ТОП

Қолданылған маскілер қоқыста неге жатыр?

Еуропада тұрғындар маска, қолғап, шприц сынды пайдаланған медицина құрал-жабдықтарының бәрін дәріханаға өткізеді. Қазақстанда ондай қалдықтардың әр жерде шашылып жатқанын көруге болады. Ал эпидемиология талабы бойынша, мұндай заттар қоқыс жәшіктерінің өзіне ашық күйі тасталмауы керек. Жеке пакетке оралып, аузы тығыз жабылуға тиіс, себебі түрлі аурудың тарайтын қайнар көзі – қоқыс.

Ендеше коронавирус әлемді жайлаған бұл шақта қарапайым халық неге пайдаланған маскасын ашық тастайды? Оларға басқа таңдау қалдырмай отырған кім? Аудан, қала басшылары неге Экология кодексіне қайшы іс-әрекет етіп келеді?

Жуықта Өскемендегі қоқыс полигонына бардық. Қалада қанша пәтер, қанша жұмыс орны болса, соның бәрінің бықсығы төгілетін күресін, міне, осы. Алып жатқан аумағы үлкен бір ауылмен тең. Алып техникалар аударған жүк бір-бір төбе болып үйіліп түсіп жатыр. Ал бұл жердің өзі, жалпы алғанда, қоқыстан тұрғызылған тау секілді.

Біз жеткенде қатар келген үш «КамАЗ» пакет-пакет қапталған қоқысты ақтарып төге салды да қозғалып кетті. Одан будақ-будақ қою шаң көтерілді. Сол маңда жүрген бес-алты ересек адам мен екі-үш бала (балалардың жасы шамамен, 12-15-те/ ештеңеге де қарамай, қалдықты қопаруға білек сыбана кірісті. Жалаңқол жүргендері бейнебір ағын суға қарсы малтығандай қолдарын құлаштап-құлаштап сермейді. Ал айыр темір, аша ағаш ұстағандардың қимыл-қозғалысы шабындықта шөп шөмелеп жүргендей елес береді. Бұл адамдар кейбір қаптың аузын асықпай ашып, ішін түгел ақтарып қарап шығады. Үйіндіні шынжыртабан трактор ары таман күреп, жайып тастаған соң да әлгі адамдар жұмысын қайтадан жалғастырады. Олармен бірге қоқыс бетінде топ-топ қарға, топ-топ кептер ұшып-қонады.

Күресінге ең жақын Лесхоз ауданының тұрғындарының пікірінше, қоқыс полигоны – нағыз халыққа вирус тарататын жер.

– Қала көшесіндегі жәшіктерге пайдаланылған маска, қолғаптар ашық тасталады. Сол ашық күйінде мына полигонға төгіледі. Ал ол қоқысты құстармен қосылып адамдар ақтарады. Қоқыс тасушы компанияның қызметкерлері де қаншама жерді аралап шығады. Оларға вирус жұқпағанына кім кепіл? – деп, көкейіндегі алаңын жеткізді Дүйсен есімді қала тұрғыны.

Қалалықтардың айтуынша, полигондағы адамдар қоқыстан пластик бөтелке мен темір-терсек тереді. Жиған-тергенін белгісіз жүк көліктері келіп сатып алып кетеді. Мұндағының барлығы бомж емес. Отбасымен түгел осында жүріп табыс табатындар да бар.

«Бұл адамдар да автобуспен жүреді, дүкенге барады, мына «Лесхоздың» халқымен араласады», – дейді алаңдаған жұрт.

Қала тұрғындары «аялдамалардағы түрлі-түсті урналар сән үшін ғана қойылғандай» дейді.

– Аялдамадағы түрлі-түсті қоқыс жәшіктері сән үшін ғана тұрғандай. Ал тұрғын үйлердің ауласындағы контейнердің барлығы дерлік асып-төгіліп жатады. Кейбірінің жанында – жайма базар, қызған сауда. Сонда мына қоқыста бей-берекет жатқан маска мен қолғаптардағы» вирус, бактериялар адамға жұқпайды деп ойлайсыз ба? Жұғады ғой. Оларды іріктеп, көзін неге жоймайды? – дейді тағы бір қала тұрғыны Гүлманат Исанова.

 Өскемен аялдамаларына 2018 жылы шыны, қағаз, пластик және басқа да қалдықтарды тастау үшін төрт түрлі қоқыс жәшігі қойылған болатын. Сол кезде қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руфат Акрамов «Қалада әзірге бір ғана күресін бар, дегенмен қоқысты сұрыптауды бастап отырмыз. Қағаздар макулатураға, пластик бөтелкелер қайта өңдеуге өткізілмек. Тұрмыс қалдықтарын төгетін жаңа полигон ашып, оның алдына қайта өңдейтін мекеме де салмақпыз», – деген болатын.

Алайда ол айтқан жаңа қоқыс полигоны арада екі жыл өткенде де ашылмады. 1957 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан полигонға 63 жыл болды. Облыстағы ең үлкен күресіннің биыл пайдалану мерзімі де аяқталады. Ресми мәліметке сүйенсек, онда күніне шамамен 160 тоннадан астам қоқыс төгіледі.

Аталмыш бөлімнің баспасөз хатшысы Владимир Землянскийдің айтуынша, үй ауласындағы және аялдамадағы жәшіктерде жатқан медицина маскасы мен қолғаптар басқалармен бірге сол ортақ полигонға шығарылады. Қоқысты сұрыптауға мүмкіндік жоқ.

Айта кетейік, автобус тосқан халық ең көп тұратын «Спорт сарайы» аялдамасындағы қоқыс жәшіктерінде бір реттік маскалар жатқанын көзіміз көрді.

Ашық тастамау керек

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ақпаратынша, денсаулық сақтау ұйымдарында қолданылған жеке қорғаныш құралдары «Б» санатындағы қауіпті қалдық ретінде арнайы белгіленген қоқысқа тасталуға тиіс. COVID-19 жұқтырған немесе жұқтырған болуы мүмкін деген күдікті адам қолданған қорғаныш заттары төтенше эпидемиологиялық қауіпті қалдық ретінде («В» санаты) залалсыздандырылып, жойылуы керек. Ал қарапайым тұрғындар пайдаланған маска мен резеңке қолғаптар жеке пакетке салынып, аузы тығыз жабылуы керек. Сосын барып қоқыс жәшігіне салуға болады.

Мәселен, жанында инфекция бөлімі бар облыстық мамандандырылған медицина орталығы арнайы қоқыс тасушы ұйыммен келісімшарт жасасқан. Бұл ұйым медицина қалдықтарын арнайы әдіспен өртеп жояды.

Ал медицина саласынан бөлек мекемелер қолданылған маска, антисептиктерді өртемейді, жоғарыда аталған полигонға шығарады. Төрт мыңға жуық адам қызмет ететін «Казцинк» компаниясының Өскемендегі филиалында да дәл солай. «Кәсіпорынның амбулатория орталығын есептемегенде, пайдаланған антисептик, маскалары қаланың күресініне апарылады», – деп жауап берді олар редакция сұрағына.

 «Ешбір басшы орындап отырған жоқ»

Біз эколог және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерімен тілдесіп көрдік.

– Жәшіктерге пайдаланған маскасын пакетпен қаптамай, ашық күйінде тастаған қарапайым халыққа ешқандай шара қолдана алмаймыз. Құқық қорғау органы емеспіз. Бұл жерде басты мәселе әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне байланысты болса керек. Ал медицина ұйымдары мен өзге мекемелерге қатаң қадағалау жүргізіп тұрамыз, – деді аталмыш департаменттің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.

– Мұқым республикада қоқысқа іріктеу-сұрыптау жоқ. Күресіндер дайын емес. Сондықтан қарапайым халық арнайы қабылдайтын орын болмаған соң, бәрін бір контейнерге сала береді. Шетелде пластик, қағаз сынды әр затты бөлек-бөлек үй ішінде сұрыптап, ақшаға өткізіп тұрады. Экология кодексінің 301-бабында қоқыс полигонына тастауға болмайтын заттар тізімі көрсетілген. Олар: қағаз, пластмасса, электр жабдықтары, медицина мен ветеринария саласының жұқпалы болып саналатын қалдықтары деп жалғаса береді. Бірақ мұны ешбір қала, ешбір ауданның басшысы орындап отырған жоқ. Шағын ғана ауылдан бастап, үлкен шаһарларды тегіс қарап шығыңыз, осы аталған заттың бәрі бүтіндей полигонға төгіліп жатыр.

Тағы бір айтарым, қолында билігі барлардың бар бітірген шаруасы – аталмыш бапты жыл өткен сайын «күшіне енді» деп қабылдау. Болды. Ал іске асырмайды. Осылай проблеманы бір жылдан бір жылға созып қана келе жатыр олар, – деді эколог Дәулет Асанов.

Әйтпесе…

Қазір барлық адам өз иммунитетін көтерудің жолына көшті. Бірі қымыз, ет, бал тұтынса, екіншісі әртүрлі өсімдіктерді пайдаланып көруде. Себебі індет халық ішіне кең тарап кетті. Вирус жұқтырғандар және жұқтырғандармен байланыста болғандар саны күн сайын артуда. Сонымен қатар өзінің науқастанғанын білмейтін адамдар да көшеде жүр. Әлеуметтік желі қолданушылары да «ыстығым көтеріліп басылды, бойымнан әлсіздікті сезінемін» деп айтып, жазып жатыр. Сөйте тұра қолданылған маска, қолғаптар әлі де болса көшелерде ашық жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай заттар бактериялар мен вирустарды сақтап қалады.

Бізбен тілдескен тұлғалардың пікірінше, тұрғындарға әуелі қоқыс түрлерін бөлек-бөлек өткізетіндей таңдау беру керек. Сосын барып талап қою керек.

«Әйтпесе жаһанды жайлаған індетті одан сайын өршітіп алуымыз кәдік. Қайта өңдеу болмаған соң, вирустар мен бактериялар бықсықпен бірге көбейе береді».

«Әйтпесе Өскемен полигонындағы адамдардың қоқысқа малшынып жүргені – жүрген.

Тасқын Болатұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button