Қол қусырып отыратын кез емес
Облыстағы құрылыс, туризм, денешынықтыру және спорт, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармалары мен Өскемен қаласының әкімдігі Индустрияландыру картасы бойынша талап етіліп отырған міндеттерді өз деңгейінде атқара алмауда. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен аймақтағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму мәселесіне арналған кезекті үйлестіру кеңесінде Индустрияландыру картасына бірде-бір жоба енгізбей отырған бес аудан әкімінің жүйесіз жұмысы да сынға алынды.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың баяндауынша, бүгінгі күні облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 651,8 млрд. теңгенің 53 инвестициялық жобасы еніп отыр.
Биыл сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оларға барлығы 13,5 млрд. теңге қаржы жұмсалмақ. Сонымен үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында Ұлан ауданында «Айтас ШК» ЖШС-нің үй құсы еті мен ірі қара етінен жасалған өнімдер өндірісі, Семейде «Alina Pro» ЖШС-нің жұқа түйіршікті толтырғыштар өндірісін ұлғайтуға арналған зауыт құрылысы, Зырян ауданында «Мелада» ЖШС демалыс үйі базасын салу, Аягөз ауданында «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің вагон қақпақтарын шығаратын өндіріс орны, Өскеменде «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ жанындағы «Посук Титаниум» ЖШС-нің титан құймалары өндірістері іске қосылмақ.
2013 жылдың екінші жартысында Аягөз ауданында «Тасқара» ЖШС-нің «Тасқара» алтын айыру фабрикасы, Семейде «Сәт Транс» индустриялық құрылыс комбинаты мен «Технология камфорта» ЖШС-нің құрылысқа арналған қолғаптар өндірістері жұмысын бастамақ.
Облыс басшысы өзінің бірінші орынбасары Е.Көшербаев пен Ш.Бұқтұғұтовқа Зырян ауданындағы «Мелада» демалыс базасының, Семейдегі «Технология камфорта» сияқты бірқатар маңызды кәсіпорындардың жұмыстарын қолдауды, оларды туристермен, әлеуетті тұтынушылармен қамтуды тапсырды.
Биыл сондай-ақ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қосымша 32 инвестициялық жоба бойынша материал жолданған, оның 17-сін биылдан бастап жүзеге асыра бастау жоспарланған екен.
Алайда, аталған министрлікте аймақтың Индустрияландыру картасына осы 17 жобаның 10-ын ғана енгізуге келісім беріліп, бекітіліпті. 32 жобаның қалған 15-і Үдемелі индустриялық даму бағдарламасының мақсаттарына сәйкес келмейді деген уәжбен қайтадан қаралуға жіберілген. Одан басқа жеті жоба өзекті бола тұрғанымен құжаттарының дұрыс жасалмауына, толықтыруларды қажет етуіне байланысты бекітілмеген.
Басқарма басшысы сонымен бірге, салалық басқармалар басшыларының еліміздегі министрліктермен қоян-қолтық жұмыс істеп, жасаған жобаларын бекітуге құлықсыз болып отырғандарын айтты. Дайындалған құжаттарды министрліктерге жіберумен ғана шектеліп келеді. Аудан әкімдері мен әкімдік мамандары, салалық басқарма басшылары жобаларды республикалық деңгейде іріктеп, бекітуде қатаң талаптар қойылатынын, барлық жобаның салалық министрліктерде алдын ала жан-жақты сараптаудан өтетінін ескермейді. Соның салдарынан жолы болмаған жобалар көбеюде.
– Сіздердің қол қусырып отырғандарыңызға қайран қаламын. Немен айналысып отырғандарыңыз түсініксіз. Әр жобаның өзіндік мәнісі, орны бар. Әр жобаның облыс үшін маңызы айрықша, ол – жаңа жұмыс орны, жаңа өнім, салық көзі… Сол себепті оларды жарты жолда қалдырмай, оңды нәтижесін шығару қажет. Айталық, Өскеменнің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары бола тұра, бар-жоғы екі жоба ғана ұсынып отыр. Өскемен қаласының әкімдігі Индустрияландыру картасын былай қойып, индустрияландыру бағыты бойынша да жұмыс жүргізбей отыр. Энергия үнемдеу қазіргі күннің басты талабына айналып отырғанына қарамастан конденсатор зауытына соңғы инновациялық жаңалықтар енгізілмей, өндірісті қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілмей келеді. Өскемен конденсатор зауытының өндірісті ұлғайтуға байланысты жобасын қайтадан толықтыруға жіберілуі қала әкімдігінің жауапсыздығынан, энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының жұмыс істемей отыруынан. Өскемен қаласы электр қуатын есептегіштерді орнату бойынша елімізде ең соңғы орындардың бірінде тұр. Қала әкімдігі соңғы екі айда индустрияландыру бағытында мүлде жұмыс істеген жоқ, – деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне қайтарылған жобаларды тиісті министрліктермен бірлесе отырып, 1-шілдеге дейін қайтадан толықтыруды тапсырды.
Кеңесте басқармалардың ішінде әсіресе, энергетика және коммуналдық шаруашылық, құрылыс, туризм, денешынықтыру және спорт басқармаларының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне келісілуге жіберілген жобаларды қорғауға байланысты ешқандай жұмыс жүргізбей отырғаны айтылды.
Кері қайтарылып отырған жобалардың бірі – туризмді дамыту бағытындағы жоба. Осы жобаны жүзеге асыруы тиіс туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Дөңбаев үйлестіру кеңесіне де келмепті, орнына басқарма маманын жіберген.
– Селекторлық кеңесті жүргізіп жатырмыз, ал жауапты адамдар орнында жоқ, оның ішінде аудан әкімдері. Сұрақ қойсаң, жағдайды білмейді, аудан әкімін, орынбасарын сұрасаң «білмеймін» дейді. Залда кейбір басқарма басшыларының өздері де жоқ. Олар қайда жүр? Оларға алдын ала хабарландыру жіберіп, тексеру соншалықты қиын ба, бұйрықтарыңыз қалай орындалып жатыр? – деген облыс Әкімі хаттамаға облыс Әкімі аппаратының басшысына өз міндеттерін дұрыс орындамағандығы үшін ескерту енгізуді ұсынды. Селекторлық кеңесте туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы басшысымен қоса Бородулиха, Бесқарағай аудандарының әкімдері де бас көрсетпеді.
Министрліктен қайтарылған жобалардың ішінде ауыл шаруашылығы басқармасының «Шәмшия» ШҚ, «Өрнек» ЖШС, «БӘТУӘ» ЖШС, «Сахновское»ЖШС жобалары, құрылыс басқармасының «Фирма «Азия», туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының «Екі Дос» ЖШС, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ жобалары бар.
Ал облыстың Индустрияландыру картасында Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Катонқарағай аудандарынан әлі бірде-бір жоба енбеген екен.
Индустрияландыру және жаңа технологиялар министрлігіне Индустрияландыру картасын жаңалауға орай жіберілген кезекті жобаларды таңдауға байланысты республикалық үйлестіру кеңесінің келесі отырысы шілде айында өткізілмек. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысына жасалып отырған жобаларды толықтырып, пысықтау тапсырылды.
– 17 жобаның 10-ы ғана мақұлданып отыр. Аудан әкімдіктері мен сала басқармалары Индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларды қазірден бастап қолға алып, дайындаулары тиіс, 1-шілдеге қарсы жобалар тағы да Астанада болуы тиіс. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан қайтарылған басқа жобалар да қайтадан қаралып, олардың экономикамыз үшін өзектілігін арттырудың жолдарын қарастыру қажет. Бірақ өзімізді алдап жасаған құр жобалар қажет емес, – деді кеңес жұмысын қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Осы шілде айының 1–5 аралығында Астанада индустриялық жобалардың тұсаукесеріне арналған Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін телекөпірде көрсетілетін инвестициялық жобаларды да анықтап, дайындауымыз қажет.
Алдын ала жоспарланып отырғандай, телекөпірде Ұлан ауданындағы, «Айтас ШК» ЖШС (негізгі жоба ретінде алынып отыр) мен шараға қатыстырылатын қосымша жоба ретінде белгіленген Семейдегі «Аlina pro» ЖШС мен Өскемендегі «KAZAKHSTAN SOLAR SILICON» ЖШС жобаларының тұсаукесерлері көрсетілмек.