Қоғам

Олар мүмкіндігі шектеусіз жандарға айналды

Олар мүмкіндігі шектеусіз жандарға айналдыӨмір-өзен

Мен бүгін оқырман қауымға тағдырдың салған сынағына сынбаған, керісінше, жұртқа үлгі болып жүрген кембағал жандар туралы әңгімелеп бергім келеді.

Қазақтың жыр-дастанын дәріптеп жүр

Солардың ішінде есімі Семей шаһарына ғана емес, елімізге танымал Дүйсенғазы Нығыметжанов ағамыздың орны бір бөлек. 1949 жылы Тарбағатай ауданы Қарғыба ауылында өмірге келген Дүйсенғазы ағамыз жігіт шағында мүгедектікке ұшырайды. Малға екпе салып жүргенінде, абайсызда екі көзінен сиыр мүйізімен қағып жіберіп, қос жанарынан бірдей айырылып қалады. Жалғанның жарық дидарын көру бақытынан айырылған жас жігіт өнерді өзіне серік етеді.
Бұл күнде ақын, айтыскер, жыршы, термеші ретінде Дүйсенғазы ағаның атағы алысқа жайылған. Облыс бойынша жалғыз жыршы да сол кісі. Аудио кітаптардан жыр-дастандарды бірден жаттап алып, қасиетті қара домбырамен нақышына келтіріп орындағанда, ешкімге дес бермейді. Ағамыз небір республикалық, облыстық байқауларға қатысып, сол байқаулардың бәрінен дерлік жүлдемен оралып жүр.
Бүгінде ол зағиптар орталығындағы «Шамшырақ» атты клубтың жыршы-термешілер үйірмесін басқарып, жастарға қазақтың төрт жүз елуден астам жыр-дастанын дәріптеп отыр. Сол жауһар жырлардың жарнамасының жоқтығы, насихатының аздығы да жыршы ағамызды қатты қынжылтады.

Төл өнер деп тер төккен

Тағы бір аға буын өкілі – он саусағынан өнер тамған Абылайхан Асылбай ағамыз.
1963 жылы Зайсан ауданы, Айнабұлақ совхозына қарасты Жаңатұрмыс ауылында өмірге келген Абылайхан аға 1997 жылы құрылыста жұмыс істеп жүрген кезінде краннан құлап, белін сындырып алып, үш жыл төсек тартып жатады. Қайсар ағамыз «еш қимылсыз төсек тартып жата берген жарамас, мүгедек болып қалдым деп жанұяға, туысқандар мен қоршаған ортаға масыл болып жата бермей, тіршілік жасау керек», – деп ұйғарып, қазағымыздың киелі зергерлік өнерін қолға алады. 2000-жылы қолөнер шебері Дәркенбай Шоқпарұлымен танысып, осынау өнердің қыр-сырын жетік меңгереді.

Абылайханның қолынан шыққан батырлардың кіреуке сауыты, найза, қалқан, шоқпар, айбалта, семсер секілді қазақтың бес қаруы мен құдағи жүзік, құдағи блезік, тағы да басқа тұрмыстық бұйымдар көрген жанның көзін сүйсінтеді.

Абылайхан Асылбай сан мәрте республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқаулардың жүлделерін қанжығасына байлаған. 2011 жылы «Самғау» атты байқаудың бас жүлдесіне ие болса, 2012 жылы кембағал жандар арасында ұйымдастырылған «Жаншуақ» атты байқауда бірінші орын алады. 2012 жылы республикалық «Шебер» байқауына қатысқан кезінде Германия, Америка, Ресей мемлекеттерінің делегация өкілдері ағамыздың қолынан шыққан туындыларын сатып алып тұрып, өз елдерінде жұмыс істеуге де шақырыпты.

Абылайхан Асылбай ағамыз қазақтың төл өнерін дамытуды жан-тәнімен қалайды. Қазіргі жасап отырған туындыларынан да көркем, көздің жауын алатын ғажап бұйымдар жасауды армандайды. Алайда, ағамыздың қиялының шарықтап, өнерінің өріс алуына қуықтай ғана тар шеберханасы бөгет болуда. Мұнда мүгедек арбасында отырып, қалаған жағына еркін бұрылуы өте қиын. Сол себептен ағамыз бөлек ғимаратта орналасқан кең шеберханасының болғанын қалайды. Тағы бір айта кететін мәселе, бұйымдардың сапалы әрі әдемі шығуы үшін қазіргі заманауи техникалардың жетіспеуі де ағамыздың өнеріне кедергі келтіреді. Ағамыз бөтелке қалдықтары мен консерві қалбырларын да қажетке жаратып, небір дүние жасап отыр.
Осы бір өнерімді жалғастыратын ізбасарым болса, – деп те армандайды ағамыз.

Мен өмірді сүйемін!

Енді еліміздің өзге өңірінде тұратын, әр салада еңбек ететін кембағал жандар жайында сөз қозғасам деймін. Солардың бірі – Ардақ Отарбаев.
1981 жылы Ақмола облысы, Астрахань ауданы, Жамбыл ауылында өмір есігін ашқан Ардақ 1998 жылы мектепті бітіріп, 1999-2001 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын Зайсандағы Майқапшағай шекаралық бекетінде өтейді. 2002-2006 жылдары Астанада тұрып, еңбек етті. 2006 жылдың қыркүйек айында Гүлсім деген аруға үйленбекші болып жүргенінде аяқ астынан көлік апатына ұшырайды. Еліміздің бас қаласында Ардаққа бірнеше рет, тіпті, Новосібір қаласында да ота жасалады. 2006 жылдың желтоқсан айында Гүлсіммен отау құрып, 2007 жылдың сәуір айында Ерасыл атты перзенті өмірге келеді. Өмірдің қиын сәттерін жұбайы екеуі бірге өткізеді. Десе де, Ардақ жарының мойнына масыл болуды намыс көріп, жұмыс іздей бастайды. Үйде отырып, телефон арқылы оператор жұмысын да атқарып, сақтандыру агенті болып та жұмыс істейді. Сосын өзі біраз қаражат жинап, достары да азын-аулақ ақша жинап беріп, темір тұлпар сатып алып, таксист болып жұмыс істейді.
Кейін Ардақты Дина Ерділдинова «Дос» атты қоғамдық бірлестікке бірге жұмыс істеуге шақырады.
Ал 2012 жылы Ардақ халыққа қызмет көрсету орталығына қызметке тұрады. 2013 жылы «Қазақстан» телеарнасы Ардаққа «Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі болу үшін кастингтен өтуге ұсыныс жасайды. Жолы болып, кастингтен өтіп, жарты жыл бойы бағдарламаны жүргізеді. Ал биылдан бастап ол әлеуметтік жаңалықтар бөліміне ауысады. Сонымен қатар, Ардақ үстел теннисімен, бимен де шұғылданады.
Ол өмірінің жақсы арнаға бұрылғанына шексіз қуанышты.

«Әркім өз тағдырының батыры және қоғам үшін әрбір жан қолынан келгенше қызмет етуі керек», – деп санайды ол.
Ал бүгінде жастар саясатымен айналысып жүрген жас шенеунік Арнұр Ысқақов 1985 жылы өмір есігін ашқан. 2008 жылы Арнұр Қарағандыдан достарымен бірге көлікпен келе жатып, Есілдің ерке өзеніне шомылмақшы болады.

Сол кезде суға батып бара жатқан аруды көрген Арнұр оны құтқармақ болып суға секірген кезде мойын омыртқасын зақымдап алады. Сөйтсе де, ол әлгі қызды құтқарып қалады. Ал небәрі 22 жастағы қылшылдаған жігіт 1-і топтағы мүгедекке айналады. Ата-анасының барынша демеуінің арқасында ол тағдырдың сынына төтеп беріп, өмір-өзеннің ағынына қарсы жүзе біледі. Бүгінде Арнұр Ысқақов «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының жастар мәслихатының депутаты. Ол қоғамда шешімін таппай жүрген мүгедектер мәселесін, жастар проблемасын шешуде айтарлықтай ұсыныстар жасап, шешімдер қабылдауда белсенді түрде ат салысып келеді.
«Мен өмірді сүйемін!», – дейді Арнұр.

Тағы бір кейіпкеріміз – құрақ көрпешелер мен көрпелер, оюлы жастықтар мен кілемдер тігіп, ерекше өнерімен өрге жүзген алматылық Жеңісгүл Дәулетова.
Қазақтың нағыз ару қызы мектепті бітірген соң, өнер академиясына түсіп, театр саңлағы болуды армандаған екен. Бірақ ойламаған жерден өмірі күрт өзгереді. 2002 жылдың мамыр айында 17 жасқа толып, 10-шы сыныпты бітірген жылдың жазында келеңсіз оқиғаға тап болады. Жеңісгүл үй шаруасынан соң, дүкенге бармақшы болып далаға шығады. Далада сол сәт жел соғып тұрады. Қорадағы біраз малға қарап жүрген інісін «киініп кел» деп үйге жіберген кезде, аяқ астынан жаңбыр жауып кетеді. Көршісінің тракторы мен тіркегіші болыпты. Інісі жаңбыр басылғанша, деп сол тіркегішті ықтай тұруды жөн санайды. Қолында қолшатыры бар Жеңісгүл де жаңбыр басылғанша інісінің қасында отыра тұруды ұйғарады. Алайда, трактордың тіркегіші тұрған орнынан қозғалып кетіп, қыз аяғын басып қалады. Төрт жігіт Жеңісгүлді тіркегіштің астынан әзер шығарып алады. Ауруханада омыртқасына екі ота жасалғанымен, аяғы ештеңені сезбейді. Сегіз ай бойы төсек тартып жатқан Жеңісгүлге 11-ші сыныпты үйден оқуға тура келеді. Алладан үмітін үзбеген анасының күні-түні қызына қарап, массаж жасап, күтім жасауының арқасында Жеңісгүл екі балдақпен болса да, жүріп-тұра алатын халге жетеді.
Өткен жылы ғана Жеңісгүл есепшілік мамандығы бойынша қолына дипломын алыпты. Жүрегінде қазағымыздың ұлттық іс тігу өнеріне қызығушылығы оянып, сол өнерді әжесінен үйреніп алады. Басында үйдегілеріне арнап тіккенімен, кейіннен көршілері де тапсырыс бере бастаған екен. Уақыт өте келе оның қолынан шыққан ұлттық өнер бұйымдарына сұраныс көптеп түсе бастаған көрінеді. Ол ғаламтордағы өзінің жеке парақшасында өз қолымен тіккен көздің жауын алатын бұйымдарының суреттерін жариялапты.

Шетелдегілер де Жеңісгүлдің бұйымдарын сыйлық ретінде сатып алады екен. Жеңісгүл Қазақстандағы құрақ көрпе тігумен айналысушыларды біріктіретін қауымдастықтың мүшесі. Өткен жылы Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда өткен көрмеде «Менің Алматым» атты туындысы келушілердің ыстық ықыласыне ие болып, арнайы сертификатқа ие болыпты. Тіпті, Жеңісгүлдің бұл еңбегін бір шетелдік 150 000 теңгеге сатып алмақшы да болыпты. Алайда, алғашқы тырнақалды туындысы болғандықтан, оны Жеңісгүл сатуға қимаған.

Қасиетті өнердің арқасында зор құрметке бөленген Жеңісгүл жаратқан Тәңірі мен әжесіне күніне сан мәрте алғыс айтады.
Міне, мен мүмкіндігі шектеулі бес жан туралы баяндадым. Олар бойларына қуат жинап, қайтадан бой көтерді. Өмірдің жаңа парағын ашып, әркім қолынан келген іспен айналысып, қоғамға қажет екендерін дәлелдеп, мүмкіндігі шектеусіз жандарға айналды. Олардың қай-қайсысы да еліміздің игілігі үшін еңбек етуде.

Нұркен Бектасов,
Шәкерім атындағы мемлекеттік университеттің
студенті, 1-ші топтағы мүгедек
Семей.

Осы айдарда

Back to top button