Олар жемқорлықты жек көреді

Облыста 655 мектеп болса, соның басым бөлігінде «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылған. Оған мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қолдау танытқан. Қазан мен қарашада өңірдің аудан орталықтары мен қалаларында өткізілген жергілікті клубтардың слеті Өскеменде түйінделді.
– Еріктілер клубының құрылғандағы мақсаты сол, балалар мен жасөспірімдердің жемқорлыққа қарсы патриоттық сезімін ояту, болашаққа адал мамандарды тәрбиелеу. Әр мектепте клубтың, шамамен, 10-15-тей мүшесі жұмыс істейді. Олар оқу орындарында достарына адал жолмен жүруді насихаттайды. Бүгінгі слет жастардың жұмысының қорытындысы іспетті, – деді облыстық білім басқармасы тұлғаны адамгершілік-рухани дамыту және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Жанар Ислямова.
Өскемендегі оқушылар шығармашылық сарайында өткен бұл байқаудың нәтижесінде үздік эссе жазған оқушылар және үздік бейнеролик пен театрландырылған қойылым даярлаған клубтар марапатталды.
«Үздік қойылым» аталымы жеңімпаздарының бірі – №20 мектептің тобы. Қойылымды ертегіге негіздеп дайындаған екен.
Баяғыда қарапайым ғана еңбегімен күнін көрген шаруа қоян өмір сүріпті. Ол елдің аю патшасына адал қызмет етіп, оған бал жиып беріп жүреді екен. Өтеуіне көжектерін асырауға жететіндей сәбіз алады. Алайда күндердің бір күнінде қоянға сәбіздері толық жетпей қалады. Жартысынан да аз мөлшер тиеді. Қатты қапаланған қоян патшаға хат жазып жібереді. Бірақ патшаның қызметшілері хатты аюға жеткізбейді. Себебі, қоянға тиесілі сәбізді жарты жолда сол қызметшілер бөлісіп алған болатын. Патшадан жауап ала алмаған қоян, оның алдына өз аяғымен баруды ұйғарады. Қызметшілері мен қорғаушыларынан әрең дегенде сытылып шығып, патшаға шағымын айтады қоян. Сол жерде бар ақиқатқа көзі жеткен патша қызметшілерін қатаң жазалап, қоянның адал еңбегін өтеп береді.
Тағылымды қойылым «осылайша шаруа қоян мұратына жетіпті» деп аяқталады.
Тасқын Болатұлы