Олар еліміздің еркін болуын армандады
Қазақ жастарының КСРО-ның озбыр саясатына ашық қарсы шығып, ұлт намысы үшін бастарын бәйгеге байлаған Желтоқсан оқиғасына биыл – 30 жыл. Сол қанды қырғынның бел ортасында болған қазақтың қайсар қызы Жанна Дәулетшина бүгінде Ақсуат орта мектебінде дәріс беріп жүр. Бойында қарапайымдылық пен ибалық басым, көрген сайын күлімдеп иіліп сәлем беріп тұратын Жаннаны талай кездесулерде көрген едім. Енді міне, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті. Шалғайдағы Ақсуаттан алып шаһар- Алматыға арман қуып, білім іздеп барған Жаннаның жоғары оқу орнына түсуге бір ғана балы жетпей қалады.
– Осыдан кейін мен Алматының Ю.Гагарин атындағы тігін фабрикасына тігінші болып жұмысқа орналастым. Мұнда да мен сияқты жер-жерден келген замандастарым көп екен. Әлі есімде, сол жылы Алматыда желтоқсанның орта шені ызғарлы болды, 16-сы күні құрбыларыммен бірінші ауысымдағы жұмысқа жиналдық. Аялдамада жарнамалар діңгектеріне, ағаштарға ілініп тұрған листовкаларды көрдік. «Қазақтар бүгін жұмысқа шықпаңдар!»-деген жазуды оқып үлгердім. Фабрикаға кешігіңкіреп келдік. Өзгелер жұмысқа кірісіп кетіпті. Біз де жұмыс орнымызға жайғастық. Бірақ көп уақыт өтпей қазақ жастарын кәсіпорын басшылары шақырды.
Ә дегеннен бізге: «Жұмысқа әдейі кешігіп келдіңдер, сендер алаңға барған жоқсыңдар ма?» – деп тарпа бас салды. Еш жерде болмағанымызды айтып әрең құтылдық. Жұмыс кезегі аяқталысымен құрбымыз екеуміз алаңға бардық. Көргеніміз жантүршіктірерлік еді. Кәдімгі майдан көзге елестейді.
Есік-терезерлері қиратылған автобустар, аударылған машиналар… Алаңның екінші жағында қолдарына ұрандар ұстаған жастар «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұр. Қас қарая алаң ортасына алау жағылғанда, қаруланған қалың әскер лап берді. Қолдарында резеңке сойыл, сапер күректері бар. Жазалаушылар бірден-ақ жастарды аяусыз соққының астына алды. Бірақ қарусыз жастар сонда да қайтпады. Тек, алаңға жарық түсіп, су шашылғанда ғана шегінді. Жан сауғалап құрбымыз екеуміз алаңдағы қалың шыршаны паналадық. Әлден уақытта иісшіл иттермен арнайы қаруланған жасақтар тауып алып, екеумізді аяусыз сабап жатқанда, бағымызға қарай алдымыздан қазақ солдаты шығып, ендігісін өзім жайғаймын, – деп бізді былай алып шығып «қашыңдар» деп, жол сілтеп жіберді. Ертесінде жұмысқа ҰҚК-нің адамы келіп, құрбымыз екеумізді тергеудің астына алды. Сөйтсек, сол кездегі ақ үйдің үстінен түсірілген суретте мен де бар екенмін. Әйтеуір, сол фабрикада қызмет ететін бір туысымның арқасында қашып құтылып ауылға келсем, осындағы тыңшылар да жылмиып алдымнан шықты.
Күні-түні сұрайтыны: «Алаңға неге бардың?» Мені «халық жауы» ретінде қабылдады. Ата-анамның, ауылдастарымның алдында бетке қарап сөз сөйлеуден қалдым. Ақыры амалым таусылып, жақын ауылда бой тасалап, сондағы мектепте пионер вожатый болдым. Осы оқиғадан кейін жеті жыл бойы түнде түсімнен шошып оянып жүрдім, ұйқысыз түндер өткіздім.
Қайсар қыз өз дегеніне жетті. Семейдегі жоғары оқу орнында сыртай оқып, өзі жасында қалаған мамандығы – әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Қазір Ақсуат орта мектебінде жемісті еңбек етіп жүр. 25 жыл бойы бұл оқиға жайында жан адамға шешіліп әңгіме айтпаған. Бәрі де көрген қорқынышты түстей. Тек, жүректегі сызат әлі жазылмаған.
– Біз, желтоқсаншылар, біреудің бұйрығын орындаған жоқпыз, өз еліміздің еркін болуын армандадық. Төгілген қан, өзекті өртеген өксікті күндер ұлт тарихында өшпес із қалдырған оқиға болды. Сол Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын әлі де ұрпақтың санасына жете сіңіре алмай келеміз. Желтоқсан жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтін, үлкен тағылым аларлық мектеп болуы керек, – дейді төрт баланың анасы, алты немеренің апасы атанған Жанна Дәулетшина.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.