ҚОЛДА КҮРЕК ЕМЕС, ПЛАНШЕТ БОЛАДЫ

Екі мыңыншы жылдары алғаш ұялы телефондар шыға бастағанда байланыстың бұл түрі арқылы бара-бара инстаграмм, «ватсап», бәрі де әрқайсымыздың ажырамас серігімізге айналатынын білдік пе? Енді сол ғылым мен ғаламтордың, сандық технологияның толып жатқан бүгінгі жетістіктерін ауылға-ауыл шаруашылығына бағыттаудың маңыздылығы артып отыр. Себебі, әлемдік тәжірибе ауыл шаруашылығы саласын, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту ғылымда, ақылды технологиялардың қолында екенін көрсетіп отыр. Ұлтарақтай жерін ұтымды пайдаланып отырған дамыған елдердің бәрі де ауыл шаруашылығының табысына осынау озық технологиялардың арқасында жетіп жатыр.
АҚЫЛДЫ ТЕХНОЛОГИЯ АЛҒА БАСТЫРАДЫ

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мамандары «ІТ технологияларды нақты жер өңдеуде қолдану» жобасы аясында шетел фермерлері, шетел шаруашылықтары онсыз егін егіп, өнім өндірмеген ақылды технологияларды ауыл шаруашылығымызға кеңінен енгізуді көздеп отыр. Оқу орны мамандары майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы мен Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінің егіс алқаптарында жасап жатқан тәжірибелік сынақтар арқылы фермер планшетін: шаруашылық алқабының электронды картасы, ауыспалы егіс алқабы, ауа райы, топырақтың жағдайы туралы ақпараттар, ғарыштық түсірілім, егін шаруашылығына аса қажет басқа да мәліметтері түгелдей көрсетілген біртұтас ақпараттар жиынтығы бар бағдарлама құрастыруда. ШҚМТУ-да «Нақты жер өңдеу» жобасы бойынша оқып жатқан бакалавриаттар мен магистранттардың алды келер жылдан бастап облыс қожалықтары мен шаруашылықтарында айтылып отырған осындай ақылды технологиялармен жұмыс істемек.
АҚШ, Канада, Бразилия және Аустралия секілді елдердің ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі өзгерткен мұндай мүмкіндікті игеру үшін алдымен шаруашылықтың техникалары GPS навигаторлар жүйесіне қосылған, электронды жүйемен жұмыс істейтін заманауи болуы қажет. Ол үшін шаруа қожалықтар мобильді қосымшалар, жоғары технологиялы датчиктер, алгоритмдер, спутниктік бақылау сияқты технологияларды кеңінен қолданысқа енгізіп, мамандары үздіксіз білім алып, ілімін жетілдіріп отыруы тиіс. Былтырдан бастап ШҚМТУ-да жаңа «Нақты жер өңдеу» технологиясы мамандығын меңгеріп жатқан 30 болашақ маман осындай жаңа техникалармен ақпараттық, спутниктік технологияларды ауыл шаруашылығы саласында қолдану жолымен жоғары сапалы ауылшаруашылық өнімдерін алуды үйрену үстінде. Жоба жетекшісі Маржан Рахымбердина «Нақты жер өңдеу» бағдарламасы ең әуелі GPS агроөндірістік кешенінің тиімділігін арттыруға, жанар-жағармайға, тыңайтқышқа және суаруға кететін шығындарды азайтуға септігін тигізетінін айтады. Жобаның тиімділігін арттыра түсу мақсатында университет төрт-бес жылдан бері Ақмола облысының Шортанды кентіндегі Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Үш мың гектар егістігі бар, білікті ғылыми қызметкерлері бар зерттеу институты жобаны сынақтан өткізіп, жетілдіруге көп септігін тигізіп келеді. Оқу орны фермер планшетіне қажетті ақпараттарды агрохимиялық талдау зертханасының, оқу орнының қарамағындағы жаңа құрылғылармен жабдықталған «Leica» спутниктік стансасының, пилотсыз ұшу аппараттары кешенінің, көп функционалды метеорологиялық кешеннің көмегімен алады.
-Оқу орнының автоматтандырылған сынама алу аппараты бірнеше күн бұрын ғана Саратовкадағы колледж алқабынан топырақ сынамасын алды. Компьютерлік жүйемен жабдықталған құрал топырақ қабатынан 30 см тереңдікте сынама алып, барлық мәліметті планшетке беріп отырады. Бұл жүйемен күніне 2,5 мың гектар жердің топырақ сынамасын талдап, зерттеуге болады. Бұл өте жоғары көрсеткіш, -дейді университеттің «VERITAS» озық техникаларды дамыту орталығына сатылып алынып жатқан құрал-жабдықтардың бәрі соңғы буынның қатарындағы өнімдер екенін атап айтқан Маржан Рахымбердина.
МЫҚТЫ МАМАН, ЖАҢА ТЕХНИКА, ЖАҚСЫ ЖАҒДАЙ ҚАЖЕТ

Бүгінгі заманның жетістігі-цифрландыру жүйесі аймақта автоматтандырылған тауарлы-сүт фермаларын құруға жол ашса, электронды планшеті бар шаруашылықтар заманауи геоақпараттық жүйелер арқылы топырақтың құнарлылығын бақылап, агротехникалық ережелерді ұтымды үйлестірудің нәтижесінде жоғары өнім жинамақ. Мысалы, егіс науқаны кезінде техникаға орнатылған навигациялық жабдық арқылы арнайы қабылдағыш ғарыштық байланыспен жүргізушіге ескерту жасап, тыңайтқышты тек қажетті жерге себуге, бос аралықтарды қалдырмауға, осылайша, тыңайтқышты, уақытты, жанармайды үнемдеуге көмектеседі. Бүгінде әлемде азық-түлік өндіру жөнінен 2-орындағы Бразилия егістіктің жағдайы туралы ақпараттарды беруге қабілетті аппаратар арқылы шығынды 90 пайызға қысқартқан. Өнімділікке жеткізетін ауыл шаруашылығы платформасын жасайтын агростартап құрудан АҚШ, Қытай, Үндістан, Канада, Израиль елдері де белсенді болып отыр.
Агросекторға ғылыммен қатар цифрлы технологияны және IT-ді тиімді қолдану қажеттігі туып отырған қазіргі шақта Ауыл шаруашылығы министрлігі еңбек өнімділігін арттырудың төрт бағытын бекітті. Соның бірі, ШҚМТУ мамандары жүзеге асырып жатқан жобадағыдай-заманауи технологиялар негізінде нақты жер өңдеу. Алқаптардың электронды карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар және датчиктер, ғарыш мониторингі, қазіргі күні шығып жатқан басқа да технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, дәлме-дәл егіншілік элементтерін құру аясында агроқұрылымдарда нақты технологияларды енгізудің экономикалық моделін әзірлеу, оны субсидиялаудың жаңа жүйесін енгізуді жоспарлау, қанатқақты шаруашылықтарды анықтап, фермерлерді ауылшаруашылық университеттерімен, ғылыми-зерттеу институттарымен және ауыл шаруашылығын цифрландыру, технологиялар әзірлеумен айналысатын әлемдік компаниялармен бірлесе оқыту. Алдағы уақытта егін, мал шаруашылығына субсидия беруде озық технологияларды пайдаланушыларға басымдық беріледі.
ШҚМТУ-дың «Нақты жер өңдеу» жобасы аясында биылдан бастап ауыл кәсіпкерлері жаңа технологиялармен танысып, олармен жұмыс істеуге үйреніп те жатыр.
– Сәуірде ауыл шаруашылығы ІТ технологияларын меңгеру бойынша орталыққа 24 фермерді шақырып, семинар өткіздік. Шаруашылық өкілдері университет маңында ұшу аппараттарын аспанға ұшырып, жер картасын өздері анықтап, түсірді. Алдағы уақытта фермерлерге тағы да осындай семинарлар өткіземіз. Орталықтың агрохимиялық зертханасында топырақтың құрамына барлық талдаулар жүргізіледі. Соның нәтижесінде шаруа шаруашылық жеріне қандай минералды тыңайтқыш қажет, қай жері зақымданған, қай жері құнарлы деген сияқты өнім түсімін арттыруға қажетті барлық мәліметтерге қол жеткізеді. Шаруашылықтар бүгінгідей бүкіл алқапқа тыңайтқыш сеуіп шығынданбайды немесе тозған жерді текке пайдаланып, тұқымды зая кетірмейді, -деген «VERITAS» озық техникаларды дамыту орталығының жетекшісі Наталья Куленова ауылдағы егін шаруашылығына ғана емес, қаладағы зертханаға да маман тапшы болып тұрғанын жеткізді. Жерге, тыңайтқышқа, тұқымға түрлі көрсеткіштер бойынша нақты, сапалы талдау жасап бере алатын білікті лаборанттар жоқ. Табылғаны мардымсыз, 100 мың теңгенің жалақысына жұмыс істеуден бас тартқан екен.
Жуықта ғана Парламент тыңдауында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин елімізде ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу қажеттігі аса өзекті мәселеге айналып отырғанын айтты. Елдегі ет, сүт өңдеу зауыттарында ет пен сүт 30 пайыз көлемінде ғана өңделіп жатыр. Ал Ресей мен Беларусь елінде мұндай зауыттардың жүктемесі 80 пайызға жеткен. Соның салдарынан көрші елдің сүт өнімдері отандық нарықты басып алды. Ал мал ауруы, ветеринарлық мәселелер болса көбеймесе, азаяр емес. Ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан несиенің 96 пайызы ірі шаруашылықтарға, төрт пайызы ғана шағын шаруашылықтарға беріліп жатыр. Ауыл кәсіпкерлері шаруашылықты жаңаша жүргізуге үйрене алмауда. Тізе берсе ауыл шаруашылығында, ауылда шешілмей тұрған мәселе көп.
Міне, биыл елімізде болашағы бар ауылдарды дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру басталды. Оған мемлекеттік бюджеттен 2019-2021 жылдарға 90 млрд. теңге бөлу, оның ішінде осы жылға 30 млрд. теңге қарастырылып отыр. Осы жоба бойынша біздің облыста бірнеше ірі, маңызды деген ауылдар тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту шаралары жүргізілмек. Даму және әлеуметтік әлеуетін талдау негізінде алдағы жылы жобалар іске асырылатын ауылдық мекендерге іріктеу жүргізіледі. Әрбір жоба және елді мекендер бойынша көзделген мақсаттарға жету үшін, аудандарда «Жол картасы» әзірленіп жатыр. Жоба шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктері мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықтың жайлы өмір сүруін қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттер шешімін таппақ. Ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жабдықталмай отыруы, егін, мал шаруашылығына білікті маманның жоқтығы бәрі де тұрмысы ауыл шаруашылығымен біте қайнасқан ауылдықтардың өміріндегі өзекті мәселе. Сондықтан жаңа жобадан олардың қалыс қалмауы тиіс.
Жанаргүл Мұқатай