Қол өнер шебері дәріс оқыды

Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, өңірімізге есімі әйгілі қолөнер шебері Абылайхан Асылбаймен «Ұлы дала мұрасы» атты кездесу ұйымдастырылды.

Әйгілі қолөнер шеберімен кездесуге Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжі, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті «Дизайн және бейнелеу» факультетінің студенттері, сонымен қатар аталмыш оқу орнының оқытушылары мен қолөнер шеберлері Сағат Адылханұлы және Құрман Абайұлы да қатысты.
Кездесуде алдымен қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолға алынып жатқан «100 жаңа есім» жобасы туралы жастарға түсіндіру дәрісі оқылып, жобаның нақты мақсаты пысықталды.
– Кеш барысында қаламыздың мүмкіндігі шектеулі азаматтары арасынан есімі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген Абылайхан Қалқаұлының өмір жолы мен осы күнге дейін жеткен жетістіктері жайында біраз мәліметтер берілді, – деді Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің бөлім жетекшісі Лаура Шинжина, – іс-шара барысында Абылайхан жарымжандылықтың өнерге ешқандай кедергі бола алмайтындығын және еңбексүйгіштіктің арқасында түрлі жетістіктерге жетуге болатындығын айтып, шеберлік өнердің қыр-сырымен бөлісті. Сонымен қатар шебер ұсталық өнердің нағыз дәстүрлі үлгілерін жастарға дәріптей отырып, қолда бар шикізат көздерін оңтайлы қолдана білу жолдарын түсіндірді.
Кездесу барысында студент жастар біраз сұрақтар қойып, Абылайхан аға тәрбиелік мәні бар ұтымды жауап қайтарды. Шебердің жеке өмірі мен ұстаханадағы жұмыс барысы жайында біраз мәліметтер, арнайы әзірленген бейнебаян, слайд суреттері көпшілік назарына ұсынылды.
Қолөнер шеберлері Сағат Адылханұлы мен Құрман Абайұлы өздерінің ойларымен бөлісіп, Абылайхан Қалқаұлына игі тілектерін білдірді.
Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі Абылайхан Қалқаұлына «Қазақстанның бейнелеу өнері» атты каталог кітабын сыйға тартты.
Раушан Нұғманбекова
Семей.