінде 349 грант көпбалалы отбасыларға, 149 грант аз қамтылған отбасыларға берілген.

– 1993 жылдан бері осы өңірде тұрамын. Осында тұрмысқа шықтым. Сырым, Тимур, Томирис деген үш балам бар, – дейді Гүлжамал Бершімбекова. – Жоғары оқу орнынан қазақ тілі пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықсам да, негізінен сауда саласында еңбек еттім. Төрт жыл бұрын жол апатына ұшырап, ота жасатқаннан кейін оң аяғыма зақым келді. Жұмыссыз, ешқандай табыссыз қалғандықтан әлеуметтік қорғау мекемесінен көмек сұрадым.

Былтырдан бастап Гүлжамал Бершімбекованың отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Балалары мектеп формасымен, сабаққа қажетті оқу құралдарымен және тегін тамақпен қамтылды. Биыл бұл отбасына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қолдауымен материалдық көмек те көрсетілді. Гүлжамал жұмыспен қамту орталығына «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-бизнес» жобасы бойынша онлайн оқып, соның нәтижесінде жуықта 555 600 теңгенің қайтарымсыз грантын алды. Бизнес-жоспары бойынша тырнақ әрлеу шебері болып, өзінің шағын студиясын ашпақ.

Осындай қайтарымсыз грантқа ие болған тарбағатайлық көпбалалы ана Арна Наурызова Жаңа Согра кентіндегі «Ел-Еңбек» сауда үйінде «Айзере» шеберханасын ашты. Берілген грант қаражатына  тігін машиналары мен шеберханаға қажетті басқа да құрал-жабдықтарды сатып алған. Өзі жұмысқа қабылдаған көпбалалы аналарға тиімді жұмыс кестесін белгілеп, олар атқарылған жұмыс көлеміне қарай жалақысын алып отыр.      Шеберхана тігіншілері негізінен ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген құрақ көрпе, жастық, перде, төсек жапқыш  сияқты қыз жасауын тігеді. Бағасы қолжетімді болғандықтан, тапсырыс берушілер де көп.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button