Қола да бұйырмады

«Алтай» волейболшылары тағы жүлдесіз қалды. Қытайдың Тяньцзинь қаласында аяқталған клубтық Азия чемпионатында ел намысын қорғаған өскемендік клуб төртінші жыл қатарынан төртінші орынды місе тұтты.
Жерлестеріміз алдымен құрлықтық доданың жартылай финалында Тайландтың «Суприм» командасына ірі есеппен жол берді. Үш-ақ партияға созылған кездесуде тай елінің волейболшылары 25:23, 25:18, 25:15 есебімен жеңіске жетті.
Ал қола жүлдесі үшін кездесуде Қазақстан чемпионы жапондық «Хисамицу Сеяку Спрингс» командасынан ұтылып қалды, есеп 1:3.
Матчты тәп-тәуір бастаған алтайлық арулар алғашқы партияда 30:28 есебімен жеңіске жеткен. Алайда, бұдан кейінге партиялардың барлығы Күншығыс елінен келген волейболшылардың пайдасына аяқталды, 21:25, 19:25, 13:25.
Осылайша, «Алтай» арулары кезекті рет құрлықтық доданың жүлдесінен қағылды. Еске салайық, бұған дейін жерлестеріміз 2016 жылы Филиппиннің Бинян қаласында, сондай-ақ 2017, 2018 жылдары Өскеменде өткен Азия біріншіліктерінде жарысты жүлдеге қолсозым жерде аяқтауға мәжбүр болған.
Ал құрлық мықтысы атағына биыл «Тяньцзинь Бохай Банк» командасы ие болды. Доданың финалында қытайлық волейболшылар 3:1 есебімен соңғы екі Азия чемпионатының жеңімпазы – тайландтық «Супримді» тізе бүктірді.
Нұржан Кенжеұлы